– Бақдәулет мырза сізді саяхаттауға қандай күш итермеледі? Қай жасыңыздан бастап саяхаттай бастадыңыз?
– Жалпы саяхатшы ретінде Саяхатты 18 жасымнан бастадым. Итермелеген күш көп: достарым, қоршаған ортам. Бірақ, Францияда жүрген кезде бір кісі: “Сен қанша жыл өмір сүргенің маңызды емес, не үшін өмір сүргенің маңызды” деп жақсы айтты. Осы сөзді әлі күнге дейін басқаларға жиі айтамын және санамда берік орнап қалды. Осы сөз көкейіме қонды, сол себепті осы фразаны жиі қолданамын. Яғни, менде ішкі бір миссия болды: әлемнің 7 құрлығын аралап, қазақ тілінде кітаптар жазайын, еліме пайдамды тигізейін деген. Осы мақсатпен Еуропаны аралай бастадым. Ал, қазір АҚШ туралы кітап жазып жатырмын. Жалпы, саяхаттауға итермелеген күш әлемді араласам деген мақсатымнан басталды.
– Саяхаттауға қаржыны қайдан табасыз яки, немен айналысасыз?
– Жалпы кіріс көзім көп,бірінші ағылшын тілі курсым бар бұл бірінші табыс көзім, онлайн әртүрлі жобаларда жұмыс істеймін, одан бөлек жеке шығармашылығым арқылы да табыс табамын. Ал қазіргі таңда Лос-Анжелесте компанияда редактор болып жұмыс істеп жүрмін. Мен жалпы, саяхатты тек қана қыдыру, демалу ретінде қарамаймын. Саяхаттауды бір зерттеу ретінде жаңа адамдармен танысу, сөйлесу, таным көкжиегіңді кеңейту мақсатында қараймын. Сонымен қатар, мен бір елге шықпас алдын қанша қаржы керек жоспарлаймын, қажетті қаржымды топтап аламын.
– Еуропаның қай қаласына саяхаттаған тиімді? Ал, қай қалаларға саяхаттау қажет емес деп ойлайсыз?
– Алдымен саяхаттаудың моралін түсініп алған дұрыс деп ойлаймын. Не үшін саяхаттайсыз? Бұрынғы кезде жауынгерлердің жаулау(барлау) әрекеттерін қоспағанда саяхатшылардың екі типі болған. Біріншісі мемлекет тарапынан жіберіледі. Еуропада Марко Поло деген саяхатшы болған. Ол Азия даласына саяхаттаған. Екінші типтегі саяхатшылар – іздену, білім алу, таным көкжиегін кеңейту мақсатында баратындар. Мысалы, әл-Фарабиді, ибн Синаны айтуға болады. Біздікі екінші типке жақынырақ. Мемлекеттік грантпен барғанның өзінде бізде жеке қалау, мақсат болды.
Өзіме ұнаған, жаныма жақын болған қала – Амстердам. Қала өте тыныш. Менің қалыптасқан көзқарастарым бұзылды. Көбі Амстердамда ЛГБТ мүшелері өте көп, зиянды нәрселер сатылады деп ойлайды. Ал мен, керісінше, Еуропаның басқа қалаларымен салыстырып қарағанда, өте көп мешітті байқадым және мұсылмандар да көп.Екінші қатты ұнаған қала – Барселона. Маған тек бір елдің мәдениетіне бағытталған емес, халықаралық мәдениеттер тоғысқан қалалар ұнайды. Ондай қалаларда әртүрлі адамдарды кездестіруге болады. Міндетті түрде туристік атақты кешендері болса, тіпті жақсы. Соның бірі Барселона болды. Оның да халқы көп, сақ болу керек, көліктер тез жүреді. Ұрлық-қарлық көп болады.
Үш қалаға тоқталайын деп шештім. Үшіншісі – Милан қаласы. Мен керемет деңгейде болмаса да, киімге, стильге қызығамын. Миланда арнайы галереялар бар, арнайы брендтердің музейін көруге болады. Қалада салыстырмалы түрде адам аз, мен үшін бәрі қолжетімді көрінді. Тамақтары да арзан, көлік жағы да тиімді. Барселона мен Миланның адамдары өте ашық-жарқын. Сізбен танысуға тырысады. Ал маған ұнамаған қалалардың бірі – Франкфурт. Біріншіден, үйсіз-күйсіз адамдар өте көп. Еуропадағы қаржының орталығы болғанына қарамастан, кедей адамдардың көп болуы мені қынжылтты. Екіншісі Сарагоса болды. Ол – кішкентай қала. Қатты бір қызық нәрсе көре алмадым. Мадридтің бір ауданы секілді. Негізі, Еуропа қалаларының басым көпшілігі ұнады.
– «Шекарадан ассын миың» деген кітабыңыз жайында таратып айтсаңыз.
– 19 жастағы жігітті өзгелер қате түсініп қала ма деген қорқыныш болды. Сол үшін барғым келмеген қалаға да бардым. Қалай болады екен деп зерттеп көрдім. Бұрыннан кітап жазғым келетін. Әртүрлі тақырыпта. Анам бастапқы кезде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болды да, кейіннен кәсіпке ауысып кетті. Өлең жаттау болсын, барлық қасиеті маған қалды десем болады. Республикалық тарих олимпиадаларынан орын алып жүрдім, бір сөзбен айтқанда, сөз саптауым жақсы болды. Мектепте эссе жазу бойынша жазу қабілетім де шыңдалған. Солай кітап жазу идеясы келді. Өзім Білім инновация лицейінде оқығанмын. БИЛ-де 8-сыныптан бастап көбіміз күнделік жазатын едік. Ата-анамыздан бөлек тұрып оқығандықтан қызық болды, бір жағынан есеп беруге жақсы еді. Ал енді Еуропаға бардым. Жалғыз өзім. Франциядан қырғыз, өзбек бауырларымызды таба алмадым. Сонымен күнделік жаза бастадым. Қазақ тілінде жаздым. «Орыс, ағылшын тілінде жазуға болады ғой, сатылымы көп болады» деген ұсыныс түсті. Кітаптың атауына байланысты әртүрлі ой болды.
«Сәлем, Еуропа!», «Алло, Еуропа» деп қойсақ деген ой да болды. Әйтеуір Еуропа дегені болу керек деп ойластырдық. Бір ньюансты айта кетейін. Сіз шетелде жүргенде міндетті түрде қазақша бірнәрсе іздейсіз. Кино көресіз, ән тыңдайсыз. Мен «91» тобының әнін тыңдадым. Сонда қайырма секілді «Шекарадан ассын миың» деген жол болды. Маған қатты ұнап қалды. Алдағы уақытта келесі кітаптарым да «Шекарадан ассын миың. Америка, Түркия…» деп аталатын болады. Кітап үш бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім – «Саяхатшының күнделігі». Саяхатшылар туралы кино көріп, түрлі материал жинауға тырыстық. Екінші бөлім «Бала шақтан болашаққа» деп аталады. Соңғысы – «Еуропада үйренген 10 құпия».
– Білуімізше сіз полиглот екенсіз. Қазақ тілінен бөлек, испан, француз, неміс, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлей аласыз. Шет тілдерін қанша уақытта меңгердіңіз?
–Тіл білу бизнес секілді. Егер бизнеске тұрақты түрде назар аудармасаңыз, оны ұмытасыз. Мен әрдайым еске түсіріп отырамын. Қазақ тілі мен орыс тілі түсінікті деп ойлаймын. Ал ағылшын тілі мен түрік тілін лицейде оқығанмын. Оныншы сыныпта Германияға оқуға түсуге деген шынайы ниет болды. Сәл уақыт жағынан кеш дайындық бастап, карантин болып кетті. Неміс тілін үйрендім, бірақ оқуға түсе алмай қалдым. Одан кейін қызығуым кеміді. Француз және испан тілдерін Халықаралық қатынастар және дипломатия мамандығында оқып жатқан соң таңдағанмын. Дипломаттар француз тілін білуі шарт. Испан тілі маған қызық көрінді. Қазіргі кезде осы тілдерді қайталап оқып жатырмын. Негізі тілді еркін, тез меңгеру үшін ең алдымен сол тілге қызығу керек.
– Сұхбат соңында шетелде білім алғысы келетін немесе саяхатқа қызығатын жастарға сізден кеңес…
– Оқу жағынан айтатын болсам, ертерек дайындалған дұрыс. Саяхат жағынан ең бірінші виза карта болғаны дұрыс. Сосын қаражатыңыз маңызды. Шетелде бәрі мүмкін. Арзан бағаға тамақтануыңыз мүмкін немесе қымбат бағаға алданып қалуыңыз мүмкін. Ал жұмыс жағына тоқталсақ, шетелде жұмыс істеп жүргендер өте көп. Мысалы, Google секілді компанияларда жұмыс істеп жүрген кісілерде бәрі тамаша, айлық жағынан да, өмірлік жоспар бойынша да. Қазақстанға оралғанда үлкен тәжірибемен келеді. Ал қара жұмыс істеу үшін Еуропаға немесе шетелге бару, аса мұқтаждық болмаса, керек емес дер едім. Өйткені сіздің потенциалыңыз болса, сол жақта тапқан табыстан кеткен шығынды алып тастасақ, дәл осы жақтан да таба аласыз. Егер тіл білмесеңіз, аз айлық аласыз. Осыны да ескерген жөн.
– Әңгіме-сұхбатыңыз үшін көп рахмет!
Сұхбаттасқан: Альфия Досанхан,
Ахмет Ясауи университетінің 4 курс студенті
yassy-tur.kz