Басты бет » Жаңалықтар » Арайлым ТҰРДАЛЫҚЫЗЫ, балалар психологы: Бала жасық болмасын десек, тәрбие дұрыс берілу керек

Арайлым ТҰРДАЛЫҚЫЗЫ, балалар психологы: Бала жасық болмасын десек, тәрбие дұрыс берілу керек

Бала – бауыр етің, баға жетпес байлығымыз. Бала тәрбиесіне аса ыждағаттылықпен қарау аса маңызды. Қазір психолог мамандар балаға көп көңіл бөлуді, ұрыспай, ұрмай тәрбиелеуді насихаттайды. Осы орайда біз бала тәрбиесіне қатысты сауалдарымызды психолог Арайлым Таргирқуловаға қойып, жауап алған едік.

– Арайлым Тұрдалықызы, ата-ана балаға күнделікті баламен қалай сөйлесу керек?

– Қазіргі кездегі балалар өте сезімтал болғандықтан, ата-анасынан көп көңіл бөлуін қажет етеді. Сондықтан ата-ана баланы кем дегенде күніне 1 рет құшақтап, жақсы көретінін айтып отыруы өте маңызды, бала сол арқылы өзін жақсы көретін жандардың жылуын сезініп өседі.
Одан бөлек, баламен бала тілінде сөйлесу керек, себебі біз ересек күйде оның сезімдерін, қалауларын түсінбей жатамыз, сондықтан да балаға жылы сөйлеген абзал. 1-5 жас аралығындағы балалар айналадағы адамдарды эмоциясына қарап қабылдайды, сіз ашулы жүзбен жауап бергеніңізді де бала бірден байқайды. Бұл жаста «эмоцияналды интеллект» деңгейі төмен болған соң өзінің де сіздің де сезімдеріңізді толық түсінбейді.

– Ұл мен қызды тәрбиелеудің жолы бір ме? Ұл баланы әкесі, ал қыз баланы шешесі тәрбиелеу бұл қаншалықты дұрыс?

– Ұл мен қыздың тәрбиесінде аса көп айырмашылық жоқ. Балалар 11-12 жасқа келгенде қыз баладағы денедегі өзгерістер, жыныстық жетілу барысында анасының қыз балаға жақын болуы керек, барлығын түсіндіріп сөйлесе алуы керек. Дәл осы жас кезеңі кезінде ұл балаға да әкесімен жақын болғаны дұрыс, ашық сөйлесе алуы үшін де әкесімен қарым-қатынасы маңызды болады. Ал басқа уақытта керісінше қыз бала әкесімен бірге уақыт өткізуі, әкелік махаббатты көріп өсуі қажет. Ұл баланың анасымен жақсы тіл табысқаны жақсы. Жалпы, ұл да, қыз да  әкенің де, шешенің де махаббатын бірдей сезіне алғаны дұрыс.

– Бір үйдің балалары әлдебір нәрсеге таласу, қызғану, өзара араздасу да, араларында кикілжің, төбелестер де болып жатады. Сол кезде ата-ана жағдайды қалай шешуі керек?

– Ата-аналардың қателігі балалардың таласу, қызғану кезінде бір кінәлі баланы іздеуі, сол баланы жазалауы. Ол дұрыс емес. Конфликт кезде екі жақта кінәлі болып жауапкершілікті алуы керек. Аналардың кейбірі дәл осындай кезде баланың іс-әрекетіне емес, жеке басына ауыр сөздер айтып жатады. Тіпті, «енді төбелессеңдер аналарың кетіп қалады, өліп қаламын» деген сияқты өте ауыр сөздерді де қолданып жатады. Ол дұрыс емес баланы аналық махаббатпен қорқытуға болмайды.

Әсіресе көп қызғаныш балаларды ашық түрде салыстыру кезінде пайда болады. «Ағаңды қарашы, ол жақсы оқиды, сен неге оқымайсың?» деп бір баланы көтеріп, екінші баланы төмендету балалардың қызғанышына алып келеді. Ең маңыздысы, менің берер кеңесім, балалардың конфликтіге аз түсуі үшін оларды бөлісе білуге үйрету қажет. Мысалы, өзінің жатын төсегінің бөлек болуы, шкафы, тіпті ойыншықтарды да бөліп берген дұрыс.
Отбасылық ереже орнату: «Ұруға болмайды, бір-біріңнің заттарыңды сұрап алыңдар» деп үйрету керек.

– Бүгінде телефонға телмірген бала көп. Осындай жағдайда ата-ана балаға қаншалықты дұрыс көңіл бөліп, уақыт бөлуі керек?

– Ата-ана балалар өздерін алаңдатпауы үшін, бала тыныш болуы үшін телефонды беріп қояды. Қазір балам телефонға тәуелді болып қалды, соны қалай шығарып алсам болады деген сұрақтар өте көп. Оларға айтарым, телефонмен бәсекелесу керек, балаға телефоннан да қызықты болыңыз, яғни балалармен бірге көп уақыт өткізіңіз дегім келеді. Таза ауада бірге серуендеу, бірге доп ойнау, баланы дамытушы ойындармен ойнату арқылы баланы телефонға деген тәуелділіктен шығаруға болады. Арамызда жұмысбасты ата-аналарды бар оларға айтарым ең болмағанда кешкісін баламен 30 минут сапалы уақыт өткізуге шақырамын. Ата-ана бала үшін үлгі, сол себепті сізде мейілінше үйде аз телефон ұстауға кеңес беремін.

– Бала үздік және өзіне сенімді болуы үшін не істеу керек?

– Бала сенімді болып өсуі үшін алдымен оны қалай бар солай қабылдау өте маңызды. Мейлі балаңыз әлсіз, бұзық, көп сөйлейтін, баяу, үздік немесе нашар оқысын бала қалай бар солай қабылдап, жақсы көру керек.
Иә, ол мектепте үздік оқушы болмауы мүмкін, есесіне спортқа жақын болуы мүмкін. Сіз баланы қабылдап, критика айтпай, дұрыс қарым-қатынас жасап, дөрекілік көрсетпейтін болсаңыз балаңыз өзіне сенімді болып өседі. Бала өзін бағалай алу үшін, сенімді адам болуы үшін ата-ана зор ықпалын тигізеді. Жұрттың балаларымен салыстыру, баладан талап ету, баланы өзін төмен сезінуіне, сенімсіз болуына алып келеді.

– Әлеуметтік желілерде психолог мамандар баланы ұрыспай, ұрмай өсіру керектігі жайлы жиі айтып жүр. Қазіргі балаларды тәртіпке келтіру үшін қандай амал қолданған дұрыс, қалай тәрбиелеу керек?

– Балаға айқайлау, ұру баланы әлсіз, өзіне сенімсіз етіп тәрбиелеуге алып келеді. Бала ұрған кезде ата-анасын емес, өзін жақсы көруді қояды, сондықтан баланы ұруға болмайды. Бірақ ол дегені баланы жазаламау керек дегені емес, баланы денсаулығына, писихикасына зиян тигізбей жазалау керек. Ең маңыздысы, баланы 3 жасқа дейін жазалауға мүлде болмайды.
Ал 3-5 жастағы балаларды бір орында отырғызу арқылы жазалауға болады. Ол жастағы балалар өте тынымсыз болып келеді, оларға бір орында қимылсыз отыру өте қиын.
6-11 жастағы балаларды жақсы көретін затын уақытша алып қою арқылы жазалауға болады немесе физикалық күшіне сай үй жұмыс істету арқылы жазалауға да болады.
12-18 жастағы балалармен ашық сөйлескен жөн, тіпті қателескен жағдайда да онымен бірге ақылдасып, қайталамауы үшін жазаның өзін келісіп алған жөн.
Қай жастағы жаза болса да баламен тілдесу қажет. Бастысы, баланың істеген ісінен қорытынды шығарып, қайталамауға келісу қажет.

– Бүгінде отбасыларда баланы тәрбиелеу барысында қандай қателіктер жіберіліп жатыр?

– Ата-аналардың басым көпшілігі баланың физиологиялық жай-күйіне көп мән береді.
Баламның қарны тоқ, соңғы үлгідегі телефон, қалаған ойыншықтарын алып береді, бала қаласа да, қаламаса да түрлі курстарға жазғызып қояды.

Иә, балаға олардың барлығы керек, бірақ теңдік болуы керек. Баланың психологиялық жай-күйін де ескеру қажет. Бала не сезініп жүр, ол нені қалайды, бүгінгі күні қалай өтті?
Ол шынымен де боксқа барғанды ұната ма? Мүмкін ол боксшы емес, математик болғысы келетін шығар. Ал ата-аналар өздерінің іште жатқан арман-мақсаттарын баланың бойынан көргісі келеді. Мен бола алмадым балам болады деп, баласынан сұрамай, олардың қызығушылығын ескермей, баланың іштей қалауларын өшіріп жатыр.

– Балаға сіздің ақшаңыз емес, уақыт пен көңіл бөлегенің керек. Баласын ұрып, ұрсып, ашуын баласынан алатын аналарда іштей өзін кінәлау айыптау сезімдері болады, мұндай жағдайдан қалай арыламыз?

– Аналарға айтарым, өзіңізді кінәлау, іштей қиналу сізді ары қарайда балаға дұрыс көзқараспен қарауға кедергі келтіреді. Бала сол сезіміңізді біліп тұрады, оны пайдаланады. Сіз сол кінәлі сезімнен арылу үшін балаға тым көп рұқсат беріп жіберуіңіз мүмкін. Балам мені кешірсін, мен жақсы ата-ана боламын деп балаға дәлелдеуге тырысу арқылы қайтадан қиналуыңыз мүмкін. Сондықтан өзіңізді кешіріңіз, сол кезде дұрыс бағытта боласыз. Біз ата-ана болып туылмадық, біз де бала болдық, ата-ана болуды үйреніп жатырмыз, ол жолда әрине қателіктер болады, бастысы – оны түзеу. Одан кейін ата-ана ретінде баланы тым көп мазалауды қойыңыз, өзіңізбен айналысуды бастау қажет. Себебі сіз қанша тырыссаңыз да балаңызды өзіңіздің деңгейіңізге ғана көтере аласыз.
Маған көптеген аналар балаларым мені тыңдамайды деп келеді, себебі бірінші баланы сіз тыңдамайсыз және сіз балаға өте көп сөйлейсіз. Бала анасынан дана және құнды сөздерді ғана естіп өсуі маңызды, соны есте сақтаңыз.

Перизат САПАРОВА