2014 жылы есірткі тасымалдады деп Қытайда өмір бойына сотталған Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысты тергеу ісінде өзгеріс жоқ. Отандасымызға зат тасымалдасын деп ақша ұсынған нигериялық азамат Қазақстанға экстрадицияланбай жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратура Тұрлыбайға киім деп есірткі беріп жіберген адамның Нигерияда қамауға алынғанына бір жарым жылға жуық уақыт өткенін мәлімдеді. Оны Алматы полициясы тергеп жатыр.
“Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунаға қатысты «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен есірткі құралдарын, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз алу, сақтау, тасымалдау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оны экстрадициялау туралы сұрау дипломатиялық арналар арқылы Нигерияның құзырлы органдарына жіберілді”, – деп мәлімдеді бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталды. Одан 4 келі есірткі табылды. Сол үшін оған есірткі контрабандасы үшін айып тағылды. Бұл Қытайда өте ауыр қылмыс боп саналғандықтан, 20 жастағы бойжеткен өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Ақжарқынның қорғаушысы оның нигериялық есірткі мафиясының құрбаны болғанын мәлімдеді. Айтуларынша, оған нигериялық жігіт Қытайға бір сөмке бренд киім-кешегін тасымалдауды сұраған.
Адвокаттар қыздың Қазақстанға оралуын талап еткенімен, Қытай соты шешімді өзгертпей, айыпталушыны беруден бас тартты. Ол жазасын Қытай түрмесінде өтеп жатыр.