Басты бет » Жаңалықтар » БАТАМЕН ӨРБІГЕН ШАҢЫРАҚ

БАТАМЕН ӨРБІГЕН ШАҢЫРАҚ

Жақында Республика күніне орай елордалық жас отбасылар арасында «ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДӘСТҮРЛЕРІ-АЙ!» атты ұлттық-этнографиялық сайыс өтті. «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған байқаудың мақсаты – қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен отбасы құндылықтарын өскелең жас ұрпаққа насихаттап, отбасы бірлігін арттыру болатын. Дәстүрлі сайысқа қатысуға 15-ке жуық отбасы ниет білдіріп, соның ішінде байқау талабына сәйкес 8 отбасы іріктеліп алынды. Үш кезеңнен тұратын бұл байқауда жас отбасылар қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық қолөнер бұйымдарымызды, ұмыт болған ұлттық тағамдарымыз – үлпершек, өрметөс, қарынбүрме, мипалау, балқуырдақ, әсіптің дайындау тәсілдерін көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Байқау нәтижесінде бас жүлдені Ақмола облысы Целиноград ауданы Жаңа Есіл ауылынан қатысқан Мекебай Кәкенұлының отбасы иеленді. Біз бүгңн жеңімпаз отбасы жайлы әңгімелеуді жөн көрдік.

«Әке – асқар тау, ана – қайнар бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» демекші, сыйластығы жарасқан шаңырақта отбасының бәйтерегі Мекебай Кәкенұлы – ақын, жазушы. «Батамен ел көгерер» демекші, Мекебай ата бата да жазады. Немерелеріне бата жаттатып, ұлттық тәрбие беріп, қазақылықтың қаймағын бұзбай, салт-дәстүрді берік ұстанып келеді. Ақсақалдың ұлы Бақытбек пен келіні Назгүл – екеуі де ұстаз, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері. Екі ұл, бір қыз өсіріп отырған көпшілікке үлгілі, қазақы салт-дәстүрмен әдеп-ғұрыпты бойына сіңірген көрегенді отбасының тағылымды өмірі көпке үлгі.

– Біз өз отбасымызды мақтан тұтамыз. Шаңырағымыздың үлкені, атамыз Мекебай Кәкенұлы биыл 76 жасқа толды. Көпті көрген, аузы дуалы, жазушы, кітап жазады. Қазіргі уақытта өзіміздің керей әулетінен тараған шежіре мен тарихты жазып жатыр. Атамыз жас кезінде мәдениет саласында көп жылдар бойы қызмет жасады. Ансамбль, оркестр басқарып сонда басшылық етті. Мен өзім Ақмола облысы Целиноград ауданы Жаңа есіл ауылында мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын. Қазақ тілі пәнінің мұғалімімін. Отбасымызда екі ұлымыз, бір қызымыз бар, жолдасым Назгүл Қызырқызы – Ақмола облысы Целиноград ауданы, қазіргі Ақжар ауылының тумасы. Көпбалалы отбасыда туып-өскен. Ол да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Екеуміз бір мектепте қызмет атқарамыз, – дейді Бақытбек Мекебайұлы.

Бақытбек Мекебайұлы отбасында бала тәрбиесіне баса назар аударады. «Бала – әке-шешенің айнасы». Сондықтан Бақытбек пен Назгүл өздері ұстаз болғандықтан да балаларына білім мен тәрбиені қатар меңгертіп келеді. Баланың өміріндегі ең бірінші ұстазы – оның ата-анасы. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бала ес білгеннен ата-анасына қарап бой түзейді, солардай болуға тырысады. Сондықтан ата-ананың әр ісі балаға үлгі. Балалар әкеден – ақыл, шешеден – мейірім алып өсіп келеді. Бұл шаңырақта әсіресе ұлттық тәрбие басты орында.

Адамның бір қызығы бала демекші, өмірде адам баласы ұрпақ үшін тірлік жасап, ұрпағы үшін қызмет жасап еңбектенеді. Ата-ананың ой-арманы, мақсаты баланы дұрыс тәрбиелеу. Балаларымыз жақсы адам болсын десек, саналы болсын десек, балаларды жасынан қазақы тәрбиемен өсіру керек. Қазақша сөйлеп, қазақша мән-мағыналы ән мен күй үйретіп, ұлттық құндылықтармен құнарландырып өсіру қажет, дейді Мекебай ата.

Мекебай атаның баталарын да ұсынуды жөн көрдік.

Жас жұбайларға бата

Сезімнің пәктігін берсін!
Көңілдің ақтығын берсін!
Жылулы отбастарыңа
Сәбидің шатты үнін берсін!
Пейілдерін тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын.
Шаршап шалдыққандар
Төрлерінде дамылдасын.
Әкелер ізімен
Көлденең келген кеселден сақтасын!

Дау жанжалдан сақтасын!
Достан көңіл қалғаннан сақтасын!
Шайтанның азғыруынан сақтасын!

Елдің жазғыруынан сақтасын!
Асып-тасқаннан сақтасын!
Алшаң басқаннан сақтасын!
Отауларың елге сән болсын!
Өмірлерің бал болсын!
Бибі-Фәтима аналарымыздың аруағы
Өздеріңе жар болсын!

Бата бере білейік ұл балаға!

Жүсіптің дидарын берсін!
Мұхамедтің иманын берсін!
Жаныңа даланың кеңдігін берсін!
Байрақты батыр Жәнібектің ерлігін берсін!
Абылайдың байрағын берсін!

Бауыржанның айбарын берсін!
Еліңе ырыс-құт қонсын!
Жеріңе тыныштық орнасын!
Өсек-аяңның құрбаны болмасын!

Озбырлардың шылғауы болмасын!
Алыс жолдарда, қалың орманда
Тайғанақ құздарда,
Шатқалда мұздарда
Көлденең келер қазадан
Жазықсыз төнген жазадан
Бір Алла өзі сақтасын. Әмин!

Қыз балаға бата

Талдай бой берсін
Сұңғылалы ой берсін
Жаздай жамал берсін
Қардай жанар берсін!
Анаға қуат болсын!
Ағаға шуақ болсын!
Атаға құрақ болсын!
Елінің ары болсын
Басына өнердің бағы консын
Қасында сүйген жарың болсын
Ақ орданың шамы болсын, Әмин!
Әмин!

 «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, Мекебай ата немерелеріне көп көңіл бөліп, олардың күнделікті өмірдегі бір күнінің қалай өткендігі жайлы, сабағы мен тәртібі жайлы хабардар болып отырады, олармен жиі әңгімелеседі.

 Отбасында бала тәрбиесінде біз ең бірінші балалардың қазақша сөйлеуін қадағалаймыз. Сыпайы сөйлеуге, үлкенді сыйлауды үйретеміз. Одан кейін балалардың әрбір әрекетін, көңіл күйін, өмірге деген құлшынысын қадағалап отырамыз. Мен балаларымның оқудан келген соң мектепте қандай жаңалық болғанын, ұстаздардың не үйретіп жатқанын, көңіл күйлері қандай болғанын, балалармен достығы жайлы үнемі сұрап-біліп отырамын. Үнемі бір-бірімізбен кеңесіп, сөйлесіп отырамыз, «үй үшінде тыныш отыруға болмайды, отбасының тәрбиесінде барлығы ашық, айқын сөйлесіп отыру керек» деймін. «Тәрбие тау бесіктен басталады». Сол себепті көбінде балаларға қатысты, балалардың көңіл күйіне байланысты дүниелерді талқылаймыз, кеңесеміз, – дейді Мекебай ата.

 Бақытпен мен Назгүлдің үлкені – Ибраhим Астана қаласындағы Дарын мектеп-лицей интернатының 7-сыныбында, ортаншысы Шәкәрім 5-сыныпта оқиды. Қызы Айбибі балабақшаға барады. Балаларына арнайы тай алып қойғандықтан, екі ұлы бос уақыттарында ата, әкесімен бірге ауылға барып атқа мінеді. Одан бөлек, балалар шахмат, домбыра, күрес үйірмелеріне қатысады.

«Қазақ халқымыз ер баланың тақымы қайтайсын деп ашамайға отырғызғандай, біздің балаларымыз да ат жалын тартып, атқа шапқанды жақсы көреді», – дейді Назгүл.

Үйдің түтінін түзу түтетіп, балаларына жақсы тәлім-тәрбие мен өмірге дұрыс бағдар беріп отырған аяулы ана, сүйікті жар, ибалы келін Назгүл Қызырқызының бала тәрбиесіндегі ұстанымы – қазақылықты сақтау, қазақы дәстүрді ұстану.

– Біздің үлкен үйіміз ауылда, сондықтан балалар ата-әженің қолында өсті. Үлкен кісілердің тәрбиесінде болды. Өзіміз де ауылдық жерден боламыз. Отбасында бала тәрбиесіне өте зор мән береміз. Жолдасым айтқандай, бізде атамыздың рөлі өте зор, немерелеріне әрдайым қазақтың түрлі дәстүрін үйретіп, батасын жаттатып отырды. Сондай-ақ атамыздың өзі жазған батасы өте көп, бос уақытында соларды жаттап, айтады. Атамыз бес уақыт намаз оқығандықтан, дін жағынан да көптеген тәлім-тәрбие беріп отырады. Бабадан балаға мирас болып келе жатқан отбасылық құндылықтарды, соның ішінде үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуді, ата-анамен, ата-енемен қарым-қатынасты әрдайым бірінші орынға қоямыз. Келіннің ибалығы, инабаттылығы ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығы, баланың алдында бір-біріне дөрекі сөйлемеу, үлкендердің алдында қатты сөйлемеу, дауыс көтермеу, бетін қайтармау, бетіне тік қарап сөйлемеу деген секілді ежелден қалыптасқан дәстүрді біз негізгі құндылық деп санаймыз. Сыйластық бар отбасыда бірлік те, береке де болады, – дейді Назгүл Қызырқызы.

01 (101).JPG

«Қазағымның дәстүрлері-ай» сайысына қатысып, 15-ке жуық үміткердің ішінен жеңімпаз атанған Мекебаевтар отбасы, сахна төрінде көпшілікке «Әдепті келін» атты қойылым қойып, қазақ дәстүрін кеңінен білетін, ауызбіршілігі жарасқан үлгілі отбасы екенін дәлелдеді.

– «Қазағымның дәстүрлері-ай» атты үлкен сайыста бас жүлдеге ие болдық. Бұл сайыста қазақтың ұмыт болып бара жатырған әдет-ғұрпы, салт-санасы көрініс тапты. Біз салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, тіліміз бен діліміз ұрпақпен бірге жаңғырып отыруымыз керек. Дәстүріміздің қай-қайсысын да қалыс қалдыруға болмайды. Өз құндылықтарымызды ұмытсақ, қазақ болудан қаламыз. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрге мән берген абзал, – дейді Мекебай ата.

01 (44).JPG

Шаңырақтың шайқалмай, мықты болып қалануына бірден-бір әсер ететін күш, ол – ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығы. Осы қағиданы берік ұстанған жас отбасы бүгінде өнегелі ұрпақ өсіріп, бақуатты тірлік кешуде.

– Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтады ғой «ел болам десең, бесігіңді түзе» деп. Яғни,  отбасы құрып, бала-шағалы болған кезден бастап ерлі-зайыптының ортасында бір-біріне деген сыйластық, құрмет одан әрі нығаюы керек. Өз тәжірибемнен айтатын болсам, үлкен қара шаңырақта ата-енемен бірге тұрудың көп пайдасын көрдім. Үйдегі ұрыс-керістің болмауы, береке-бірліктің артуы сол кісілердің арқасы. Қандай да бір кикілжің орын алған жағдайда үйде үлкен кісілер болғаннан кейін ренішіңді ақылға жеңдіресің. Сондай кезде үлкендердің тәлім-тәрбиесі, батасы көп рөл ойнайды. Сондықтан әр отбасы ерлі-зайыптылар бір-бірін сыйлап, ұрпақ тәрбиесіне көп мән беру керек. Бала – біздің айнамыз, біз қандай әрекет жасасақ, айтқанымызды емес, істегенімізді жасайды. Отбасыны шағын мемлекет дейтін болсақ, сол мемлекеттің басшысы – біздің ер азаматтарымыз. Сол кісілер – қорғанымыз. Жарларымызды құрметтеп, үйге келгенде қабағымызды ашып, жарқын жүзде қарсы алып отырсақ, олардың да бізге деген құрметі артары анық. Балаларымызға да сол тәрбиені беруіміз керек, – дейді.

Осындай қазақылықты дәріптеп, сыйластығы жарасқан, бірлігі мығым, ұлағатты отбасылар көп болса, еліміздің де еңсесі биіктей түсері сөзсіз. Себебі «Отан отбасынан басталады».

 Перизат САПАРОВА,

Jastar janary