Астанада хоспистегі қарттар мен мүгедек балаларды қорлаған медициналық студентке үкім шықты, деп хабарлайды Jastar janary порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
«Жылқыбайұлы Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1 және 2-тармақтары бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және оған 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтесін. Жылқыбайұлына қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілсін, дереу қамауға алынсын», — деді судья Бағлан Ыдырысов үкімді оқи отырып.
Сотталушының кінәсі бейнежазбалармен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен дәлелденген.
Жас жігіт хосписте санитар және оңалту орталығында жаттығу терапиясының нұсқаушысы болып жұмыс істей отырып, физикалық жаттығулар кезінде егде жастағы және кәмелетке толмаған науқастарды жүйелі түрде ұрып-соғып, азаптаған.
Азаматтық арыз ішінара қанағаттандырылды.
Атап айтқанда, сот Жылқыбайұлынан Д-ның пайдасына (жәбірленушінің өкілі) — 2 млн теңге, Қ-ның пайдасына (жәбірленушінің өкілі) — 2 млн теңге өндіріп алу жөнінде қаулы шығарды.