Басты бет » Жаңалықтар » Марғұлан ЖҮНІСБЕК, жас режиссер: МЕКТЕПТЕ ОҚЫП ЖҮРГЕН КЕЗІМНЕН ФИЛЬМДЕР ТҮСІРЕ БАСТАДЫМ

Марғұлан ЖҮНІСБЕК, жас режиссер: МЕКТЕПТЕ ОҚЫП ЖҮРГЕН КЕЗІМНЕН ФИЛЬМДЕР ТҮСІРЕ БАСТАДЫМ

Халықаралық «INFOMATRIX: Asia & Pacific 2017» кинобәйгесiнiң алтын жүлде иегерi жас режиссер, сценарист, оператор Марғұлан ЖҮНІСБЕКтің Американың SHOUTOUT LA журналына берген сұхбатын оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.
Біз Марғұлан Жүнісбекпен әңгімелесу мүмкіндігіне ие болдық және онымен болған сұхбатымызды төменде бөлісіп отырмыз.
– Сәлеметсіз бе, Марғұлан, бізге өз салаңыз туралы, біз білмейтін және осы салада жұмыс істемейтін басқа адамдар біле бермеуі мүмкін нәрселер жайында айтып бересіз бе?
– Лос-Анджелестегі әрбір екінші адам қандай да бір жолмен кино түсіру ісіне қатысты болғандықтан, мұндағы бәсекелестік ең жоғары деңгейде. Сондықтан да түсірілім алаңына шыққанда мен өз мүмкіндігімді толықтай жұмсауға және жинаған тәжірибемді барынша ұтымды пайдалануға тырысамын.
– Жұмысыңыз жайлы сөйлессек? Біздің оқырмандарымызға өзіңіздің өсу жолыңыз туралы толығырақ айтып бере аласыз ба?
– Мен – режиссермін, сценаристпін, оператормын. Қазіргі уақытта Нью-Йорк киноакадемиясында кино магистрі дәрежесін алу үшін Лос-Анджелесте оқып жатырмын.
Мен Астанада (Қазақстан) дүниеге келдім, орта мектепте оқып жүрген кезімде 2016 жылдан бастап фильмдер түсіре бастадым. Кино түсірудің сценарий жазудан кинематографияға дейінгі негіздерін өз бетімше ізденіп, меңгердім. Алғашқы фильмдерімді жұмысыма актер ретінде атсалысқан сыныптастарыммен бірге түсірдім. Әрине, сапасы шамалы болса да, кино түсірудегі тәжірибемнің іргетасы осылайша қаланған болатын. 2017 жылдың сәуірінде Халықаралық INFOMATRIX қысқа метражды фильмдер байқауына қатысып, онда алтын медаль жеңіп алғаным – маған режиссер ретіндегі қабілетіме сенімділік берді. Сол кезде мен фильмдер түсіруді жалғастырғым келетінін түсіндім.
Орта мектепті бітіретін кезде қоштасу кешіне арнайы бейнефильм түсіремін деп шештім. Ол үшін «Ла Ла Ленд» фильміндегі белгілі бір көріністі мектеп қабырғасында қайталап түсіру идеясын негізге алдым. Пікірлестерімді жинап, фильмге қажетті әннің мәтінін жазып шықтық, содан кейін оның вокалдық орындалуын жазып алдым. Осылайша, мектеп бітіруші 30-дан астам сыныптасымды ұйымдастырып, биленетін барлық билерді даярлап алғаннан кейін, осы эпизодтарды дәл түпнұсқа фильмдегідей етіп бір ғана қойылымдық үздіксіз кадрмен түсіріп шықтым. Қазір бұл жұмысым өзіме ортаңқол болып көрінгенімен, сол кезде бұл мен үшін үлкен сынақ болған еді, ал оның нәтижесін өзім әлі де мақтан тұтамын.
Сондай-ақ, 2017 жылы Қазақ ұлттық өнер университетіне «кинорежиссура» мамандығына оқуға түстім. Бірінші курста менің «Мен кіммін?» деп аталатын фильмім «Ұшқын» (Sparkle, 2018) студенттік кинофестивалінде «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды. Бұл ұзақ 5 жылдық дайындық болды, оның барысында мен режиссерлік шеберлігімді шыңдадым. Тобымыздағы курстастарым бір-біріміздің фильмдерімізді түсіруге қатысу арқылы өздерімізге тәжірибе жинақтадық.
Алайда осы уақыт ішінде өзім үшін Голливуд стандарттары бойынша түсірілім алаңы қалай жұмыс істеуі керек екендігі туралы нақты құрылымы бар терең тәжірибе қажет екенін түсіндім. Кейіннен мен өзімнің қызмет саламды түбегейлі өзгерту қажеттігі туралы да ойлай бастадым, өйткені бұдан әрі бұл бағытта нақты перспективаларды көрмедім.
Бір жағынан, мамандығымды өзгертуге деген ұмтылыс маған пайдасын тигізді, өйткені мен ақпараттық технологиялар, бейнеойындар әзірлеу және менеджмент сияқты басқа салаларды зерттей бастадым. Әрине, бұл негізінен үстірт тәжірибе болғанымен, бірнеше дереккөздерден білім ала бастадым және белгілі бір мәселеге әр түрлі көзқарас тұрғысынан қарай бастадым.
Осылайша, басқа да білім бағдарламаларына қатысуым арқылы 2019 жылы Чехияға бардым, онда бір ай бойы чех тілін тегін оқыдым. Негізі, жергілікті университеттерде тегін оқуға мүмкіндік беретін бір жылдық курсты ұтып алуды көздегеніммен, осы бір айдың өзі мені жайлы аймақтан шығарып, басқа елдермен және мәдениеттермен танысуға мүмкіндік берді.
Шамамен осы уақытта өз университетімнің мобильді алмасу бағдарламасына қатысып, соның арқасында Португалияның Universidade Lusófona de Humanidades e Tecnologias (Лиссабон) университетінде оқыдым. Осылайша, техникалық үздік құрал-жабдықпен жарақтандырылған оқу орнында кино өндірісі мен оның өндірістен кейінгі қыр-сырын меңгеруге қосымша мүмкіндік алдым.
Оның үстіне, университетте Халықаралық кинофестиваль (Lisbon & Sintra Film Festival 2019) және кино түсіру, бейне ойындар әзірлеу, музыка сияқты түрлі медиа-секторлар бойынша шеберлік сабақтары (XXII Semana Internacional do Audiovisual e Multimédia 2019; CINE Video Expo Lisbon 2019) өтіп жатқан маусымға тап келгенім – үлкен олжа болды. Бұл сапарым маған Еуропаның бүкіл елдеріне саяхаттау мүмкіндігін айтпағанда, өнерді қалай бағамдау керектігі жөнінен іс жүзіндегі тың көзқарас қалыптастыруыма көмектесті.
2022 жылы бакалавр дәрежесін алдым және бірден Нью-Йорк киноакадемиясындағы MFA бағдарламасына өтініш жібердім. Оның нәтижелері шыққанша бір қарағанда кинематографияға мүлдем қатысы жоқ сияқты болып көрінетін менеджмент саласында жұмыс істей бастадым, алайда мұнда іскерлік қарым-қатынас бойынша тәжірибе жинақтап, дағдыларымды дамыттым. Мұнда жұмыс істей бастағаныма бір ай өткенде мені мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар үшін іс-шаралар өткізу үшін өзге қалаларға іссапарларға жібере бастады. Өстіп жүргенде жылдың соңына қарай өзімнің «Болашақ» мемлекеттік стипендиялық бағдарламасы бойынша Нью-Йорк киноакадемиясына оқуға қабылданғаным туралы қуанышты хабар алдым.
2023 жылдың сәуірінде Лос-Анджелеске келіп, кино түсіру ісін жаңаша меңгере бастадым, мұнда біз кино түсіруге қатысты барлық лауазымдарда тәжірибеден өттік және бұл менің екінші тынысымды ашқаны анық еді. Осы жағдайды түсінгеннен кейін мен өзім меңгере алатын барлық білімді игере бастадым және нақты өндіріс стандарттары бар түсірілім алаңдарына бара бастадым. Маған кинорежиссер ретінде ғана емес, оператор, режиссердің бірінші көмекшісі, продюсер, оператордың бірінші көмекшісі, қоюшы-оператор ретінде түсірілім алаңдарына бару ұнай бастады.
Осында өткізген бір жарым жыл ішінде көптеген жобаларға атсалыстым, сонымен қатар өзімнің «Өмірге рұқсат» (Permission to Live) фильмімнің сценарийін жазып, режиссері және продюсері болдым. Бұл туындым жақында кинофестивальде көрсетілетін болады. Мазмұны – өзін түзеу үшін кейде адамға бір қадам артқа шегінуге берілетін екінші мүмкіндік туралы.
Өзімнің кино түсіру ісінен жинаған азды-көпті 8 жылдық тәжірибеммен қазір АҚШ-та да, Қазақстанда да осы сала бойынша ілгерілей беруді белсенді түрде жалғастыра бергім келеді. Дәл қазір мен MFA бағдарламасы бойынша дипломдық жобамды дайындап жатырмын.
– Егер сізге досыңыз қонаққа келсе, онымен мұндағы қандай көрікті жерлерге барар едіңіз?
– Лос-Анджелес менің екінші үйіме айналып кеткен сияқты, бұл қаланы жақсы көремін. Мен досыма Гриффит обсерваториясын, Голливудтың алып белгісін және Санта-Моника айлақтарын көрсетер едім. Біз сондай-ақ бірер күнге Six Flags-ке барып қайтар едік.
– Даралап көрсету дегеніміз – өзіңіз айрықша құрметке лайық деп санайтын адамдарды ерекше атап өту ғой. Сіз кімдерді айрықша атап өтер едіңіз?
– Отбасым мені қашанда қатты қолдап отырады. Мақсатқа жету жолындағы табандылық – олардың маған үйреткен ең маңызды дағдылардың бірі. «Шешімі жоқ проблема болмайды», сонымен қатар «Батыл түрде армандай біл және сол арманыңды дер кезінде сауатты түрде мақсатқа айналдыра біл» – бұл ата-анамның аузынан ылғи еститін сөздерім. Өмірімнің ең қиын сәттерінде мен бұл сөздерді іштей жиі қайталаймын.