Журналист ел Президенті мен Үкімет басшысына сауал жолдады. Онда елімізде соңғы кезеңде қоғам тарапынан қызу талқыланып жатқан бір кездері шетелге асырауға берілген балалардың құқықтары мәселесі көтерілген.
Фото: taulik.kz
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа,
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Премьер-Министрі А.Смайыловқа
Ата Заңымыз бойынша адам және азамат құқықтарының кепілі (гаранты) Президентімізге және Атқарушы билікті жүзеге асырушы және олардың қызметіне басшылық жасаушы Қазақстан Үкіметіне бүгінде қоғамда үлкен резонанс тудырып отырған шетелдіктерге бала асырауға беру жөнінде қоғамның бір мүшесі, қолында қаламы бар журналист ретінде сауал жолдаймын.
Біріншіден, Ата заңымызда «Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді» деп тайға таңба басқандай жазылған. Ендеше заң бойынша шетелдікке асырауға берілген кішкентай бала тумысынан (по праву рождения) Қазақстан азаматы болғандықтан ол неше жерден шетелдікке асырауға берілгенімен, қашан кәмелет жасқа толып қай елдің азаматтығын аламын деп таңдау жасағанша Қазақстан азаматы саналады. Ендеше біздің елдің Сыртқы істер министрлігі, шетелдегі біздің Елшілік пен консулдықтың есептік тізімінде кішкентай азаматымыз есепте тұрып, оның құқығы қорғалуы тиіс еді. Заң бойынша талап солай. Ал іс жүзінде қалай? Бүгінде Бельгия мемлекетінің азаматы Мұрат Савельев Қазақстанға келіп анасын іздеуде.
Ол Бельгия азаматына асырауға берілгеннен кейін екінші анасы ауырған соң сол елдің балалар үйінде тәрбиеленіпті, яғни бір емес, екі рет жетім қалып отыр. Сол кезде Бельгиядағы біздің елшілік, ондағы консулдық қызмет қайда қараған? Туған Отанынан айрылған баланың тағдыры, оның екінші рет жетімдіктің құрығына түсуі маңызды емес пе? Оның құқығы ойыншық болғаны ма?
Екіншіден, бүгінгі күнге дейін Қазақстанның қанша кішкентай азаматы шетелдіктерге асырауға берілген? Олардың барлығының тағдырлары, құқықтарының қорғалуы қандай дәрежеде? Кейбір ақпарат бойынша олардың саны 25 мың делінеді. Қаншама тағдыр?! Бәлкім жылап жүр, бәлкім органдарға сатылып кетіп жатқан шығар?
Үшіншіден, жуырда анасына кішкентайың шетінеді деп, ал іс жүзінде америкалық отбасыға беріп жіберілген қыз анасымен табысқанын отандық БАҚ жабыла жазды. 1997 жылы Астанада дүниеге келген Гүлмира Сейдж Смағұловаға асырап алған әке-шешесі анаң жеңілжүрісті болды деп өтірік ақпарат берген, соған күмәнданған қыз ақыры анасын іздеп тапты. Бұдан елімізде балаларды шетелдіктерге сататын сауда бизнесі бар деген ой еріксіз туады. Сондықтан аталған тағдырлы оқиғаны, сонымен бірге шетелдіктерге берілген барлық балалардың жай-күйлерін жіті тексеріп, жоғарыдағыдай заңсыздықтардың, адамдар тағдырымен ойнаудың жолын кесуді, заң алдында кінәлілердің жауап беруін сұраймын.
Төртіншіден, Мұрат келіп анасын іздегелі кеудесінде жүрегі бар қарапайым Қазақстан азаматтары табысса екен деп қолдарынан келгенін жасауда. Алайда ата-анасы табылар емес. Анасы туғаннан кейін отбасылық жағдайға байланысты перзентханадан сұранып, тілхат тастаған көрінеді. Бірақ қайтып келмеген. Перзентханадан қалайша сұранып кетеді, ол мүмкін бе, неге босанатын әйелді қабылдағандағы жазба бойынша адам табылмайды? Бұл жерде «Қазақ радиосының» «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы шырылдап, ал кезінде баланы асырауға беруге жол ашқан Әділет министрлігі, заң қабылдаған депутаттар, жат жерде қорғауға тиіс СІМ, шешім шығарған Сот, барлық заңдылықтардың сақталуын қадағалайтын Бас прокуратура, бала құқығын қорғайтын Омбудсмен үнсіз қалуда. Сонда тумысынан Қазақстан азаматы, шетелге барып та қайтадан жетім қалған қандастың, баламыздың құқығы қайда қалды? Неге құзырлы органдар жаныашымастық танытып отыр? «Анамды бір көріп, 30 секунд жүзіне қарап, құшақтасам болды» деген ғұмырлық сағыныштың құны қанша сонда?
Қазақстан қоғамы да, радио ұжымы да қанша тырысқанымен бала анасымен жолыға алмай, кездесе алмауы мүмкін, себебі халықтың қолында не құзырет, не билік жоқ.
Тез арада Қазақстанның әрбір азаматының құқығы мен бостандығының кепілі ретінде адам тағдырына қатысты осы маңызды мәселеге назар аударуды өтініп сұраймын. Адам – мемлекеттің басты капиталы, басты байлығы! Оларды жылатып, анасын таба алмай, зарлатып қоюға ешкімнің де, тіпті заңның да, құдайдың да алдында құқығы жоқ.
Торғайдан келіп бала алғысы келген шетелдіктермен әңгімелесіп, неге басқа ұлттың емес, тек қазақ балаларын таңдайсыздар дегенде берген жауапты құрметті Президент, құрметті Премьер-Министр сіздерге де жеткізейін.
«Біз бала асырап алайық деп көп ізденіп, көп зерттедік. Сонда сіздерде қан тазалығы бар екендігін білдік. 7 атаға дейін қыз алыспау тектің тазалығын, тұқымқуалайтын ауруларды болдырмаудан сақтайды, екіншіден, сіздің өңір артта қалғанымен адамдардың дені сау, яғни нашақорлық, маскүнемдік сияқты жамандықтар аз әрі адамдар негізінен табиғи таза азық-түлікпен қоректенеді екен. Сосын экологиялық тұрғыдан да таза. Бұл да адамның дұрыс дамуының кепілі. Үшіншіден, қазақтар алғыр, өнерлі, ғылым-білімге құштар, бұл өңірден көп белгілі адамдар шығыпты» деген-ді. Ал біз шетелге бала беру арқылы өз генофондымыздың баға жетпес құндылығын шашып жіберіп, ұлттың қазынасын қорғай алмай жатырмыз. Бұл ретте бізден «оқымады» дейтін университет бітірмеген бабаларымыз ақылдырақ екен. Жетімін жатқа жібермей, өз руының қазынасын өз шаңырағының уығына айналдырып, тегінің асылдығын сақтапты.
Сіздерге деген құрметпен, журналист, қоғам белсендісі
Анар Төлеуханқызы Төлеухан