Журналист М.Алмасбекұлының Наурыз туралы шығыстанушы, дипломат Сайлау Батырша-ұлынан алған сұхбатын жариялап отырмыз.
Қазақ халқы басқа Орталық Азия халықтарымен бірге Наурыз мерекесін Жаңа жыл ретінде атап келді. Совет кезеңінде 1920 жылы Түркістан республикасы атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлұлы «Наурыз» мерекесін тойлау туралы бұйрық шығарған, алайда кейін бұл мейрамды Мәскеу ресми түрде атап өтуге тыйым салды. 1988 жылы халықтың талабымен, қазақ зиялыларының қолдауымен Наурыз мерекесін қайтадан тойлау туралы шешім қабылдады. Оған Еркеғали Рахмадиев, Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Шаханов, Уәлихан Қалижан тағы да көптеген зиялы қауым өкілдері атсалысты. 1991 жылғы 15 наурызда Қазақ ССР Президенті Н.Назарбаевтың наурыз айының 22-сін «Наурыз мейрамы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Онда қателік кетті.
– Жаңа Жарлыққа байланысты Наурыз мерекесі де жаңаша мерекеленетін болды. Біраз жылдары Наурызды басқа мемлекеттерден, көрші халықтардан бір күн кейін тойлап келе жатқанымыздың себебі неде, айтып берсеңіз?
– Наурыз – халқымыз сан мың жылдар тойлап келе жатқан табиғаттың мерекесі. Кеңес кезінде діни мереке деп шеттетілгенімен, кейінірек көпшілік қауымның талабымен қайта тойлай бастадық. Тарихқа жүгінсек, ежелгі халықтар негізінен Жаңа жылды табиғаттың жаңаруымен, яғни жер қысқы ұйқыдан оянғаннан кейін, көктем келуіне байланысты атаған. Бұл наурыз айына тура келіп отырған.
Көне яхудилердің таным-түсінігінде де Жаңа жыл «авив» айы, яғни наурыз айының соңы, сәуірдің басы болатын. Айта берсеңіз, Еуропаны басқарып отырған Рим империясында да жаңа жыл басы наурыз айы болатын. Алайда, Иисус Христос туғанынан бастап жаңа жыл біздің заманымыздың 45-ші жылы Рим императоры Юлий Цезарь жыл басын табиғат ерекшелігін, күн мен түннің теңелуін ескермей, оған діни мағына берді. Сөйтіп, христиан дінін негізін салушы Иисус Христостың туған күніне жақындатып жыл басын 1 қаңтарға апарады. Өзіңіз ойлаңыз, 1 қаңтарда не өзгереді? Сол баяғы қыс, қар, күн мен түннің еш айырмасы жоқ. Ал 21 наурызда Күн мен Түн теңеледі, 12 сағат 00 минут, 00 секунд күн, 12 сағат 00 минут 00 секунд түн, табиғат жаңарады. Бұл біздің заманан бұрын көне Парсы, Орталық Азия ғалымдары зерттеп, ғылыми дәлелдеген дүние. Оны қазіргі әлем ғарыш ғылымы, астрономия да мойындап отыр.
Алайда христиан мемлекеттері Жаңа жылды 1 қаңтардан бастайды. Америка континентіндегі мемлекеттерде де осылай. 1699 жылы орыс патшасы Бірінші Петр Голландиядан үйреніп, Ресейде жыл санаудың басын Иисус туылғанына жақындатып, яғни 1 қаңтардан басталсын деген бұйрықпен кіргізген. Одан бұрын орыстар, татар, башқұрт, ноғай және басқа түркі елдерінде Жаңа жылды Қазақстан, Орталық Азия, Шығыс елдері сияқты табиғаттың жаңарған, қыс маусымының көктемге ауысқан мезгілінде, яғни наурыз айында атап өтетін.
– Біз неге Наурызды кешігіп тойлап келдік ?
– Наурызды қайта мереке ретінде енгізуде көп жұрт күресті. Ақыры, ұлт рухы жеңіп шығып, мереке ретінде тойланатын болды. Бірақ датасында қателік кетті. Күнін шатастырып алдық. Орталық Азия халықтары, көне Иран ғалымдары күн мен түннің теңелетін уақытын, күнін, сағатына, минутына дейін тура астрономиялық дәлдікпен есептеп шығарған. Күн мен түннің теңесуі тура 21 наурызға сәйкес келеді. Бұл туралы қолымда Алматыдағы Астрофизика институтынан алынған анықтама да бар. Сондықтан да, Орталық Азия, Таяу Шығыс мемлекеттерінің жыл басын 21 наурыз деп белгілегені дұрыс. Мәселен, көрші Өзбекстанда, Қырғызстанда 21 наурыз Жаңа жыл мерекесі деп жарияланған. Түрікменстан президенті С.Түрікменбашының 2002 жылғы жарлығына сәйкес Наурыз 21-інде басталып, мереке үш күнге созылса, Тәжікстанның Президенті Э.Рахмон Наурыз мерекесін екі күн деп белгілеген, яғни ол 21-22 наурыз аралығы. Ал Иранда 21-нен бастап Наурыз мерекесіне бір апта демалыс берілген, мектептегі балалар көктемгі каникулға 15 күнге шығады.
Әйтсе де біз осыларды ескермедік. Бұған тікелей сол кездегі Үкіметте отырған адамдар кінәлі. 22 Наурыз көктем мейрамы деп шыққан Президент Жарлықты газеттен оқығанда мен аң-таң болдым, баспадан қателік кеткен шығар деп ойладым. Себебі өзім шығыстанушымын. Дереу Үкіметтегі Мәдениет басқармасының бастығына телефон соғып, осындай қате кетіпті дедім. Бірақ, ол ешқандай қателік кеткен жоқ, 22 мартта болады дейді. Шетелдегі қазақ елшіліктері арқылы басқа республикалардың Наурыз туралы шығарған қаулыларын алдырдым. Бәрі мерекені 21 наурыздан бастап тойлайды. Сөйтсем, жаңағы шенеунік «жоқ, олардыкі қате, біздікі дұрыс» дейді. Болмаған соң, дәлелдің бәрін жинап, сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары М.Жолдасбековке айттым. Ол кісі қателік кеткенін менімен келісті, алайда «Президент наурызды мереке ретінде жаңа ғана кіргізді, қазірше қоя тұрайық. Кейін түзетеміз» деді. Мен дипломатиялық қызмет бабымен шет елге кетіп қалдым, он шылдан кейін елге оралсам, еш өзгеріс болмаған, қайтадан билікке жаза бастадым. Талай мақала жаздым, Мәдениет министріне, Үкімет басшысына арыздандым. Түк шықпады, еш кім қателікті Н.Назарбаевқа айтуға жүрексінбейді. Ақыры, 2009 жылы экс-Президент Н.Назарбаевқа хат жазуға түра келді, бүкіл Орталық Азия, Таяу Шығыс халықтары Наурыз мерекесін Жаңа жыл басы ретінде 21 мартта тойлайтыны туралы толық мәлімет бердім. Сөйтіп, бұл ұсынысты Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап, жыл басы Наурыз мерекесін 21 наурыздан басталатынын, ал мерекені бір күн емес, үш күн демалыс 21-22-23 наурызда тойлау туралы Жарлық шығарды. Бұл – шындықтың бүгін болмаса да болашақта жеңетінінің айғағы.
Өздеріңізге мәлім, бүгінгі күні Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы жарық көрді. Бұл ата-бабамыздың ұлы даласында атап өтілген мейрамның мазмұндық бөлігін кеңейту, сондай-ақ жалпыға христиан жаңа жылынан кетіп, Наурыз жаңа жылына ауысуды насихаттау тұрғысынан аса маңызды, әрі тарихы қадам болып қала береді.
Күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін қасиетті Наурыз мейрамын ғаламшардағы 350 миллионнан астам адам атап өтеді. Ұлыстың ұлы күні адамзат атаулының құнды мұрасы ретінде 2009 жылдың 30 қыркүйегінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Ал 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Наурыз мерекесін – халықаралық мереке күн ретінде жариялады. Сонымен біз БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО, бүкіл әлем мойындаған Наурыз күнін уақтылы 21-де тойлайтын болдық. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күнін түркі, парсы халықтарымен қоса, әлем елдері үлкен қуанышпен қарсы алып, мерекелейді.
«Наурыз» мерекесі құтты болсын!
С. Батырша-ұлының
«Дипломат жазбалары» кітабынан