Басты бет » Жастар үні » Бурхан АДИХАНОВ, «Болашақ» түлегі: Бір дипломмен шектеліп қалмай, ел танып, әлемдік білім алу – жастарға үлкен мүмкіндік

Бурхан АДИХАНОВ, «Болашақ» түлегі: Бір дипломмен шектеліп қалмай, ел танып, әлемдік білім алу – жастарға үлкен мүмкіндік

«Болашақ» – Қазақстан Республикасы Президентінің білім беру мен жан-жақты жетілдіру мақсатында құрылған бағдарлама. Аталған бағдарлама бойынша 15 мыңнан астам қазақстандық мұхит асып, шетелде білімін жетілдіріп келді. Бүгінгі таңда «Болашақ» қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, білім алуына жасалған теңдессіз мүмкіндік. Оған қоса, дәл «Болашақ» секілді бағдарламаның баламасы әлемде некен-саяқ екені белгілі. Бағдарлама түлектері еліміздің экономикасымен инфрақұрылымы мен жан-жақты дамуына өз үлестерін қосуда. Солардың бірі – Бурхан Адиханов. Біз Бурханмен шетелде білім алудың ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы сұрап білген едік.

Өзіңіз жайлы айта өтсеңіз? Қайда білім алдыңыз? Қазір қандай қызмет атқарасыз?

– Мен – қазақтың қарапайым ғана білімге құмар баласымын. Қазіргі таңда АҚШ-тағы Оңтүстік Флорида университетінде жасушалық молекука бағытында докторантурада оқудамын, сонымен қатар осы университетте қызмет атқарамын. Осыған дейін «Болашақ» бағдарламасымен Кембриджде тілдік оқудан өтіп, Эдинбург университетінде магистратураны аяқтадым. Елге келген соң Назарбаев университетінде жұмыс істеп, стартап жобалармен айналыстым. Солай жүргенде Америка мен Швецарияның бірқатар компаниялардың шақыртумен шетелге көштім.

Неге шетелде білім алу маңызды? Өз елімізде де сапалы білім беретін оқу орындары жетерлік емес пе?

– Әрине, өз жерімізде де мықты оқу орындары жетерлік.  Мұндағы мақсат еліміздегі білім сапасын төмен көрсету емес. Шетелдік оқу орындарының ең басты ерекшелігі – практикаға көбірек көңіл бөлуінде. Кез келген компанияда бүкіл нәрсе тәжірбиемен келеді. Мәселен, Гарвард, Оксфорд сияқты орта ғасырдан бері келе жатқан университеттердің базасы өте мол. Өзім Назарбаев университетінде докторантурамды бастап, осында жалғастырып жатқаннан айырмашылық бірден байқалды. Осы екі университетті салыстырып қарағанда ғасырға жуық білім ордасының жай ғана орналасуынан бөлек, профессорлық құрамы аса ұқыптылықпен таңдалған. Назарбаев университеті де жылдар өткен соң осындай дәрежеде болады деген ойдамын. Бір ғана Америкада 5 500 университет бар. Олар бір-бірімен қашанда тығыз қарым-қатынаста. Олар техникалық және материалдық базасымен ғана бәсекелестікке түсе алады.

Жалпы, шетелде оқу идеясы қайдан туындады?

– Қазақстанда биотехнология мамандығын тәмамдаған соң ұзақ жылдар бойы мектепте мұғалім болып қызмет атқаруға тура келді. Өйткені Қазақстанда биотехнологияны аяқтағандар тек мұғалім ғана болатын. Біз сияқты биотехнологияны аяқтаған мамандарға арнайы жабдықталған лаборатория мүлде жоқ еді. Мектепте жүргенде түрлі ғылыми жобалармен айналысып, жобаларымды ұсынып жүрдім. Мектепте соңғы жылдары бізге IELTS талабы қойылды. Одан 6,0 балл жинадым. Жан-жағымдағы шетелде оқып келіп жатқан өзім сияқты жастарды көріп, мен де бағымды сынауды жөн көрдім. «Болашақ» бағдарламасына барлық жағынан сәйкес келдім. Бағым жанып, бағдарламаның степендия иегері атандым. Осылай Кембридж қаласына барып, тілді жетік меңгеріп, одан соң оқуға мүмкіндік алдым.

«Шетелде тек ақшасы барлар ғана оқиды» деген түсінік жоқ емес. Шынында, қалталы болу шетелде оқу мүмкіншілігін арттыра ма? 

– Мен бұл тұжырыммен келіспеймін. Керісінше, өзімді барлық жағынан қалыптастырамын, дамимын деген жастар шетелде оқиды. Әрине, қаражаттың сізге еркін білім алуға мүмкіншілік сыйлайды. Әйтсе де, ақшаның жеткіліксіздігі кері әсерін тигізбейді. Өйткені «Болашақ» бағдарламасы сіздің өмір сүру қаражаттарыңызды толығымен өз мойындарына алады. Одан бөлек, отбасылы азаматтарға да бұл қаржы жетіп артылады. Сол себепті де уайымдаудың қажеті жоқ.

– «Болашақ» бағдарламасына қойылатын негізгі талаптар қандай екенін айта өтсеңіз?

– «Болашақ» бағдарламасында қазіргі таңда бірнеше бағдарлама түрлері бар. Олар: магистратура, докторантура және тағылымдамадан өту. Тағылымдамаға келетін болсақ, онда үш жыл жұмыс өтілуі болуы керек. Оның соңғы 12 айы өзіңіздің таңдаған бағытыңыз бойынша болу тиіс. Сосын университеттен шақырту келген соң, анықтамамен тест тапсыру қажет. Магистратураға келетін болсақ, IELTS кемінде 6 балл болуы тиіс. Докторантураның талаптары да магистратурамен ұқсас.

Шетелде оқу үшін ағылшын деңгейіңіз қандай болуы қажет? Тіл үйренуде қандай тәсілдер пайдалануға кеңес бересіз? Тілді қалай жеңіл әрі жылдам үйренуге болады?

– Шетелде оқу үшін ағылшын деңгейіңіз кемінде upper intermediate пен advance деңгейінде болуы қажет. Орта деңгейге жеткеннен бастап азаматтарға IELTS немесе TOEFL емтихандарына дайындықты бастауды ұсынамын. Соның нәтижесінде олар тек қана тек тілді үйреніп қоймай, сертификаттарға да дайын бола бастайды. Тіл үйренуде қазіргі таңда тәсілдер өте көп. Оның ішінде кітап оқу, сөз жаттау, түрлі фильмдер мен бейнематериалдар қарау деген сияқты тәсілдер өте көп. Ол тәсілдердің өзіндік техникасын игерсе, нұр үстіне нұр. Менің тіл үйренуде кеңесім барынша ынта қою дер едім. Тілден басқа да кез келген нәрсені жалпы жеңіл әрі жылдам үйрене салмаймыз. Әр саланың өз қиыншылықтары бар.

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасына 30 жыл толып отыр. Бағдарламаның артықшылығы мен кемшілігі жайлы не айтасыз?

– «Болашақ» бағдарламасы – біздің алғаннан кейінгі ең керемет жастарға арналған жобалардың бірі де бірегейі. Өйткені бұл – адами капиталға арналған жоба. Жастардың өсуіне, өнуіне, білім мен тәжірибе жинақтауына берілген зор мүмкіншілік. «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген мақал осындайда айтылса керек. Расында, ел мен жер көріп, бастағы білімді елге алып келудің өзі үлкен жетістік. Қанша сын айтылса да бағдарлама түлектерінің елімізге жасап жатқан жұмыстары елеулі екенін айта кету керек. Бағдарламаның қазіргі таңдағы ерекшелігі оның қолжетімді болуы дер едім. Яғни, бағдарламаға кез келген Қазақстан Республикасының азаматы бакалавр дипломын алған соң доктарантура мен магистратураға еш қиындықсыз құжат тапсыра алады. Сол себепті бұл ең тиімді бағдарлама деп ойлаймын. Кейбіреулері оқу біткен соң елге келіп, білімімен бөліскісі келмей жатады. Менің ойымша, бұл дұрыс нәрсе емес. Себебі сені күтетін елің бар. Қайта Отанға оралып, алған біліміңмен, жинаған тәжірбиеңмен бөліскеніңіз, сіздің адами қасиеттеріңіздің жоғары болғаны дер едім.

Қазіргі таңда шетелде оқыған жастардың көпшілігі елге қайтқысы келмей жатады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Мұның себебі көп. Негізінен, «Болашақпен» оқығандардан бөлек, жай ғана шетелде тұрғысы келетін адамдарда көп. Шынында, шетелді көріп, айырмашылықтарды сезінген соң қалуға бел байлауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе, солай шешім қабылдағандардың елге оралып жатқандарын көріп жүрміз. 15 000 стипендия иегерінің ішінде 264 ғана әртүрлі себептерге байланысты осындай шешімге келеді. Бұл статистикада 264 студенттің стипендиядан айырылып, шетелде қалып жатыр дегені норма деп ойлаймын. Неге десеңіздер, жақсы компаниялардан ұсыныс түсіп, жақсы қаражат тауып жатса, оның жаман жері жоқ. Түптің түбінде оларда өз елін сағынып, сырттан тапқан табысын өз еліне жіберіп не әкеліп отырғаны елге пайда деп ойлаймын. Тағы айта кететіні, егер келісімшарт бұзылған жағдайдың өзінде студент бағдарламаның қаражатын қайтарып береді.

Әлеуметтік желіңізде сіз шетелде оқығысы келетін жастарға жол сілтеушісіз. Осы жайлы толығырақ айтсаңыз…

– Бұл идея Англияда оқуды бастаған сәттен басталды. Көп таныстарым:  Қалай түстің? Қандай құжат тапсырдың? деген сияқты сұрақтарын жаудыра бастады. Алғашында Кембриджде дайындалған соң осылай болады деп тәжірибеммен бөлісуді бастадым. Сол кездері бірнеше студенттерге үйретіп, шетелге оқуға түсіне көмектестім. Одан соң көптеген қазіргі таңда үлкен қызметтерде жүрген шәкірттеріме жол сілтеген болатынмын. Қазақстанға оралған соң әлеуметтік желіде осы жайында көтере бастап, тегін кеңестер айттым. Кейін қайта Америкаға оралған адамдардың маған қызығушылығы екі есеге артты. Қазіргі таңда 100-ден аса адамның құжат тапсыруына көмектесіп жатырмын.

Шетелде оқып жүріп жұмыс жасау қиыншылық тудырмай ма? Шетелге отбасымен бару қаншалықты тиімді?

– Әрине, оқып жүріп жұмыс жасауға болады. Оны дұрыс не бұрыс деп айта алмаймын. Жалпы, Америкада жастар 14 жастан бастап жұмыс жасайды. Көптеген штатта бұл солай. Балалардың ойында тек оқып қана қоймай, өзімді шыңдауым керек деген түсінік бар. Өзім оқып жүріп жұмыс жасауға оң көзқараспен қараймын. Тіпті, өз мамандығына сай жұмыс тапса, тіптен керемет. Сондықтан да тәуекелге барудан қорықпай, армандарыңыздың орындалуына жұмыс жасаңыздар дегім келеді. Біздің заман – бір дипломмен шектеліп қалмай, ел танып, әлемнің түкпір-түкпірінен білім алатын заман.

Фариза АХМЕТ