«Бүгін бейбіт аспан астында шалқып жүргеніміз – кешегі аталарымыз бен апаларымыздың қайтпас қайсарлығы, ерлігі мен төзімділігінің арқасы. Ендеше, жас ұрпақ сол ерлікті өнеге тұтуы тиіс», – дейді саналы ғұмырын өз халқына қызмет етуге арнаған, 25 жыл ішкі істер органында талмай қызмет еткен ардагер Гүлжиян Атаниязова.
Гүлжиян Бақытжанқызының әкесі Бақытжан Мырзағалиұлы Жасыбаев 1928 жылы Жаңақала ауданына қарасты №5 ауылда дүниеге келген. 12 жасында, жәрдемші болуға жарап қалған шағында тылдағы еңбекке араласып, ауылдың малын баққан. Әкесінің үш ағасы, әкесі соғысқа аттанған шақта анасы мен апаларына қамқор болып, күндіз-түні қолына түскенін, тапқандарын үйіне тасып, баққан. Майдан даласы өртінің тшарпуы тимеген шаңырақ бар ма екен, сірә. Соғыс күндерінің барлық ауыртпалығын қажымас қайсарлықпен көтере білген әкесі есейе келе ауылдағы мектепті аяқтап, азаматтық борышын өткеру үшін Өзбекстанға аттанған. Армияда әскери танк қарулы күштерінде болып, әскерден оралған соң Камен аудандық ішкі істер бөліміне милиционер лауазымына тағайындалған. Қатардағы милиционерден қызмет сатысымен өсіп, милиция капитаны шенімен 1960 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан. Жұмысындағы ұйымдастырушылық іскерлігі мен терең білімдарлығын, адамгершілік келбетін ұрпақтары ұмытпай есіне алып отырады.
– Әкем милицияда қызмет барысында бір ауыр қылмысты ашу жолында ауыр пышақ жарақатын алып, зейнеткерлікке шықты. Батыс Қазақстан облысындағы жер үй секторларына газ құбырларын тарту, газ өткізу бойынша алғаш болып өзінің қаражатын берген, өз қаражатына тұрғындарға газ өткізіп берген жан. Ауыл тұрғындарына көп көмегін жасады, өте қамқор, жанашыр жан еді. Тасқала ауданында көше есімі берілді. Тасқала ауданының құрметті азаматы, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атақтарына ие болды, – деп еске алады. Өзі де, сөзі де шымыр, кесек денелі, еңсесі жоғары әкесіне деген ұрпақтарының құрметі толастар емес.
Гүлжиян Атаниязова ның өзі ішкі істер саласында еңбек еткен жылдар ішінде Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің үздік тергеушісі деген зор атаққа ие болды. Күрмеуі қиын бірнеше қылмыстық істерді зерделеп, қазіргі қызметінін де бір минут босамайтын ішкі істер органының ардагері, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Гүлжиян Бақытжанқызымен сөйлесуге аз-кем мүмкіндік туған еді.
Гүлжиян отбасында үшінші бала екен. Әкесінің еңбек жолын қызы Гүлжиян жалғастырып алып кетеді. Жоғары білімге ие болған Гүлжиян педагог атанып мектепке орналаспады. Қалалық ішкі істер бөлімінің ғимараттарды күзету бөлімшесіне постта тұратын милиционер болып тағайындалады. Көп кешікпей арнайы комендатураға аға инспектор болады. Қарағанды жоғары милиция мектебін тәмамдаған ол тергеуші лауазымына өтеді. Алғашқы тергеген қылмыстық ісі атыс қаруларын сақтау мен пайдалануға қатысты болыпты. Жасы он төрттегі жасөспірім төрт ер баланың үстінен қозғалған қылмыстық істі зерделеген. Кілең жасөспірімдерден құралған осынау топ әлдеріне қарамай жер үйлерге ұрлыққа түсіп, кісі тонау, қарақшылық шабуыл сынды ауыр қылмыс түрлерімен бірнеше ай айналысқан. Тергеуші Гүлжиян Бақытжанқызының айтуынша, бір қылмыстық істі тергегенде, ұрылар есікті қақса, есіктің арғы жағындағы бейқам кішкентай қыз бала үй есігін аңқайтып ашып жіберіпті. Кішкене қыз есіктің сыртында қағып тұрғандардың ұрылар екенін қайдан білсін. Содан бұл төрт ұры кезекпен қызға айқайлап, жер-жерден ұрсып, жүрегін ұшырған. Физикалық дене күшін көрсеткен. Психологиялық жарақатпен соңынан ауруханаға түскен қыз бала ұзақ емделеді. Келесі ретте, осы төртеуі қарт әжейдің есігін қағыпты. Үйіне кіріп, тонаған. Үй ішін қорыс қылып, әжейді өлгенше соққыға жыққан. Ұрып-соғып, кереуетке байлаған, үйдегі пісіп тұрған тамақтарды ауызға ытқытып, азғантай уақыт өздерін үй қожайынындай сезінген. Үйден шығып бара жатқанда әжейдің қолға ілігер тәуір бұйымдарын, азын-шоғын ақшасын алып іздерін жасырған. Сөз арасында білікті тергеуші Г.Бақытжанқызы тергеу амалдары барысында осы топ мүшелерінін дауыс көтеріп, қоқаңдап, өз әрекеттерін дұрысқа санағандарын, ұялған немесе өкінген кейіптерін мүлдем байқамағанын айтады. Топтың белсендісі әрі қылмыстардың ұйымдастырушысы бұған дейін пәтер ұрлығымен айналысқан, милицияда тіркеуден өткен екен. Жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыстарды тергеген кейіпкеріміз соңына дейін өзі аяқтай саралап, нүктесін қойыпты. Бұл жасөспірімдердің жас ерекшеліктері қылмыстық жауапкершілікке тартуға келмейтіндіктен іс көп кешікпей тоқтатылады. Топ құрамындағы төртеуі де тұрмысы жағынан аз қамтылған әлсіз отбасының балалары көрінеді. Г.Атаниязова осы қылмыстар жасөспірім ұлдардың өміріне едәуір өзгерістер әклеетінін, қылмыс жасауға не итермелейтінін, өмірдің ащы-тұщысын татпаған ер балалардың қылмысқа барып, заң алдында жауапталатынын, өміріне сызат түсетінін ойлайды. Тергеуші қызметін атқарған уақытта тәп-тәуір отбасының балалары да бірнеше қылмысқа барып, өкінгендерін баяндайды.
Сотталған бір тұлға облыстық ішкі істер басқармасы бастығының атына хат жазып, тергеуші Гүлжиян Бақытжанқызына алғысын айтыпты. Істің мән-жайы былайша өрбіген.
Қаладағы жетім балалар үйінің тәрбиеленушісі көшедегі сығандарға ілесіп, балалықпен қателік жасаған. Пәтер ұрлығына жол беріп, тонаған. Соңынан барлығы құрықталыпты. Ал осы қылмыстық істі тергеуді бастықтар Гүлжиянға тапсырған. Тергеу амалдары барысында жас бала бас тартып, ұрлағандарын мойындамаған. Бірақ бірнеше бұлтартпас айғақтар жас баланың күдікті екенін нақтылап, дәлелдеген. Тергеуші қылмысты жасағанын мойындап, жазаны өтеп, сосын жаңа өмір парақтарын ашуын өтінген. Жас бала тергеушінің ақылын тыңдап, бағыт бойынша орындаған. Ол сотталады. Жазаны өзге облыста өтейді. Күндердің күнінде облыстық полиция басқармасының бастығы Г.Атаниязованы шақырып, бір жазасын өтеген баланың рахметін айтқан хаты келгенін, хатпен танысуын сұрайды. Жазасын өтеу мекемесінен келгесін, тәртібін түзеп, отбасын құрып, қоғамға араласатынын, еңбек ететін жазыпты. Расында да, хат мазмұнындағыдай болған екен. Жігіт үйіне оралып, отбасын құрған. Қызметке орналасып, бақытты тыныш өмір сүрген.
Полиция саласында 25 жыл еңбек еткен Гүлжиян Бақытжанқызы құрметті зейнет демалысына шығады. 2008 жылы адвокат болып жаңа қызметіне кіріседі. Қайратты жанына байлап, зейнет демалысына шыққаннан кейінгі уақытта да есепсіз еңбек етіп жүрген Г.Атаниязованың бүгінгі қоғамға қосар үлесі аз емес. Биыл маусым айында 65 жасқа толады. Алдағы мерейтойыңыз құтты болсын!
Гүламан Исмагулова,
Орал қ.ПБ баспасөз қызметкері