Моңғолияның Баян-Өлгей аумағында қазақтың жас талантты қызы тұрады. 4 жасынан өнерге жақын Шахназ Айболатқызы көптеген додаларда топ жарып, көпке танылып жүр. Біз талабы таудай, өнерпаз қандасымызды көпшілікке кеңірек таныстыруды жөн көрдік.
– Алдымен өзіңді кеңірек таныстырып өтсең…
– Мен Баян-Өлгей аймағында туып-өстім. Жалпы білім беретін №1 мектептің 7-сыныбында оқимын. Ал отбасым жайлы айтатын болсам, шаңырағымызда асқар тау әкем, аяулы анам, ағам және інім бар. Үйде үш ағайындымыз. Ағам спортқа жақын, волейбол ойнағанды ұнатады. Көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Ал інім де доп ойнағанға құмар.
– Біз сенің өнерің, өнерде жеткен жетістіктерің жайлы кеңірек білгіміз келеді? Домбырашы әрі биші болуды кішкентайыңнан армандадың ба?
– Менің өнерге деген қызығушылығым балабақшадан басталды. Мен ол кезде 4 жаста едім. Менің өнерімді байқаған №3-балабақшаның музыка ұстазы Зәуре апай, жетекші ұстазым Алтынгүл апайларым мені сайыстарға қатыстыра бастады. Сол кезден бастап өнерге қадам бастым. Сол кезден өнерге жақынмын. Үздік домбырашы болсам деймін.
– Қандай байқау, конкурстарға қатысып марапаттар иелендің?
– Мен «Әнші балапан» конкурсына үзбей қатысып келемін. 2016 жылдан 2024 жылға дейін алдыңғы орындарды иеленіп келе жатырмын. Біздің сыныпта «Тұмар» би тобы, «Аяна» домбыра оркестрі, футболдан команда бар. Біздің «Тұмар» би тобын сынып жетекшіміз Ясымхан Жанар құрған болатын. Ол – біз үшін өте көп еңбек сіңірген жан. «Аяна» домбыра оркестрін Аймангүл ұстазымыз құрды. Қазір 12 бала оркестр құрамындамыз. Сондай-ақ осы жылы «Мамандықтың бәрі жақсы» деген сайысқа қатысып, моңғол биін билеп, алдыңғы орынды иелендім.
– Өнердегі жүрген аға-әпкелерден кімдер ұнайды? Осындай болсам екен деп үлгі алатын, жақсы көретін тұлғаң бар ма?
– Маған қазақстандық әншілер Димаш Құдайбергенов, Мирас Жүгінісовтің әндерін ұнатамын, дауыстары керемет. Олар сияқты болмасам да, солардай болуды армандаймын. Сондай-ақ өнерде жақсы көретін әпкем – Смағұлқызы Ләйлә. Мен домбыра шертетін болғандықтан Аймагүл ұстазыма көп еліктеймін. Сол кісіден үлгі аламын, ұстазымдай өнерлі болғым келеді.
– Өнерден тыс қандай хоббиің бар? Жалпы, бос уақытыңды қалай өткізесің?
– Домбыра шертемін, ән айтамын, би билеймін. Солардың ішінде қатты жақсы көретін өнерім – домбыра шерту. Ал хоббиім – кітап оқу. Кітап оқығанды жақсы көремін. Бос уақытымда анама көмектесемін.
– Отбасың сенің өнерге деген қызығушылығыңа көзқарасы қандай? Сенің өнерге келгеніңді қолдай ма?
– Менің отбасым, ата-анам өнерді қатты бағалайды. Менің өнерімді әрдайым қолдап, демеу беріп отырады. Әсіресе, анам маған үнемі қолдау көрсетеді. Сол үшін де ата-анама рахмет айтамын.
– Болашақта қандай маман иесі болуды армандайсың? Әлде өнер саласына барғың келе ме?
– Мен өскенде аудармашы болып жұмыс істегім келеді, өнерді де қоса алып жүрсем деймін.
– Білуімше, биыл жазда Астана қаласына «Jas Qazaq-2024» жылғы лагерьге келген екенсің. Лагерь қалай өтті? Астана саған ұнады ма?
– Мен барған кезде қатты таңғалдым. Өте керемет сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бізді әртүрлі топқа бөлді, ойындар жүргізілді, сайыстарға да қатыстық. Лагерьде түрлі үйірмелер болды. Солардың барлығы да қызықты әрі көңілді өтті. Астана маған өте керемет ұнады. Бурабай да бізді қызықтырды. Біз ЭКСПО-ға, Бас мешітке, Бәйтерекке бардық. Барлығы ұнады. Біздің атамекеніміз Қазақстанға баруымызға жағдай жасаған, дамуымызға үлкен үлес қосып жүрген жетекші Жанар Ясымхан ұстазымызға және Аймангүл Қабди апайларымызға рахметімді айтамын.
– Шахназ, сөз соңында саған тілерім – қанатың талмасын! Өнерің өрге жүзсін! Сені тек биік белестерден көрейік!
Перизат САПАРОВА