Тұрар Сәттарқызы, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі, этнолог, тарихшы
АРМЫСЫҢ, АРМЫСЫЗ!
Бүгінде “Армысың” деп амандассаң, “тәңіршілсің бе?” дейтіндер бар.
Жалпы, амандасу деген не?
Бұрынғы қазақ қалай амандасқан?
Амандасу – ата салтымыз, ұлттық құндылықтарымыздың көрінісі. Аты айтып тұрғандай, амандық сұрасу, амандық тілеу.
«Жаным – арымның садағасы» деп, АР мен ҰЯТТЫ бәрінен биік қойған қазағым үлкен кісімен «Армысыз», жасы кішімен «Армысың» деп амандасқан. «Армысыз» деп амандасқан адамға «Бармысыз», «Бармысың» деп жауап қайтарған.
Бұл амандасудың түп-төркіні ХІ ғасырда өмір сүрген ғалым Махмұт Қашқаридың «Түркі сөздігінде» жазылған екен.
«АР» сөзінің «Адам» және «Ар, ұят» деген мағыналары бар деп жазылған.
Сондықтан да байырғы заманнан бері «Армысыз», «Армысың» деп амандасудың арғы жағында «Арың таза ма ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба» деген сұрақ тұр.
Оған «Бармысыз», «Бармысың» деп, «Өзіңнің де арың таза ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба» деп сұрақпен жауап қайтарылған екен.
Қыз Жібек жырында Бекежанның мынандай сөздері бар:
Айтамын, айт дегеннен арма, Жібек,Ботасы өлген түйедей зарла, Жібек.Кеткелі жаман жарың көп жыл болды,Хабары сол жездемнің бар ма, Жібек!
Сонымен қатар дана ата-бабаларымызда жағдайға байланысты да амандасу түрлері болған.
Мал баққанға «Өріс кең болсын», «Жаяр көбейсін» десе, мал суарып тұрса, «Суарар көбейсін!», көш кезінде «Көш көлікті болсын!», жолаушыға «Сапар оң болсын», басқосуға тап болса, «Орта көбейсін!», мал сойып жатса, «Сояр көбейсін!» және т.б. сияқты ізгі тілекпен амандасу түрлері де болған.
Оң қолын кеудесіне қойып басын иеіп амандасу түрі де болған. Бұндай амандасуға халық көбінесе: «Бар бол! Өркенің өссін!» деп жауап қайтарған.
Танымайтын адам амандасып жатса, «Кімсің?» деп қатты айтпай, «Танымадық қой» деп сыпайылап жеткізген.
Араб тілінде «Ассаламағалейкум!» деп амандасу, оған «Уалейкүмсәлем!» деп жауап беру, қазақ даласына араб елінен шыққан дін таратушылармен бірге келген амандасу түрі.