С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде ғарышкер, Халық қаһарманы Айдын Айымбетовтің қатысуымен ерекше іс-шара өтті, деп хабарлайды Jastar janary елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Таза Қазақстан» экологиялық жобасын қолдау мақсатында, ғарышкер оқушылармен бірге мектепте гүл отырғызу рәсіміне қатысты.
Бұл игі шара оқушыларға табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсіндіріп қана қоймай, қоршаған ортаны жақсартуға өз үлестерін қосуға ынталандырды. Айдын Ақанұлы табиғатты сақтау – ғаламшарымызды қорғаудың басты қадамдарының бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар Айдын Айымбетов мектепке өз тарапынан құнды кітаптар тарту етіп, білім ордасына қолдау көрсетті. Бұл сыйлықтар оқушылардың білім алу сапасын арттыруға және шығармашылық әлеуеттерін дамытуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Айдын Айымбетовпен өткен бұл шабытты кездесу жас ұрпақ үшін еселі еңбекке, ғылымға, және табиғатты қорғауға деген шынайы қызығушылық пен ынта сыйлаған ерекше оқиға болды.