Басты бет » Жаңалықтар » Лудомания: Құмарлықтан құрдымға құлдырау

Лудомания: Құмарлықтан құрдымға құлдырау

«Анам ауырып қалды, дәрі-дәрмегіне жетпей тұр еді», «пәтерден қуып жатыр», «бизнес бастайын деп едім», «бір-екі күнде қайтарамын» деген сылтауларды жиі естисіз бе? Осындай сылтаулармен қарыз көп сұрайтындардың басым бөлігі – құмар ойынның құлы. Азарты әбден асқынғандар ұятты ұмытып, туған-туыс, дос-жаранды қойып, қайыр сұрауды қалыпқа айналдырады.

Сурет: tengrinews.kz

2018 жылы ДДҰ лудоманияны ауру деп тауып, арнайы F63.0 диагнозын тіркеген болатын. Мамандардың айтуынша, лудомания есірткі мен алкогольге тәуелділіктен де қауіпті. Психикалық сауықтыру орталығының ресми интернет-ресурсында мынадай дәлелдемелер келтіріледі.

Лудомания қалыптасуының негізгі себептері:

  • жалғыздық сезімі. Жалғыздық сезімі адамды алғашқы рет ойнауға итереді, ойын процесінде алынған әсер мен түйсіну адамды қайталап ойнауға мәжбүр етеді.
  • қанағаттанбаушылық сезімі.Қанағаттанбаушылық сезімі адамды өзін ойында көрсетуге мәжбүр етеді. Шынайы өмірде өзіне-өзі наразы болып, шынайы өмірге қарағанда, ойында жеңіске қол жеткізу жеңіл болғандықтан, адам өзін ойында көрсеткісі келеді. Және ойындағы жетістіктері неғұрлым мол болса, соғұрлым ол осы ойынға қайта қайта оралғысы келеді.
  • оңай олжа сезімі. Бір рет ұтып, жеңіл түскен ақшаны қолға ұстағаннан пайда болған адреналинді сезінген адам, осы жетістігін қайталағысы келеді, алайда көбіне ұту мүмкін емес.
  • әрқилы тәуелділіктерге тез ергіштік.Басқа да құмарлықтарға, мысалға есірткі/ алкогольге душар адамдар үшін, ойынға құмарлық қауіпті.
  • айқындалу дәрежесі әрқилы психикалық бұзылыстар. Психикалық бұзылыстардан емделген адамдар, сондай-ақ ойынға құмарлыққа да ұшырағыш болады.

Иә, лудомания – ессіздік, ойынға құмарлық, қоғам үшін аса қауіпті дерт. Өкінішке қарай, елімізде құмар ойынның қызығына кіріп, құрсауынан шыға алмай жүргендер өте көп. Басы – қызық, арты – өкініш болатынын дәлелдеп, «әй, қап» деп өзін жеп жүргендер де аз емес. Соңғы статистикаға сүйенсек, елімізде құмар ойынға салынғандардың саны 400 мыңға жеткен. Алғашқыда дүкендердегі ойын автоматтарынан бағын сынап көрген адам кейін казинода қалай түнеп кеткенін байқамай қалады. Спорттық бәсекелерде «мен мықты сарапшымын», «баяғыдан қараймын» деп барын бәске тігіп, кейін бармағын шайнап қалған сенімді «сарапшылардың» санында шек жоқ. Бір ұтасың, екі ұтасың, ақыры қақпанға түсесің, налисың, жылайсың, жынданасың. Ойынқұмар өкінеді, шаңырақ шайқалады, қанша қаражат желге ұшады. Осындай сезімдерді бастан өткерген, құмарлықтың азабын тартқан жандар өз ойлары, кеңестерімен бөліскен еді.

Ж: Мен 2012 жылдан бері ойнаймын, осындай ойындарсыз өмір қызықсыз боп кеткендей, бір күнімді Олимбет немесе 1хбетсіз сүре алмайтын болдым. Менің әлеуметтік желілерімді алғаш көрген адам спорт, футбол сүйетін көрермен деп ойлап қалады, шынында ол маған ұтыс сыйлаған, керемет сезімге бөлеген матчтар болған соң ұмытпас үшін салып қоямын. Мұным дұрыс емес әрине. Қанша жұмыс орнын ауыстырдым, қарыздарым да жетеді. Ұтқаныммен қарызды жауып, қайта алып, қайта ұтыламын. Тұрмысқа да шықпадым, «қыз баласың ғой, мынауың не?» деп ата-анам, туыстарым да аз ақыл айтпады. Әлі өзімді тоқтата алмай келемін. Емдейтін орталықтар барын білемін, бірақ баруға әзір дайын емеспін. Әрине, ешкімге ойнауға кеңес бермеймін, өміріңіз босқа өтіп кетеді.

Д: Менің балам – студент, 4 курста оқиды. Қайдан тап болғанын білмеймін, ол осындай ойындарға құмар болып кетті. Ұрлық жасап, аты да шықты. Қарыз, шағын несиелерін осымен 3 рет төлеп отырмын. Қоямын дейді, бірақ қайта кіріп кете ме деп уайымдаймын. Ешқандай ата-ана баласының бұндай жолға түскенін көрмесе екен деймін. Енді баламды оқуын бітірген соң әскерге жіберіп, ұмыттырсам деймін. Осындай баласы, күйеуі, жақыны лудоманияға ұшыраған адамдарға айтарым, қатаң бақылау керек, қарызын төлеп бермеген дұрыс. Қолыңа біраз уақыт ақша ұстатпау керек.

К: Алғашында аптасына 1000-2000 теңге салып ойнап жүрдім, оны құмар ойын деп санамадым. Кейін 1000-2000-ға 2-3 нөл қосылатынын білсем, бастамас едім. Ұтқандағы эмоция, адреналиннің күші сені тоқтата алмайды. Үй алуға жинаған ақшаны қойып қоямын деп ойлап ұтыдым, одан қарыз сұрап, несие алып, отбасыма жаман атты болдым. Кеткен ақшада есеп жоқ. Жаман сезіндім өзімді, бәрінен айырылдым. Айналадағылар қойсайшы болды, тасташы деді, бірақ бұл сезім, ойын оңай қоя салатын дүние емес. Қазір өзімді жеңіп, ойнамай, іздеп қарамай, жарнамасын көрсем өтіп кетіп жүрмін. Қайтып оралмаспын деп сенемін. Жай бастап көремін, 1000 теңге ғана деп бастап көрмеңіздер, жоламаңыздар, бәрі содан басталған…

Құмар ойынның құрған торына түсу оп-оңай, оның жарнамасы да жер жарып тұр. Жол бойындағы билбордтардан бастап әлеуметтік желілер, интернет платформалар құмар ойындардың жарнамасына толып кеткені көпшілікке мәлім. Осы мәселе аясында қарастырылып, көпшіліктің үміттене күтіп жүрген ойын бизнесі туралы заң – ең ұзақ талқыланып жатқан заңдардың бірі.

5 маусым күні Мәжіліс ойын бизнесі, лотоерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңды түзетулерімен екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады.

Түзетулердің ең маңызды бөлімдеріне тоқталсақ:

  • Жасы 21-ге толмаған азаматтарға сүйікті футбол командасы үшін бәс тігуге, казинода көзге түсуге енді болмайды. Қызық пен құмарлыққа тез елітетін жастық жалын, албырт сезімдерді сәл де болса тұсаулауға мүмкіндік.
  • Құмар ойын ойнауға қойылатын шектеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды. Egov.kz порталына кіріп өзіңізді өзіңіз 10 жылға дейін кез-келген құмар ойыннан шектей аласыз.
  • Мемлекеттік қызметшілер мен әскерилер және арнайы мемлекеттік орган қызметкерлеріне құмар ойын ойнауға тыйым салынады. Қалың қалтасын букмекерлік кеңселерге барып жұқартып келетін, казинодан шықпайтын шенеуніктерге сауап болды. Елімізде дәл осы бөлімге қатысты 280 мың адам бар. Егер заңды бұзса, бұндай көкелер бірден жұмыстан шығарылады.
  • Бәрімізді шаршатқан букмекерлік кеңселер мен лотерея, казино, онлайн казинолардың жарнамасына шектеу қойылып, бұғатталады. Интернет кеңістікте, телеарналар мен радиода, ғимараттар мен билбордтарда жарнама менмұндалап тұрмайтын болады.Күрмеуі көптен бері шешілмей жүрген мәселеге тоқтау болар бұл заңды Сенат қолдап, Президентіміз қол қойып, қолданысқа енуін асыға күтеміз. Оңай олжа іздеп, азды көбейтіп, жоқтан бар жасағысы келетіндер әртүрлі экономикалық, әлеуметтік себептерді алдыға тартып, ақталғысы-ақ келеді. Бірақ бұл ақталу, қателікті мойындамау, аурудан айықпау лудоманның жеңілгені. Құмар ойынды қимай, түбі ұтам деп жүріп уақыттан, өмірден ұтылып қалатынын түсінсе дейсің…

Сәния ИБРАЕВА