Басты бет » Жаңалықтар » Азия чемпионаты: Қазақ боксшылары Тайландтан жақсы жетістікпен оралды

Азия чемпионаты: Қазақ боксшылары Тайландтан жақсы жетістікпен оралды

Тайланд елінде өткен Азия чемпионатында Қазақстанның былғары қолғап шеберлері айтарлықтай жақсы нәтижеге қол жеткізді. 

Кеше Чиангмайдағы Азия чемпионатының әйелдер арасындағы финалдық бәсекесі өз мәресіне жеткен болатын.  Дүбірлі додада финалға шыққан бес бірдей қазақстандық ару алтыннан алқа тағып, көк туымызды желбіретті. Олар: Виктория Графеева, Аида Әбікеева, Наталья Богданова, Гүлсая Ержан, Елдана Тәліпова.
Сонымен қатар тағы бес боксшы – Әйгерім Сәттібаева, Жазира Орақбаева, Ұлжан Сәрсенбек, Милана Сафронова, Диана Мағауияева қола жүлде еншіледі.

Қыздар құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді.

Бүгін шаршы алаңға шыққан 9 боксшымыздың 4-і Азия чемпионы атағына қол жеткізді. 5 боксшымыз өзбекстандық қарсыластарына жол беріп, күміс жүлдегер атанды. 
Азия чемпионатында топ жарған Махмұд Сабырхан (54 келіге дейін) мен Бекзат Нұрдәулетов (86 келіге дейін), Сағындық Тоғамбай (92 келіге дейін), Айбек Оралбай (92 келіден жоғары) чемпион атанды. Ал Санжар Тәшкенбай (48 келіге дейін), Оразбек Асылқұлов (57 келіге дейін), Дулат Бекбауов (67 келіге дейін), Абылайхан Жүсіпов (71 келіге дейін) және Диас Молжігітов (75 келіге дейін) күміс медаль иегерлері атанды. Осылайша, еліміздің ерлер құрамасы 4 алтын, 5 күміс, 1 қола медальмен жалпы командалық есепте 2-орында аяқтады.
Айтулы додағы елімізден барлығы 25 спортшы жарысқа қатысқан болатын.
«Реформа жемісін бере бастады… – деп жазды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында спорт журналисі Аслан Қаженов. – Париж олимпиадасынан кейін отандық бокста үлкен өзгерістер болып жатыр. Бапкерлер құрамы толық ауысты. Шетелден мамандар әкелінді. Төрешілікке қатысты талап күшейіп, ішкі іріктеудің әділ әрі таза өтуіне күш салына бастады. Тайландтағы бүгінгі жетістік соның алғашқы жемісі деуге болады. Әрине, бәрі керемет болып кетті деуден аулақпын. Әлі де проблемалар бар. Десе де, отандық бокс өзіне қажетті бағытты айқындап алған сияқты. Енді осы жолдан таймай, күн өткен сайын қарқынды күшейте беру керек».