Басты бет » Жаңалықтар » Әлібек ӨМІРБЕКҰЛЫ, жас режиссер: ФЕСТИВАЛЬДЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАНАУИ ТЕАТР ТЫНЫСЫН СЕЗІНДІМ

Әлібек ӨМІРБЕКҰЛЫ, жас режиссер: ФЕСТИВАЛЬДЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАНАУИ ТЕАТР ТЫНЫСЫН СЕЗІНДІМ

 Қараша айының 1-6 аралығында Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры тұңғыш рет Республикалық деңгейде Жастар театрлары фестивалін өткізді. «Ең үздік режиссер» номинациясын иеленген жас режиссерлердің ішінде Әлібек Өмірбекұлы да бар.

– Фестиваль сізге несімен ұнады?

– Менің ойымша, аталмыш фестиваль үйреншікті фестивальдерден мүлде өзге форматта өткізіліп жатыр. Ешқандай қазылар алқаcынсыз, талқылаусыз, еркін, креативті форматта. 35 жасқа дейінгі режиссерлердің жұмысын көпшілікке көрсету, тәжірибе алмасу, танысу мүмкіншілігі болып, бастан-аяқ жоғары деңгейде өтті. Барлық өзіммен қатарлас режиссерлердің жұмысымен толық таныса алдым. Қазіргі заманауи театр тынысын сезіндім. Дегенмен жабылу салтанатында айтылған хабар бойынша, «кейінгі уақытта 35 жасқа дейінгі актерлердің жұмысын фестиваль ретінде көрсетеміз» деген оймен келіспеймін. Алдағы уақытта да тура осы бағытта өткізіле бергені дұрыс. Елімізге ең қажетті фестивальдің қатарына кіруге лайық!

– Неге «Қыз Жібек» драмалық операсын қоюды мақсат тұттыңыз? Шығарма несімен сізге қызық болды?

– Шығармада көтерілетін мәселелердің тек бір нәрсесін ғана басып айту қиын. Өйткені мен бұл спектакльдің сахналарын 3-4 жыл бұрын құрастырып қойғанмын. Сол мезетте «Қыз Жібекті» коюдағы мақсатым өкінішке орай, есімде жоқ. Тек бір білетінім, шығарма маған өте қатты ұнайды.

– «Қыз Жібек» спектакліндегі актерлерді қалай таңдадыңыз? Жалпы қойылым қойған кезде актер қауымының қандай ерекшелігіне көзіңіз түседі?

Шынайылығына қараймын. Сахнада өтірік, пафоспен өмір сүретін актерлер маған керек емес. Тіпті, олар тым әдемі болғаны да маңызды емес. Бастысы – ішкі жан дүниесі мен «өмірдегідей» өмір сүруі. Бірнеше театрда қойылым қойдым. Менің қаталдығым мен тәртіпке қатты қарайтынымнан көп актерлер дайындық уақытында қашып кетіп жатады. Ең әуелі, жұмысына салғырттықпен қарайтын адамдарды жаным сүймейді. Тәртіп бар жерде – табыс бар.

– Сіздің ойыңызша, заманауи театр қандай болуы керек?

– Үш сөзбен айтайын. Заманауи театр мен үшін – шынайылық, театрға деген махаббат, сенімділік.

– Фестиваль аясында көрсетіліп жатқан шоу кейс бағдарламасында жекеменшік театрлардың да қойылымдары жүріп жатыр. Сол театрлардың жұмыс жасау бағыттары еркін, яғни цензурасыз сахнада өмір сүреді. Сіздің бұл нәрсеге ойыңыз қандай?

– Театр цензураны көрсететін орын емес. Ондай ерсі қылықтар мен анайы сөздерді қосып, «өмір сүретін» актерлерге өте ұят деп ойлаймын. Ол театр өнерін мазақ етіп қана қоймай, театр мәдениетін өте төменгі деңгейге түсіріп жібереді. Мен тіпті, фестивальде көрсетілген кейбір спектакльдерден әйел адамды ұрған, зорлық қылған, сабаған сахналарды байқадым. Меніңше, шығармада көрсетілген ондай жағдаяттарды режиссерлер көркем тілде жеткізе білсе екен дегім келеді. Сахнада актрисаға қол жұмсаудың қажеті жоқ.

Аружан Оразова,

Театрдың баспасөз бөлімі