Басты бет » Даналық дәптері » Өн бойы ар-намыстан жаралған

Өн бойы ар-намыстан жаралған

          Ұлттық салт-сананы жаңғыртып, қазақы болмысты сақтап қалуда зор еңбек сіңірген қайтаркерлеріміз тарихымызда аз болған жоқ. Әсіресе дәстүрлі ұлттық фамилияны сақтап қалған ұлт зиялылары Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Кеңес заманында Халық қаһарманы, батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы, сондай-ақ Балғабек Қыдырбекұлы, Шона Смаханұлымен қатар тегін «ұлы» деп жаздырған – қазақтың ұлтжанды азаматы, білікті дипломат Сайлау Батырша-ұлы.

Ол – ел азаттығы үшін күрескен, тәуелсіздікті жақындату жолында сыртқы істер саласында абыройлы еңбек атқарған дипломат, ҚР Дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Қазақ тіліндегі тұңғыш Дипломатия қызметі туралы оқулықтың авторы.
Жыл басында Мұрат Алмасбекұлының авторлығымен С. Батырша-ұлының 75 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты еңбек жарыққа шықты. Аталған кітаптың ең басты құндылығы – дипломаттың тәуелсіздік үшін күрес ұстанымы.
С. Батырша-ұлы қазақ батыры Б. Момышұлының қайсар мінезін, ұлтжандылық қасиетін өзіне үлгі тұтты. Жанында жүріп, ақыл-кеңесін көп тыңдады, пікірлесті, жақын араласты. Біз бүгін оның «Егемен Қазақстан» газетінде батырдың 100 жылдығына орай жарық көрген қаһарман Бауыржан туралы естелігін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 Бауыржан М            Сайлау Б

Қазақ халқының тарихында ба­тыр­­­лық, намыс деген киелі ұғым­дар­дың алар орны ерекше. Әрдайым ел үшін күрескен, отанын қорғаған тұлғалардың арқасында халықтар мен мемлекеттер өркендеген және сақталып келеді. Ержүрек Бауыржан Момышұлы солардың қатарына жатады. Менің Баукеңмен танысуым Орта Азия мемлекеттік универси­те­тінде оқып жүрген студенттік ша­ғым­нан басталды. 1960 жылы Таш­кент педагогикалық институтының үлкен акт залында екі мыңнан астам қазақ жастарымен кездесу өтті. Онда Б. Момышұлы Қазақстанда құрыл­ған, генерал И.В. Панфилов басқар­ған дивизияның Москва үшін шай­қастағы ерлігі туралы айтып берді. Баукең өзі туралы емес, майдандас жау­ынгерлері туралы баяндады. Сту­дент жастар ықыласпен тыңдады. Менің алғашқы алған әсерім – сырт әлпетіне қарағанда ол кісі қатал мінезді, көп сөйлемейтін, ашылмай­тын адам ретінде көрінді. Бірақ уа­қыт өте келе, Алматыда жиі арала­сып, сұхбаттасқаннан кейін ол кісінің өзім деген пікірлес адам­дар­мен, әңгімелесуге тұратын кісі­лер­мен ашық та адал сөйлесетініне көзім жетті.

Кейін мен дипломатиялық қыз­мет бойынша Мәскеуде, шет елдер­де, Францияда, Алжирде ұзақ уақыт болып, Баукеңмен кездесе алмадым. 1971 жылы Алжирдегі Кеңес Ода­ғы­ның елші­лігінде қызмет атқарып, елге оралғанда маған Алматы қала­сының Дос­тық даңғылы (бұ­рынғы Ленин прос­пек­тісі), 30-шы үйден пәтер берілген болатын. Б. Момышұлы да осы үйден пәтер алған екен. Сөйтіп, көрші болып, бір-бірімізбен жиі кездесіп, әңгіме­ле­сіп тұрдық. Осы қарым-қатынасы­мыз Бау­­кең жеңгеміз Жә­­ми­лаға үйленіп, бас­қа пә­терге көшкенде де жал­ғасты. Осы туралы Ж. Ег­­ем­­бердиева «Өмі­рінің өзі дастан» роман-эссесінде былай деп жазады:

«9 мамыр – Жеңіс күні есіктің алдына бір жеңіл ақ машина тұм­сы­ғын тіреп, тоқтай қал­ды. Терезеден «бұл кім екен» деп қарап ем, екі жігіт түсті. Біреуі машинаның арт жағын ашып, ішінен қағаз қапшықтағы затты көтеріп, біздің үйге беттеді. Ес­ікке қоңырау берілді. Ашсам, жа­ңағы екі жігіт арқаланып кіріп келді. Біреуі – әдеміше бидай өңді, орта бойлы, шашы бұйра жігіт, қасын­да­ғысы жас, орта бойлы, аққұбалау жігіт.

– Сәлеметсіз бе? – деді қап­шық­ты дәліздің бұрышына қойып жат­ып. Менімен қол алысып аман­дасты.

– Сәлемет, кәне, төрлетіңдер, – деп Баукең отырған бөлмеге бас­та­дым. Бұйра шаш әдемі жігіт крес­­лода шалқайып темекі тартып отыр­ған Баукеңе екі қолын беріп сә­лем­десті. Қасындағы жігіт те солай істеді…..

Амандық сұрасқаннан кейін Бәукең: – Сайлау, сен елшілік адамысың. Бұл дегенің үлкен адам­гер­шілік ғылымы. Қоғамдық-саяси құрылысы басқа елдің тілін, саяса­тын, дәстүрін игеріп, екі елдің ара­сындағы қайшылықты жымдасты­рып, олардың ынтымағын сақтау, елі­міздің бейбітшілік және гуманис­тік ісін жүзеге асыру, тағысын тағылар парасатты ірі дипломаттардың ғана қолынан келетін «кілтипаны» көп іс. Бүгінгі таңдағы халықаралық жағдай да қылдың үстінде тұрғандай. Сондықтан елші жолдастарға аз жүк артылып тұрған жоқ. Олар барлық мәселелерді шешуге борышты. Мұндай жағдайда үлкен азамат бола білу керек. Қарағым, Сайлау, мен дипломат емеспін, бірақ саясаттан хабарым бар шалмын. Ең әрісі үйіңде де мынау сияқты азулы әйелге де дипломат болмасаң, көжесін тоңқылдап әкеп береді, – деп көзін төңкере маған жымия қарап алды да ойын жалғастырды.

– Сайлау, дипломат болу үшін, біріншіден, табиғи ақыл, екіншіден, сол мамандыққа икемділік, қабілет болу керек және барған ел мен өз еліңнің тарихын, әлеуметтік жағдай­ларын жақсы білу шарт. Үкімет пен партия кім көрінгенді елшілікке жібере бермейді. Саралап жібереді. Елшілік өте жауапты жұмыс. Так что, дипломатия – это большая наука.

Сайлау тырп етпей үнсіз тыңдады.

Баукең екеуі ұзақ сөйлесті…”

Жәмила жеңгеміз Баукең екеу­міздің Ұлы Жеңіс күнгі кездесуімізді осылай сипаттапты.

9 мамыр – Жеңіс күні Баукеңмен ұзақ әңгімелесіп отырғанда, мерекемен құттықтап, жеңгеміздің сіңлісі ғана гүл алып үйге келді және бір орыс кісі телефон арқылы құттықтады. Оның аты қазір есімде жоқ, бірақ ол кісі Баукеңмен майдандас екенін әңгімесінен түсіндім. Мені таңқалдырғаны, Жеңіс күні батырға басқа құттықтаулар болмады. Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан, Үкімет пен Алматы қаласы басшылығынан бірде-бір мерекелік лебіз білдірілген жоқ. Оның себебі, сол кезде Момышұлы Республика билігінің саясатына, Жазушылар одағының істеріне ашық түрде сын айтатын. Тіпті, Қазақстан Коммунистік партиясы Комитетіне шақырылып, Баукеңнен жауап алуға дейін барған кездер болды.

Б. Момышұлының өмірі бірқалыпты болмады, бірде шарықтап, бірде төменде жүрді. Соғыстан кейін ол кісінің батырлығын Кеңес үкіметі, КСРО Қорғаныс министрлігі ұмыт­ты, шындықты айтып, қайсарлық білдірген тұстарында билік оған қысым жасады. Соғыс кезінде бірнеше рет Кеңес Одағының Батыры атағына берген ұсынысты Кремльдің бекітпегендігі осының айғағы.

Бұл тарихи қателікті Қазақ­стан­ның басшысы Н. Назарбаевтың ұсынысымен ақыры Мәскеу мойын­дап, 1990 жылғы 12 желтоқсанда Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Президенттің бұл ісі жалғыз Б. Момышұлына жасаған шарапаты ғана емес, Ұлы Отан соғы­сының же­ңісіне зор үлес қосқан бүкіл қазақ хал­қының ерлігі мен еңбегін совет елі­не көрсете білгендігі еді. Өкі­нішке орай, бұрынғы Қазақ­станды басқарған бас­шылар ұлт мүддесін қор­ғаған тұл­ғаларды баға­ламады. Баукең ешкімнен именбей, билік­тен қызмет-атақ, ешнәрсе сұрамай, ақиқатты бә­рі­нен жоғары қойып өткен тұл­ға екендігін осыдан білеміз.

Баукеңнің 60 жылдық ме­рейтойы қарсаңында дип­ло­матиялық қызметте жүрге­нім­де, шетелден елге дема­лыс­қа келдім. Үйіне барып, ол кісі­мен мә­дениет, тіл, жалпы респуб­ли­каның бо­лашағы туралы сұх­бат­тас­тым. «Ме­рей­тойыңызды республика бас­шылары қалай өткіз­бек­ші?» – деп сұра­ғанымда, ол ұйымдастырудың болашақ сце­на­рий­­ін көре­ген­дікпен былай деп суреттегені әлі есімде: «Дінмұ­хам­мед Қо­наев Қа­зақстан Компартиясы Ор­та­лық Комитетінің идео­­ло­гия хатшысы Има­шевқа ме­нің 60 жыл­дығымды өт­­кізу туралы тапсырма бере­ді, ол өз көмек­ші­сіне маған телефон соқтыр­тады. Өз­імнің ризашы­лы­ғым­ды білдіріп, мен олар­дың жасаған жоспа­рына ештеңе қоспаймын, еш­теңе өзгертпеймін. Қа­лай өткізсе де, өздерінің еркі». Кейін анықтасам, мерейтойдың ұйымдас­ты­рылуы айтылған сце­на­рийдің шеңберінде өт­кізіліпті. Еш­қан­дай орден тұрмақ, медаль да берілмепті.

Менің жан-жүрегімде Баукеңе қатысты қызықты естеліктер өте көп. Бірде театрда өтіп жатқан жиналыс­тың президиумында отырған Б. Мо­мыш­ұлы бірнеше рет сахнаның ар жағына шығып келіп жүреді. Оны кейбіреулер: «Бұл келген адамдарға деген құрметсіздік» деп түсінеді. Ал шын мәнінде, сол кездері соғыстан ал­ған жарақаты қайтадан ушыққан­дық­тан, ол кісіге орындықта көп отыра алмайды екен. Баукеңнің кіріп-шығып жүргені сол себепті болыпты. Бірақ оның мұндай ішкі мәселелерін ешкімге түсіндіріп жатпайтын мінезі бар еді. Оны кейін маған өзі айтты. Сұрапыл соғыста алған жарақаттары, жаңбыр, қардың астында жатқандағы бойына кірген дерттері соңғы жыл­дар­ға дейін ол кісіні қатты мазалап жүрді.

Бір күні Достық даңғылындағы пә­теріне сәлемдесуге кірсем, бөл­меде ағаш кушеткада шалқасынан жатыр. Бәукеңнің үстіне қолдан жасалған төрт аяқты жеңіл ағаш үстел қойыпты. Отыра алмағандықтан, жатып жазуға ыңғайлы болу үшін үстелдің бас жағына қараған аяғын арамен кесіп тастап, үстелдің бетін қиғаштап, өзіне қарай орналастырыпты. Осы жағдайды көргенімде, социалистік революция туралы «Құрыш қалай шынықты» кітабындағы жалынды ком­­сомол Павел Корчагиннің қай­сар­­лық­пен болашақ ұрпаққа пайдалы естелік қалдырып кету жолындағы ынта-жігері ойыма түсті. Қарасам, жанында жатқан күнделік, қолжаз­ба­лары орыс, қазақ тілінде, ал кейбір қолжазбалар қазақша ескі араб әліппесі қарпінде. Бірақ қарындашпен жазылыпты. Баукең­нің түсіндіруінше, соғыс жағдайында барлық жазбалар, рапорттар қарын­дашпен орындалады екен. Оның себебі, қарындашпен жазылған жа­зулар жауын-шашын тисе де, езіл­мей­ді. Ал сиямен жазылған жазбалар суға тисе жайылып, оқуға келмей­тін­дігінен сиялы қалам қолданылмаған. Уақыт өте келе, қарындаш грифелі өшіріле бастапты. Болашақта осы жазбаларды оқу қиын болады, сон­дықтан өзім қайта өңдеп жатырмын деді. Расында, республикалық ар­хивте, ғылыми кітапханаларда және басқа да қорларда араб әліппесімен жазылған көп қолжазбалар осы күнге дейін оқылмай шаң басып жатыр. Біз пайдаланып жүрген әліппені Мәс­кеу әмірімен кириллицаға ауда­ру­ына байланысты, бүгінгі ұрпақ ескі қол­жазбаларды оқи алмай қалды. Осы олқылықты қолға алар уақыт келді, біз егемен ел ретінде тари­хы­мызды мұқият қайта зерттеуіміз керек.

Мұны батырдың соғыс уақытын­дағы қиындықтар мен ауыртпа­лық­тарын кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін жасап жатқан еңбегі деп түсіндім. Жастарға шынайы үлгі боларлықтай қасиеттерді көрсете білу әр азамат­тың, тұлғаның міндеті деп білемін.

Осы кездесуіміз Жеңіс күні бол­ған­дықтан, Баукеңмен Ұлы Отан соғы­сы туралы біраз әңгіме өрбіттік. Екінші дүниежүзілік соғыстың Совет Одағына әкелген орасан зор зала­лын, қиыншылығын айта келіп, май­дангер батыр дұшпаннан гөрі қызыл жауынгерлердің көп қырылғанын айтты. Әсіресе есімде қалғаны, Бау­кеңнің айтуы бойынша, бұл соғыс басқа халықтардан гөрі қазақ хал­қы­на ерекше ауыртпалық әкелді. Се­бебі, неміс армиясы Ленинград, Мос­ква, Сталинград, Кавказға дей­інгі территорияны басып алды. Енді Гитлер әскерлерін тоқтатып, қайта Батысқа қуу үшін солдат­тар­ды оккупацияланбаған Ресейдің Шығысы және Қазақстаннан, Орта Азия­дан алуға тура келді. Сондық­тан да, қазақ ерлерінің жасынан кәрісіне дейін түгелдей соғысқа аттан­ды­рылды, ал Прибалтика, Украина, Белорусия және немістер басып алған Ресейдің батыс жер­лерінен солдат әскерге алынбады. Сол себепті, саны бойын­ша орыс­тар, украиндар, белорустардың қазақ­тарға қа­рағанда қырылған жалпы шығыны көп болса да, ал қазақтың пайыз­дық арасал­мағы орыстардан, украиндықтардан көп болды.

Қазақстандағы 30-шы жылдар­ы Мәскеудің қолдан жасаған ашаршылығы, одан кейінгі 1937-1938 жылдарды қамтыған қазақ интеллигенциясына жасал­ған реп­рес­сиядан кейін есін жинай алмай, халықтың бұрынғы санын толтыра алмай жүргенде, біздің ұлт басқа совет халықтарымен қоса әлемдік ұрысқа кіріп кетті. Сөйтіп, қазақ халқының тағдыры ХХ ғасырдың бірінші жартысында өте қайғылы болды. Осы туралы Бау­­кең айтқанда өте қатты қамық­қа­нын бірінші рет көрдім. Әдетте, сұх­батымыз қандай мәселеге ар­нал­­са да, ол кісінің бірде-бір қамыққандығын немесе біреуге деген ренішін айтпайтын. Ал ұлттың қырылуы, оның болашағы ол кісіні үлкен ойға салатын.

Біз көбінде Б. Момышұлының әскери ерлігін, жазушылық қабі­ле­тін, ол кісінің шыншылдығын, әділеттілігін айтамыз. Бұл дұрыс. Сонымен қатар, қазақ халқының аты-жөнін жазудағы дәстүрлі ерекшелігін сақтап қалу үлгісін, ұлттық сана-сезімін көтерудегі еңбегін ерекше атап өту керек. Мәскеудегі әміршіл-әкімшіл билік бір ұрпа­қ­­тың өмірінде қазақ халқы­ның әліппесін үш рет өзгертті. Қазақтар қолданып келген арабша жазудан латын әліппесіне, он жыл өтпей латыннан кириллицаға, яғни қа­зақ­тарды орыс әліппесіне кө­шіріп, сауатты азаматтарды сауатсыздар қатарына енгізді. Сонымен қатар, қазақтардың басқа шығыс халық­та­ры секілді атам заманнан келе жатқан ататек атауларын жойып, барлық Орта Азия республикалары халықтарының фамилиясына «-ов, -ев, -ова, -ева», отчество қылып «-ич, -евич, -евна, -овна» жұрнақта­рын күштеп жалғап берді. Баукең оқыған-тоқығаны терең болған­дық­тан, ол әр халықтың өзінің дәстүрлі аты-жөнін сақтап қалу құқығын қорғады. Сөйтіп, түркі халықтарын орыстандырудың жолына қарсы шықты, дәстүрлі аты және әкесінің атынан құры­латын атауын сақтап қалды (Бау­ыр­жан Момыш-ұлы – бұрын осы­лай жазылған). Осы мәселе туралы әңгімелескенімізде, Баукең өзінің дәстүрлі аты-жөнін сақтап қалудағы көп әрекетін және қудалауға түскенін айтып берді. Барлық қысымға қарамастан, қазақ халқы екендігімізді көрсете білетін «ұлы» дегенді қалдыруы ол кісіге оңай тимеді. Соғыстан кей­ін­гі жастар Момышұлының ерлігін естіп, оқып өсті. Сондықтан да, бел­гілі жазушы Балғабек Қыдыр­бек­ұлы, Шона Смаханұлы және мен де дәстүрлі қа­зақша аты-жөнін сақтап қалдық. Ұлт дәстүрін сақтаймын дегендер КПСС, КГБ тарапынан “ұлтшыл” деген атаққа ие болды.

1986 жылғы Қазақстандағы кө­терілістен кейін барлық ұлтжанды азаматтар ашық түрде репрессияға түсті. Оның ішін­­­­­­де осы жолдардың авторы да бар болатын. Егер де Баукең Кеңес Одағы басшыларының 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда және басқа қалаларда қазақтарға көрсеткен сол қорлығын, совет әскерінің бейбіт шеруге қатысқан жастарды жаншы­ға­нын көргенде не істер еді? Қайта­дан 1941 жыл секілді Алматыда 1986 жылы халық күшін жасақтар ма еді? – деп кейде ойлаймын.

Заман өзгерді, Қазақстан басқа республикалармен қатар егемендігін алды, біз әлемдік қауымдастыққа дербес мемлекет ретінде кірдік. Мі­не, бүгінде тәуелсіздіктің арқа­сында әр тоғызыншы-оныншы қазақ «-ұлы», «-қызы» деген фамилияларды алды. Енді осы қарқынымызды тоқтатпай, одан әрі елдігімізді нығайтсақ, сонда ғана ата-бабаларымыздың өсиетін орындап, бостандық туралы ойларын іске асыра аламыз.

Б. Момышұлы интернациона­лис­тік, халықтар достығы бағытын ұстанғанымен, қазақ десе жеген ас­ын жерге қоятын ұлттың намыс­шыл тұлғасы бола білді. Тілге, ұлт­тың мәдениетіне, қазақ ұлдары­ның Ұлы Отан соғысы жылда­рын­дағы көрсет­кен ерліктерін қазақ қоғамына жет­кі­зе отырып, бола­шақ ұрпаққа тәр­бие берді. Оның ішінде қазақ тілінің қиыншылығы ауыр халі туралы ойын Кеңес өкіметінің би­лігі шарықтап, орыс­та­ну саясаты жүріп тұрған кезінде жет­кізе білуі де оның рухани қайсар­лы­ғын та­ныт­ты. Осыдан 66 жыл бұрын, 1944 жылғы сұрапыл ауыр со­ғыс­тың 19 қаңта­рында Б. Момышұлы Алма­тыға ке­ліп, қазақтың көрнекті жазу­шылары мен интеллигенция өкілдері (академиктер Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Мар­ғұлан, киноре­жис­сер В.П. Строева, Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссариатының Мемлекеттік архиві қызметкері (НКВД) Шапиро және басқалар) алдында «Психо­ло­гия войны» деген та­қырыпта лек­ция оқыды. Сондағы тақырыбы – Отанды қалай қорғау, қазақ хал­қының болашағы, оның тілі, мә­де­ние­ті……. Оқыған лекция­сынан үзінді:

“Необходимо отметить один из важных элементов патриотизма, неизбежно сопутствующий ему. Это национальный дух или на­циональ­­ный патриотизм – любовь к своему народу, с которым лич­ность связана кровным единством и общностью происхождения, территорией, язы­ком, бытом, нравами, психоло­ги­ческими и этнографическими особенностями…”

“Я считаю преступлением, ког­да бойцы на фронте не по­лу­чают са­мого элементарного, скуд­ного пайка из арсенала родного языка, родной литературы, родной музыки. …”

“Некоторые не умеют ездить верхом, боятся лошади – просто стыд­но называть таких казахами; ле­пе­чут какую-то ерунду по-ка­захски, похожую на неотрабо­тан­ный язык какого-то иностранца. …”

“Приезжает новое пополнение. Говоришь ему по-русски – он не понимает, говоришь по-казахски – тоже не понимает, в нем нет ни казахского, ни русского”.

Өкінішке қарай, сондағы ай­тыл­ған қасірет бүгінгі күнде де кездеседі. Әрі қарай жалғастырмай, осы кі­тапты барлық оқушылар, студенттер, жастар, қазақ, орыс демей оқып шықса, олардың тәр­биесі, мәдениеті, ұлттық сана- сезімі көтерілер еді. Тәуелсіз елге бұл ауадай қажет. Осы кітапты оқып отырып, Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан шақта да қазақ тілінің өз мемлекеттік ті­ліне толық қол жеткізе алмай жүр­геніне қынжыласың.

Биыл Бауыржан Момышұ­лы­ның 100 жылдығын атап өту ке­зінде Қазақстан Конституция­сында бекі­тіл­ген мемлекеттік қазақ тілін іс жү­зінде пайдалану бүгінгі мемлекеттік қызметкерлер, интел­лигенция, жазушы, ғалым, жас­тарға парыз деп есептеймін.

Біздің ойымызша, Алматы қа­ла­сында қаһарман тұрған пәтер­лердің біреуінің де осы уақытқа дейін му­зей-пәтер ретінде сақтал­мағаны өкі­нішті жайт. Мен соңғы рет Баукең­мен шетелге дипло­ма­тиялық қыз­мет­ке кетерде Д. Қо­наев (бұрынғы Карл Маркс) кө­шесіндегі пәтерінде жолықтым. Тағы да ұлт болашағы туралы әң­гіме болды. Соңында Баукең, ма­ған «елге аман-есен орал, қалған мәселелерді сонда талқыл­ай­­мыз» деп қолымды қысып, қош­тасты. Жанымда жұбайым Хадиша мен жеңгеміз Жәмила болды.

Араға екі жыл салып елге орал­ғанда, ең алдымен Алматыдағы Бау­­кең­нің тұрған және соңғы са­парға шығарып салған шаңыра­ғы­на бар­дым. Мақсатым, балаларына көңіл айтып, дұға бағыштау бо­ла­тын. Сөйт­сем, онда бір жеке­мен­шік сауда фирмасы жайғасып алған екен. Менің «осы үйдің иелері, мүлкі қайда?» – деген сұрағыма бизнесмен орыс кісі: «А кто такой Момышулы? Мы ничего не знаем, освободите кабинет», – деп мені шығарып салды.

100 жылдығын тойлаумен шек­тел­мей, болашақ ұрпаққа, жас­тар­ға ұлттық сана-сезімде, патриот­тық тәрбие беру үшін Алматы қаласында Қонаев пен Гоголь көшелері қиылысындағы Б. Мо­мыш­ұлының соңғы тұрған үйінде музей-пәтерін ашу игі шара болар еді. Бұл мәселе Үкіметте бірнеше рет ресми түрде көтерілгені туралы айта кету керек. Алайда осы сали­­қалы шаруа бүгінгі күнге дейін орындалмай келеді.

Бауыржан Момышұлының істе­ген ісі мен айтып кеткен на­қыл­дары, ол кісі көтеріп кеткен шы­найы әрі өзекті ұлттық мә­се­ле­­лер барлығы­мыз­ды ойландырады.

 Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ,

дипломат, профессор

 

Пікір жазу