Алматы облысы Қарғалы ауылындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімдері Фариза Мухатова мен Бану Абдраимова «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның университетінде біліктілігін арттыруда. Шетелде олар қашықтан оқыту әдіснамасы және әдістемесін зерттейтін болады.
«Өскелең ұрпаққа білім беруде ұстаздың үздіксіз дамуы маңызды деп ойлаймын. «Білімді ұстаз – білімді оқушы»
қағидасын ұстанамын. Ұлыбританияда қашықтан оқыту әдістемесін зерттейтін боламын. Менің ойымша, бұл қазіргі заманда, әсіресе ауыл мұғалімдері үшін өзекті тақырып. Шетелде біліктілігімді арттырып, алған білімімен әріптестеріммен бөліскім келеді», — деп атап өтті «Болашақ» стипендиаты Бану Абдраимова.
«Болашақ» бағдарламасымен денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм, агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлері, мектеп,
колледж педагогтері, инженер-техниктер, мемлекеттік қызметішлер, сондай-ақ БАҚ қызметкерлері тағылымдамадан өте алады.
«Өзім де ауыл мектебін бітірдім. Жоғары білім алғаннан кейін ауыл балаларына ағылшын тілін үйрету үшін туған өлкеме оралдым. Шетелге оқуға барамын деп ойламаппын. Білім мен өзіңе деген сенім әрқашан қалаған нәрсеге қол жеткізуге көмектеседі. Оқушыларымның да әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндігі болады деп үміттенемін», – дейді «Болашақ» стипендиаты Фариза Мухатова.