Соңғы уақытта елімізде тарихи, мәдени ескерткіштерге жазу жазып, сурет салу, бүлдіру сынды бұзақылық әрекеттер жиілеп кетті. Осы жағдайларға тосқауыл қою мақсатында Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық акция басталды.
Осыған орай «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанатының мүшелері «Вандализмге жол жоқ!» ұранымен Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акция өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысындағы ел дамуына қатысты ой-толғамында атап өткендей, ел мен жерге деген жанашырлық – «Адал азамат» тұлғасының ең асыл қасиеттерінің бірі.
Алайда, соңғы кезде вандализм, әсіресе қорықтар, табиғи саябақтар мен киелі орындарда орын алған келеңсіз оқиғалар туралы хабарламалар жиілеп кетті. Сондықтан, тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару мақсатында, сондай-ақ туған жердің табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру үшін «Жастар Рухы» жастар қанаты ұлттық қазынаны қорғауға арналған акцияны бастады. Атап айтқанда, белсенділер еліміз бойынша ескерткіштерді, онымен іргелес аумақты тазартып, ретке келтіреді. Жастар осы іспен қатар туған өлкенің тарихын, дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды зерделеуге мүмкіндік алады.
50-ден астам рухтастар акцияны «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жұмақтас» жартасын тазалаудан бастады. Бұл жартас – тек тарихи ескерткіш қана емес, сонымен қатар мәдени мұра. Акцияға волонтерлерге әдістемелік және басқа да жалпы көмек көрсететін Ұлттық парк пен облыстық мәдени мұраны қорғау орталығының мамандары қатысты.«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, бұл акция – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі ғана емес, жастардың халық игілігін қорғауға қосқан үлесі.
«Мұндай ескерткіштер бүкіл қазақ халқына ортақ мұра, ол ұлттық бірегейлігімізді айшықтайды. Президент өз Отанын шын сүйетін адам туған елінің табиғатын да барынша қорғайды деп бекер айтқан жоқ. Біз қазір қоғамда ілгерілетуге және қалыптастыруға ұмтылып жүрген патриотизм идеясы да осыған саяды деп ойлаймын. Осынау игі акция қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегінде топтастырады деген сенімдеміз. Қазақстан азаматы ретінде Мемлекет басшысының идеясын қолдауды маңызды деп санаймыз. Сондай-ақ, еліміздің басты мерекесі – Республика күні қарсаңында мәдени және табиғи мұрамызды бағалайтын, оның болашағына бей-жай қарамайтын азаматтарды, қоғамдық ұйымдарды бізге қосылуға шақырамыз», – деді ол.
«Жастар Рухы» белсенділері сарапшылармен және қоғам белсенділерімен бірге еліміздегі барлық ұлттық паркке, «Аққайнар» петроглифтік кешеніне, «Тамғалы-Тас» шатқалына және басқа да нысандарға барып, қоқыстар мен жазулардан тазартты.