Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашақ екенін біз жақсы білеміз. Ертеден-ақ бала тәрбиесіне аса үлкен мән берген қазекең балаға жастайынан ертегі айтып, өлең оқытып, жаңылтпаш жаттатқызған. Бұндай тәрбиеден кейін сөзсіз адамгершілікке үйренесің, есте сақтау қабілетің артады, қиялың шексіз дамиды, ең бастысы тілің жоғалмайды.
Фото: orda.kz
Иә, тілің жоғалмайды, егер қазақ тілімен өсіп-өнсең. Әлеуметтік желіні қолдану мен тренд түсіруден көш бастайтын жас буынның қазақ тілі «өкінішке орай» боп тұр. Оған әсер ететін фактор да көп. Туғаннан телефон мен теледидар арқылы тәрбиеленіп жатқан балаға «патриоттық сезімің жоқ екен» деп ренжи алмайсың. Кітап, кино, театр, жалпы мәдениет саласында ана тілімізде балаларға арналған сапалы мәдени өнім жоқ деген күйінішті ойларды да естіп қалып жатамыз. Дегенмен соңғы 2-3 жылда әлем әдебиетіне, фильмдеріне қазақша ғажап аударма жасап жүрген, қазақтілді көрерменге тоқтаусыз жарнамасын жасап жатқан ұлтжанды азаматтардың еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Осындай жаңалықтардың бірі, осы жаздың «үздігі» болады-ау деп асыға күткен «Ойжұмбақ 2». Осыған дейін Disney мен Pixar студияларынан шыққан туындылар қазақ тіліне аударылмады емес, аударылды, бірақ бұл дубляж бұрынғылардан өзгерек. 13 маусымнан бастап көрерменге жол тартқан «Ойжұмбақ 2» мультфильмінің қазақша дубляжын Disney мен Pixar студиялары қаржыландырды. Бұл қазақ тіліндегі медианы таңылту, балалар мен жастар арасында ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту мақсатында берілген үлкен мүмкіндік. Анимациялық фильмнің басты кейіпкері Райли осы бөлімде жасөспірім кезеңге қадам басып, өмірі әртүрлі сезім мен эмоцияларға боялады.
«Фильмінің басты кейіпкері Райлиді – блогер Ақерке Естайқызы, Қуанышты – әнші әрі актриса Гүлнар Тілебалды, Мұңды – кино, театр және дубляж актрисасы Алма Қылмұқан, Қорқынышты – кино және театр актері, режиссер Рүстем Жаныаманов дыбыстаған. Ninety One тобының олистері – Азамат Ашмақын мен Батырхан Маликов жобаға үлес қосты». (Qazaq.tili.qogamy парақшасынан)
2016 жылдан бері шетел мультфильмдерін қазақша сөйлетіп жүрген Шах-Мұрат Ордабаев аталған жобаның дубляж режиссері ретінде өз үлесін қосты. Disney мен Pixar қаражатын аямай құйды, дарынды, сауатты мамандардан құралған топ сапалы дубляжын жасады, патриот азаматтар әлеуметтік желіде жарнама жасап әлек. Осынша күш пен уақыт кеткен еңбекке не кедергі дерсіз?! «Ойжұмбақ 2» фильмінің көрсетілу уақыты мен жиілігі бізді қуантпай тұр. Орыс тіліндегі көрсетілуімен салыстырсақ, қазақ тіліндегі нұсқасының үлесі қапаландырады, прайм-таймда әдеттегідей орыс тілдегі көрсетілімі көбірек. Себебі де түсінікті, олардың (кинотеатрлардың) ойынша, фильм қазақ тіліне дубляждалса қызық емес, ешкімге керек емес, өз кассалары үшін де тиімсіз. Осындай аяқтан шалуларға қарамастан «Ойжұмбақ 2» алғашқы күні рекорд жасап үлгерді. Ойжұмбақ 2» / «Головоломка 2»: алғашқы күнгі кассалық жиындар бойынша Қазақстанда рекорд орнатты.
«Қазақ тіліне дубляждалған «Ойжұмбақ 2» фильмі алғашқы прокат күнінде абсолютті рекорд орнатып, фильмнің жиындары 10 миллион теңгеден асты. Бұл қазақша нұсқадағы «Аватар: Су жолы» эпикалық шытырман оқиғасының алғашқы демалыс күндеріндегі жиындарынан үш есе көп! Сондай-ақ фильм барлық қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің арасында алғашқы прокат күніндегі жиындар бойынша рекорд орнатты. Фильмнің қазақша нұсқасының үлесі жалпы кассалық жиындардың 10%-нан асты» (Melomamkaz инстапарақшасынан).
Бұл жай ғана мультфильм немесе кезекті дубляждардың бірі емес, бұл тіл үшін күрес, қазақ тілінің қанатын қатайтуға деген ұмтылыс. Келер күндегі тілдің жайын бүгіннен ойласақ, қазақ тіліндегі мультфильмнен қалмай, қаралымды өсіріп, сатылымды арттырайық. Әлеуметтік желіде бөлісіп, пікір айтып, қазақша дубляжға қолдау көрсетейік! Бұл да мәдени майданның бірі, сіз бен біз болып қолдасақ жеңіске жетеріміз анық.
Сәния ИБРАЕВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
3-курс студенті