Басты бет » Жаңалықтар » Жамбыл облысында қызды алып қашқан 2 адам сотталды

Жамбыл облысында қызды алып қашқан 2 адам сотталды

Тараз қаласының №2 сотының шешімімен Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының азаматтары қызды алып қашқаны үшін сотталды. Бұл туралы Жамбыл облысының прокуратурасы хабарлады.

Фотосурет ашық көздерден алынған

2022 жылдың көктемінде «Ж» есімді азамат ортақ таныстары арқылы «А» есімді азаматшамен танысқан. Бірнеше кездесуден кейін, қыз қарым-қатынасты одан әрі жалғастырудан бас тартқан. Алайда осыған қарамастан, «Ж» есімді азамат қызға үйлену үшін алып қашуға шешім қабылдаған.

2023 жылдың ақпан айында Таразға келіп, «Ж» есімді азамат пен досы бірге өз жоспарын жүзеге асыруға кірісіп, қызды алдап, көлікке күшпен отырғызып, қаладан алып кетуге тырысқан. Көршілер қыздың көмекке шақырғанын естіп, полиция қызметкерлеріне жүгінген. Полиция жедел әрекет етіп, күдіктілердің көлігін ұстады.

21.09.2023 жылы Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сот үкімімен екеуі де – қызға үйленуге ниетті жігіт пен оның досы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ұрлау, оның ішінде қыз алып қашу адам құқықтарын және бостандық пен теңдіктің негізгі принциптерін бұзу болып табылатынын атап өткен жөн.

Осыған байланысты прокуратура адам ұрлаудың нақты бас бостандығынан айырумен жазаланатын ауыр қылмыс екенін ескертеді.