Басты бет » Жаңалықтар » Алаяқтың айласы асып тұр

Алаяқтың айласы асып тұр

Алаяқтық бұл – бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену. Қылмыстың бұл түріне баруға бел шешкен тұлға алдау-арбау амалдарын қолданады немесе басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды. Алдау және сенімге кіру жолымен басқа қылмыстар да жасалуы мүмкін. Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мәнісін жан-жақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу қажет. Қылмыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс құрамының болған-болмағанын анықтап алу қажет.

Соңғы кездері елімізде алаяқтық сарындағы оқиғалар тым жиілеп барады. Кейде 1 тәуліктің өзінде 10 адам, кейде одан да көп адам алаяқтардың құрбаны болады. Алаяқтыққа әйелдермен қатар, ер адамдар да жол беріп, соңынан опынып қалатыны, заң алдында жауапталатыны да жасырын емес. Әккілердің құрығына алдымен түсетіндердің қатарына зейнеткерлер, қала берді нәзік жандылар құрайды. Олардың көбісі әлеуметтік жағдайларды түзеп беруге, атап айтқанда, жалақысы молдау жұмысқа орналастырудан бастап, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындауға көмектесуге уәде етеді.

«Жеңілдетілген несие алып беремін» деп сазға отырғызып кететін «қамқор» алаяқтардың айлакерлігі өз алдына бір төбе. Қазақстанда алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Алаяқтықтың негізгі принципі – өзі құрбан етіп отырған адамды алдау, сол арқылы өзіне ақша, мүлік, басқадай нәрселердің құқын ерікті түрде бергізу. Бұл «еріктілік» алаяқтықты басқа да ашкөздік қылмыстардың ішінде ерекше етеді.

Біріншіден, алданған адамдар өзінің алданғанын білсе де құқық қорғау органдарына өтініш бермейді.

Екіншіден, оңай алданып қалғанына арланады және арыз түсіргеніммен ештеңе өнбейді деп есептейді.

Үшіншіден, мұндай қылмысты дәлелдеу өте қиын, себебі алдау фактілері объективті түрде дәлелдеуді қажет етеді.

Алаяқтық адам психологиясын және оның әдеттегі әрекетін жақсы білуге негізделген. Бұл арада адамгершілік ұғымы туралы әңгіме болмайды. Олар өз әрекетін алдын ала тізбектелген жоспар арқылы іске асырады. Оның тәсілдері мүлде қарапайым болуы да мүмкін. Кейде олар, топ болып әрекет етіп, өз құрбандарын алдын ала жоспарға сәйкес үгіттеп, алдайды. Олар адамның бір нәрсеге қызыға қарау, әуестік тәрізді психологиялық ерекшелігін ескеріп, соны пайдаланып кетеді.

Алаяқтар сонымен қатар адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізу сияқты әдеттерін ескеріп, өз ісіне оңтайлап алады. Олар негізінен әртістік дарыны бар, өтірікті шындай етіп жеткізетін айлакерлігі басым адамдар болып келеді. Адамдарды «Тез шешім қабылда, әйтпесе үлгермейсің» деп асықтырады, ойлануға уақыт қалдырмайды. Жылдам шешім қабылдау қажет болғандықтан, зардап шегуші оның ұсынысын қабылдауға мәжбүр болады. Жапа шеккен адамдар әдетте «Не болғанын түсінбей қалдым», «Гипноз жасады ғой деймін», «Ол сондай сенімді сөйлегендіктен нанып қалдым» дегенді жиі айтады. Алайда адамдар алданбаймын деп тұрса да ондай жылпостардың айтқанын қалай істеп, жетегінде кеткенін білмей сезбей де қалады.

Сот практикасы көрсеткендей, алаяқтар әртүрлі сылтау мен зәбір көрушілердің мүлкін толық немесе жартылай алып, өз уәдесін қысқа мерзімде орындауға сөз береді. Алаяқтық – ұрлық жасаудың бір түрі. Алдау-арбау, сенімге кіру арқылы кейбір қылмыскерлер бөтен адамның мүлкін, ақшасын алып пайдаланып кетеді. Осындай «бойы бұлғаң, сөзі-жылмаң» адамдардан аса сақ болған жөн.

2023 жылдың 12 айы ішінде Орал қаласы аумағында 886 алаяқтық фактісі тіркелді. Осының ішінде 485-і – интернет алаяқтығына қатысты фактілер. 2024 жылдың 4 айы ішінде Орал қаласы аумағында 244 алаяқтық фактісі тіркелсе, оның 72-сі ашылмады. Осының ішінде 121-і интернет алаяқтығы қылмысына қатысты болып отыр.

Соңғы кездері алдап ақша сұрап алу, уақытылы иесіне кері қайтармау, «телефон шаламын» деп ұялы телефонын өтініп сұрап алып бермей кету, бірлесіп бизнес ашамыз деген желеумен көп көлемде ақша алып ізін жасыру, «пластик терезелерге тапсырыс қабылдаймын» деп үйінен ақшаны алып бой тасалау сынды оқиғалар, т.б. жиі орын алуда.

Нақтырақ айтсақ, биылғы жылдың 20 қаңтарында 1985 жылғы Р. есімді азамат Орал қаласының тұрғынына WhatsApp желісі арқылы хабарласып, ойдай сеніміне кіріп «ЕмбіМұнайГаз» акционерлік қоғамына үлкен жалақыдағы қызметке орналастырамын» деген желеумен 1 200 000 теңгені «Каспи банк» арқылы жіберуін сұраған. Көп жалақысы бар қызметке орналасуға үміттенген қала тұрғыны сеніп қалып, сұраған ақшаны еш шүбә келтірместен жібере салады. Сайып келгенде, жаңа қызмет орыны да жоқ, «Каспимен» аударған қаражаты да жоқ, сан соғып қала барады.

Жуырда Абай полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдері 2022 жылдың шілдесінде орын алған алаяқтық фактісін ашты. 2022 жылғы 28 шілдеде бір азаматша 1951 жылғы зейнеткердің сеніміне кіру арқылы 3 қап секер мен 5 литр шағу майын аламын деп 60 мың теңгесін алып кеткен. Одан әрі ақшасын қайтарып бермей, мүлдем хабарсыз кеткен екен. Зейнеткердің полицияға жазған арызы ізімен жұмыстанған тәртіп сақшылары алаяқтыққа жол берген азаматшаны құрықтап, ол айыбын толығымен мойындады.

Осы жылдың 23 наурызында өткізілген «Anti-Fraund» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде тағы бір алаяқтық жолды кәсіп қылуға бел шешкен азамат тәртіп сақшыларының қолына түсті. Белгісіз тұлға WhatsApp желісі арқылы өзгені алдап, «Крыша кз» қосымшасы арқылы пәтерді жалға беремін деген желеумен 1983 жылғы азаматшаны алдап, 70 мың теңгесін алған. Алайда оның жымысқы ойы жүзеге аспай, бұл күдікті ұсталды. Осы жылдың 9 мамырында сағат 11.00-де дәл осы адам WhatsApp желісімен хабарласып, өзгені алдап, пәтерін жалға беремін деп түсіндіріп, 20 мың теңгені алып ізін жасырған. Алматы облысының тұрғыны бұл күдіктіге алданып, ақша да, пәтер де жоқ болып алданғанын соңынан сезеді. Бұнымен қоймай күдікті 6 мамыр күні де Көкшетау қаласындағы пәтерін жалға бермек болып, хабарландыру жазып, Жамбыл облысының бір тұрғынының 30 мыңын алдап алып, ісі жүзеге асқан соң байланысты үзген. Ақпан айында пәтерін жалға берілетінін жазып, «Крыша кз» қосымшасына хабарландыру қалдырып, семейлік тұрғынды алдап соққан. 1978 жылғы Семей қаласының тұрғыны арызданып, күдікті ұсталды. Бүгінде бұл күдіктінің үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, 4 эпизодты қылмыстық іс тергелуде.

2023 жылдың мамыр айында өткізілген «Anti-Fraund» жедел алдын алу іс-шарасы аясында 1990 жылғы бір әйел өзгенің сеніміне кіру арқылы 2 164 202 теңге көлеміндегі қаражатты онлайн кредит түрінде ресімдеген. Дел-сал күйге түскен азамат полицияға шағымданды. Көп қаражатты ресімдеп алған бұл азаматша тәртіп сақшыларының құрығына ілінген соң кінәсін мойындап, келтірілген шығынды қайтарып берді.

Жуықта тағы бір алаяқтық оқиғасы ашылды. «Anti-Fraund» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде, наурыз айының соңғы күндерінде белгісіз тұлға қала орталығындағы «Галактика» сауда үйі қасында болып, Атырау қаласындағы ірі мұнай-газ компаниясына жүргізуші болып жұмысқа орналастыруға ықпал етемін деген желеумен түрлі купюрадағы 100 000 теңгесін алдап алған. 1971 жылғы Орал қаласының тұрғыны алданғанын біліп, полицияға арыз жазды. Адымы алысқа ұзамаған 1985 жылғы Р. есімді Ақтау қаласының тұрғыны ұсталды, бұл күдікті деп танылған Ақтаулық күдікті кінәсін толық мойындады, сонымен қатар бұған дейін де алаяқтықпен заң алдында жауапталғаны анықталды. Алайда алған қаражат тәркіленбеді. Бүгінгі күні 2 эпизодты қылмыстық іс тергелуде.

Алаяқтардың арбауына түсуден сақ болыңыздар! Олар адамдарға материалдық-моральдық тұрғыдан едәуір залал келтіреді. Күйбең қоңыр төбел тірліктің ортасында жүрген жандарды аямайды. Оларда аяушылық сезім деген жоқ. Шапшаңдатып алдап-арбап, діттеген ақшасын қолына алса, сосын табанын жалтыратса болғаны. Соңынан алаяқтық әрекетін мойындауы да қиындау. Сол себепті алаяқ құрбаны болмай, сенбей, сақтық шараларын естен шығармаңыздар. Бөтен адамдардың өтініші бойынша ешбір қосымшаларды жүктемеңіз;

— банк қызметкерлерінен қоңыраулар түскен кезде оларды байланыс орталықтары арқылы тексеріңіз;

— интернет-ресурстары арқылы тауарларды сатып алу кезінде олардың шындығын тексермей, ақша аударуға болмайтынын полиция басқармасы ескертеді.

Халықтың IT технологияларын пайдалануына байланысты интернет ресурстарын пайдалана отырып алаяқтық жасау фактілері жиілеп кетті, десек те полиция басқармасы тұрақты негізде интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Гүламан Исмагулова,

Орал қ.ПБ баспасөз қызметкері

Сурет: kostanaytany.kz