Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер органының ардагері Анатолий Константинович Зотов бұл күнде арамызда жоқ. Бірақ ол кісінің көзі тірісінде айтқан жылы әңгімелері мен ерлікке толы істері туралы естеліктері естен кетпейді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысқан немесе тылда еңбек еткен, бұл күнде көзі тірі майдангерлердің үйлеріне барып, халдерін сұрауды Орал қалалық ішкі істер басқармасының кадр жұмысы бөлімі үрдіске айналдырып, майдангер Анатолий Константиновичтің үйіне барып, амандығын білдік. Біз барсақ, Анатолий Костантинович азық-түлік дүкеніне шығып кеткен екен. Соған қарағанда «қария тың болып тұр, жарады»,- дестік. Сәл тізе бүгіп, күттік. Жарты сағаттан соң келген қария бізбен емен-жарқын сөйлесіп, соғыс жылдарындағы қиындықтар туралы әңгімелеп берген еді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда 8-кластық қана білім алып үлгерген, соңынан зұлмат соғыс басталған шақта оқуын кенеттен үзіп, біраздан кейін екі жыл білімін жалғаған жас жігіт 9 бен 10 класты кешкі мектепте оқиды. 1896 жылғы әкесі Константин Иванович көзін ашқаннан су шаруашылығында еңбек етіп, соғыс басталған жылдары 15 жасар ұлын өзінің қасына алып, еңбекке ерте араластырады. Әкесі қалыптастырған еңбек жолы жалғасын тауып, соғыс жылдарында Орал өзені бойында талмай еңбек етеді.
«Бақытты балалық шақты біз көрмедік. Соғыс жылдарында Орал өзені бойымен көп жүктер тасылатын. Тиелген жүктер Сталинград қаласына жөнелтілді. Майдан даласына қажетті тауарлар мен шаруашылық заттары су жолымен Орынборға, одан әрі Гурьев облысына дейін жеткізілетін. Бәрін фронтқа тасыды. Фронтты қамтамасыз ету алдыңғы мақсат болды. Өзіміз ішіп, жемесек те майдандағы жауынгерлерге жіберуге асығатын едік. Жау шебінде жүрген жолдастардың аш құрсақ, жалаңаш жайдақ болмауын тіледік»,-деген ардагер өз сөзінде. Иә, өз қарсыластарымен қас батырларша шайқасып, шайнасып жатты емес пе? Омбы қарларда, батпақты ормандарда күші басым жауға қарсы бірнеше күн бойы нәр татпаған, ұйқы көрмеген жауынгерлер аяусыз күрес жүргізіп жатты. Өйткені болашақтың тағдыры, жеңістің жақындауы жауынгерлердің қолында еді.
Соғыс аяқталған соң ішкі істер органына 1949-жылы келген екен. Алғашында қарапайым милиционер болып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп сапта жүреді. Бір жылдан соң Ленинград қаласындағы милиция мектебіне оқуға жіберілген Анатолий Константинович қылмыстық іздестіру саласы бойынша білім алады. Оқудан кейінгі жылдары қылмыстық іздестіру бөліміне талмай еңбегі сіңеді. Сосын тергеу изоляторында, арнайы бөлімде бір жыл, тағы да қылмыстық іздестіру бөлімінде жүріп еңбегі өлшеусіз болады. Кезекші бөлім бастығының көмекшісі қызметінен ердің жасы елуге толғанда 1976-жылы ішкі істер органынан зейнеткерлікке шығады. К.Зотовтың туған екі бауыры болған. Яғни, 1917-жылғы ағасы Георгий да соғыс басталғанда майдан даласына шақырылады. Бірінші фронттағы майдан даласында кескілескен ұрыста ауыр жарақаттанып, елін фашистерден азат ету жолында майданда көз жұмады. Ағасы Георгий бірінші фронттағы артиллерия штабында жүргізуші болып, талай жауынгерді иығына салып тасыған көрінеді.
Інісі Бористің алғашқы еңбек жолы №231-ші зауыттан бастау алыпты. Бертін келе завод «Ворошилов заводы» болып қайта түлейді. Соңынан «Зенит» зауыты деген атақ алады. Тарихы терең завод ұжымына сіңіскен інісі Борис цехта слесарь болып, алдығы қатардағы жұмысшының бірі еді. Борис Константинович әскери заводта аяғынан тік тұрып, қажырлы еңбек етті. «Зенит» зауытының цехында слесарь болып қызмет еткен інісі әскери тапсырыстарды уақытылы орындап, алдыңғы қатарлы үздік қызметкер болады.
Анатолий Костантинович көзі тірісінде Жеңіс мерекесін асыға күтетін. Бешпетін жөндеп, тазалап, өңіріндегі орден мен медальдарын тағатын. Осы кездесуде қария бауыры үзілгендерін жалғап, әр медалінің өзіне ыстық екенін айтты.
Жеңісті жақындатқан солдаттың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Гүламан Исмагулова,
Орал қ.ПБ баспасөз қызметкері