Елордалықтар Астана халықаралық әуежайында бокстан Азия чемпионы Айбек Оралбай мен күміс жүлдегер Санжар Тәшкенбайды салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Бокстан 29 қараша-11 желтоқсан аралығында Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар 9 алтын, 5 күміс, 6 қола жеңіп алды. Олардың арасында елордалық Айбек Оралбай мен Санжар Тәшкенбай да бар.
«Көктемде Олимпиадаға дайындық мақсатында Астанада өткен Elorda Cup халықаралық турнирінде алғаш рет +92 келіде өнер көрсеткен едім. Енді, міне, Азия чемпионатында осы салмаққа көтеріліп, топ жардым. Қателіктерімді байқадым. Алдағы уақытта тағы тынбай жаттығып, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында бірінші нөмір екенімді дәлелдеуге тырысамын», – деді ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай.