Үлкен компанияның негізін салған ағайынды Ричард және Морис Макдональд бірден мұндай табысқа қол жеткізбеген. Олар алдымен өздерінде бар аздаған қаржыға кинотеатр ашқан. Алайда халықтың аз келуіне байланысты бизнестері дами қоймады. Сондықтан қалған қаражатты жинап, жас кәсіпкерлер көлік жүргізушілеріне арналған қарапайым тамақтану орнын ашады.

Осылайша ең алғашқы мейрамхана 1940 жылы Колифорния штатында салынған. 1948 жылдан бастап ағайындылардың еңбегі нәтижесінде «жедел дайын болатын тағамдар» концепциясы пайда болды. Сондықтан қос кәсіпкерді «Фастфуд корольдері» деп атасақ болады.

1954 жылы бұл тағамдар желісінің алғашқы франшизасы сатылды. McDonald’s-тың ең алғашқы франшиза иесі – Рэй Крок. 1959 жылға дейін Крок шамамен жүздеген мейрамхана ашып үлгерген. 1961 жылы ағайынды бауырлардан бұл компанияны 2,7 млн долларға түбегейлі сатып алуға бекінеді. Сол жылы гамбургер дайындаудың қыр-сырын үйрететін гамбургерология университеті ашылды. Қазір осындай 7 университет бар. Олар АҚШ-тың Чикаго штатында, Бразилияның Сан-Паулу қаласында және Лондон, Токио, Мюнхен, Шанхай, Сидней қалаларында орналасқан.

1960 жылдардың бастапқы тұсынан-ақ аталған фастфуд желісі қарқынды дами бастады. Дамудың бірінші себебі – сауатты маркетинг, сапалы жарнама. Осы уақыттан бастап компания тарапынан жарнамаға мол қаржы бөлініп, маркетинг үрдісі үздіксіз жүріп жатты.

Әрдайым асығыс әрі еріншек америкалықтар үшін фастфуд – таптырмас дүние. Ал маркетинг McDonald’s-қа келуші қауымның қарасын одан әрі көбейте түсті. 1962 жылы компанияның жеке бренді болып қалыптасқан «М» эмблемасы қабылданды. Логотип өзгере салысымен келушілер де ағылады. Дәл осы жылы McDonal’s-тан гамбургерге миллиард тапсырыс келіпті деседі.

1970 жылдардан бастап бұл тағамдар желісіне қарсылас компаниялар пайда болды. Осы тұстары Burger King, Wendy’s желілерінің арасында біршама бәсекелестік болды десек, артық айтпағанымыз шығар. Осылайша, McDonalds-та аса прогресс болмай, шетелде, яғни Канадада алғашқы мейрамхана желісінің кірпіші қаланды. 1990 жылдарға таяу компания бүкіл әлем бойынша 58 елде жұмыс істей бастады.

Айта кетейік, қазір McDonalds – жедел тағам әзірлеу және қоғамдық тамақтандыру желілері арасында көш басында тұр. 2022 жылдың статистикасына сүйенсек, McDonald’s-тың 40 275 мейрамханасы бар екен. Оның 95%-ы франшиза ретінде жұмыс істейді. Ал АҚШ-тағы ең ірі компаниялардың арасында 152-орынға жайғасқан. Фастфуд желісінің штаб-пәтері Чикаго қаласында орналасқан.

Саида ЕСЖАНОВА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті