Әне-міне дегенше, төртжылдықтың басты додасы да келіп қалды. Париж Олимпиадасының алауы 26 шілдеде жағылады. Францияның астанасындағы Жазғы ойындар шілденің 26-ы мен тамыздың 11-і аралығында өтпек.
Қазақстан құрамасының еншісінде 92 жолдама бар. Ең ірі спорт додасында еліміз 25 спорт түрінен 80 атлет сайысқа түсіп, бақ сынайды. Десек те, Жазғы олимпиада ойындарына биыл Қазақстан тәуелсіздік жылдарынан бері ең аз спортшы қатыстырғалы отыр. Қанша спортшы барса да қанжығалайтын жүлдеміз қомақты болғай.
Фото: olympic.kz
Тәуелсіз ел ретінде Қазақстан жеті рет Жазғы олимпиада ойындарына қатысса, Париж төріндегі бәсеке сегізінші Олимпиада болмақ. КСРО құрамынан бөлінгеннен кейінгі бірінші жазғы ойындар – Атланта Олимпиадасына қатысқан спортшылар құрамы 96 болса, Сиднейде – 130, Афиныда – 119, Бейжіңде – 132, Лондонда – 115, Риода – 104, Токиода 93 спортшы ел намысын қорғады. Яғни, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін біздің елдің атынан қатысушы спортшылар қатары күрт төмендей бастағаны байқалады.
Париж Олимпиадасына ең көп спортшы жіберетін өңірлер келер болсақ, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан жалпы саны 35, басқа облыстар бойынша 45 спортшы бақ сынайды. Ал Маңғыстау, Қостанай және Ұлытау облыстарының спортшылары Олимпиададан шет қалды. Яғни, бұл өңірлердің спортшылар әлемдік жарысқа қатысу жолдамасына ие бола алмады.
Париж Олимпиадасының ең алғашқы жолдамасын Әзербайжанның Баку қаласында өткен лицензиялық әлем чемпионатында мерген Ислам Сәтпаев жеңіп алды. Содан бері қазақстандық спортшылар әлемдік және құрлықтық іріктеу турнирлеріне қатысып, Париждегі жазғы ойындардың жолдамасына таласты. Бірде спортшыларымыз мерейімізді асырса, енді бірде атлеттерімізге сәттілік жетпей жатты.
Олимпиада ойындарының квотасы негізінен әлем чемпионаттары мен құрлықтық, әлемдік іріктеу турнирлерінде және әлемдік рейтинг қорытындысы бойынша таратылды. Боксшылар мен қазіргі бессайыс шеберлері арасындағы жолдама Ханчжоудағы Азия ойындарында үлестіріле бастады. Жазғы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) пен Карина Ибрагимова (57 келі) лицензия мәселесін шешіп алған болатын.
Әлем чемпионаттарында жолдама жеңіп алғандар қатарында спорттық гимнастикадан Милад Карими, еркін күрес шеберлері Азамат Дәулетбеков пен Мейрамбек Қартбай және грек-рим күресінің өкілі Нұрсұлтан Тұрсынов, нысана көздеуші мерген Ислам Сәтпаев бар. Карими 2023 жылы Бельгияның Антверпен қаласында өткен әлемдік додада еркін бағдарламадан қола жүлдегер атанып, көпсайыстан 5-орынға табан тіреді. Ал Дәулетбеков, Қартбай және Тұрсынов Сербияның Белград қаласындағы әлемдік сында лицензия иеленді.
21 атлет өз мансабындағы екінші жазғы ойындарға аттанбақ. Олимпиадаға үшінші және төртінші рет қатысатын спортшылар да жоқ емес. Мәселен, дзюдошы Елдос Сметов пен қазіргі бессайыс шебері Елена Потапенко және үстел теннисінің өкілі Кирилл Герасименко өздерінің үшінші Олимпиадасына жол тартады. Сметов Риода күміс, Токиода қола жүлдегер атанғаны жанкүйер есінде. Ал Потапенко мен Герасименкоға ірі жарыстан жүлде бұйырар емес.
Жеңіл атлетикадан Ольга Сафронова мен академиялық есуден Владислав Яковлев төртжылдықтың басты бәсекесіне төртінші рет қатысқалы отыр. Сафронова алғаш рет 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында бақ сынаған. Ол биыл Асланбек Шымбергеновпен бірге Қазақстан құрамасының туын ұстаушы болып бекітілді. Яковлев – академиялық есуден ел намысын қорғайтын жалғыз спортшы.
Ендеше елдің үмітін үкілеген үздіктеріміз ақтайды деп сенеміз!