Жақында Еуразия ұлттық университетінде «Топжарған» ақындар клубының бастамасымен «Сыр сандық ІІ» жыр-жинағы жарыққа шықты. Бұдан бір жыл бұрын жас қаламгерлердің алғашқы өлеңдер жинағы оқу ордамыздың мерейлі 25 жылдығында баспадан жарық көрді.
Биыл да бұл бастама қолдауға ие болып, жинаққа жиырма бес ақынның өлеңдері еніп отыр. Кітапқа ақындардың әртүрлі тақырыпта жазған балауса жырлары топтастырылды.
«Сыр сандық ІІ» жыр-жинағының таныстырылымында Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыздықов жас ақындарды құттықтап, ақ тілегін жолдады:
«Талабы таудай ұл-қыздар болашақта сөз қадірін өз қадірім деп түсінер қабырғалы қаламгерге айналып, ұлт руханиятына өзіндік үлесін қоса алар азаматтар болып қалыптасса, онда – біздің соларға көрсеткен азды-көпті қамқорлығымыздың, еңбегіміздің еселеп жеміс бергені деп түсінеміз. Лайым солай болғай! Талапкер жас қалам иелеріне сәттілік тілеймін!» – деп сөзін аяқтады.
Жазба ақындардың мол қуанышына ортақтасып келген қадірлі қонақтарымыздың қатарында: жазушы, ғалым, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғара, Елтаңбаның авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек, филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп, Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Жарқынбек Амантайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Қайырбек Кемеңгер, жазушы, журналист Базарбек Түкібай, «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Амангелді Шурентаев және «Топжарған» ақындар клубының бұрынғы мүшелері болды.