Басты бет » Даналық дәптері » Әділетсіздікке қарсылық

Әділетсіздікке қарсылық

немесе

Қасіретті жеңген махаббат

Желтоқсан бірде, ел тоқсан түрде.
Келетін мүлде жайдарлы.
Сол жылы бірақ, әдеттен жырақ,
Көрінді шын-ақ айбарлы.

1986 жылғы желтоқсанды ақындар осылайша жырлады.
Расында да, сол жылғы желтоқсан қысқы ызғарын ғана төгіп қоймады. Жанға жара салды. Сан мыңдаған жасқа қасірет шектірді. Сол күндерде ерлерге қоса қазақ қыздарының көрсеткен қайсарлығы бүгінде көпке үлгі. Әділетсіздікті жеңген аруларымыз махаббаттарына да адалдық таныта да білді.
Сол бір ұмытылмас қаһарлы күндерге, яғни Желтоқсан көтерілісіне биыл 25 жыл толып отыр. Ендеше, Тәуелсіздік жолындағы күрестің қасиетті де қасіретті, соңғы сойырлы соқпақ жолы ретінде ел есінде қалған Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарын қалай ұлықтасақ та артық етпесі анық.

%d0%b6%d0%b5%d0%bb%d1%82%d0%be%d0%ba%d1%81%d0%b0%d0%bd

Расылхан мен Роза

Расылхан Омарұлы Құдайбергенов 1964 жылы 5 сәуірде Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Аудандағы мектеп-интернатты бітірген соң, Алматы кино техникумына оқуға түседі. Желтоқсан көтерілісі кезінде аталған оқу орнының ІІІ курсында оқып жүреді. Алаңға шығып, тотаритарлық жүйеге қарсылық білдіргені үшін бес жылға бас еркіндігінен айрылған. Кейіннен ақталды. Қазір Алматыда тұрады. Расылхан Құдайбергенов басқаратын «Азамат-құрылыс» компаниясы Желтоқсанның 20 жылдығына орай Алматы қаласындағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткіш кешенін тұрғызған. Ол Желтоқсан көтерілісінен кейін қатты қысымға ұшырап, нақақ жазаланғанымен еліміздің ертеңгі күндері бәрібір тәуелсіздікке жеткізетіндігіне үміттенгендігін айтады. Әрі сол бір қиын-қыстау шақта сүйген қызының қасынан табылып, жігерлендіргені селкеу түскен көңілге сенім ұялатып, үлкен демеу болды дейді ол.
– Желтоқсан менің жап-жас өмірімді мүлдем күтпеген әрі күрделі соқпаққа бұрып жіберіп, бұла тағдырымды ылаңға түсіріп, тәлкекке ұшыратқанымен шүкір, мұқалта алмады. Ең бастысы – түбі әділеттіліктің салтанат құратындығына деген сенімімді жоғалтуға күші жетпеді, кемел келешекке деген үмітімді ұрлай алмады. Бұл жолда сол кездегі сүйген қызым, бүгінде аяулы жарым Розаның соншалықты қиындықтар мен көптеген кедергілерге қарамастан, қасымнан табылып, қазақ қыздарына тән қайсарлық танытып, кіршіксіз махаббатқа деген адалдығы мені сол тар жол, тайғақ кешуден алып шықты десем, ешқандай артық айтпаған болар едім.
1986 жылы ойымызда ештеңе жоқ, өзіммен бір курста оқитын сүйген қызым Роза Ариповамен отау құрмақ болып уағдаласып, әке-шешем келін түсіру қамымен дайындалып жатқан еді. Алайда желтоқсан алсапыраны – «байтал түгілі, бас қайғы» деген жағдай бұл ойымызды кейінге шегергенімен, одан бас тартқыза алмады. Роза мені Читадағы түрмеге іздеп келіп, екеуміз сол жерде некемізді қидық.
Бұл ретте осы бір сын сәттердегі жағдайларды өз басынан қалай өткергені мен қалайша сезінгені турасындағы Розаның өзінің төмендегі қысқаша естелігі оқырманға қызықты болар деген ойдамыз.
«Тобымыз өте ұйымшыл, барлық іске бір адамдай араласатын. Мен үшін тобымда оқитын Расылханның орны бөлек болатын. Көбіне ойымыз да, пікіріміз де бір жерден шығатын. 16 желтоқсан күні тобымыздан біраз жастар алаңға шықтық, ондағы болған қырғынды өз көзімізбен көрдік. Сол күні Расылхан соққыға жығылып, оны қала сыртына апарып тастады. Бірнеше күннен соң, оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, бес жылға бас бостандығынан айрылды. Қимай қоштастық. Келер жылы біз оқуымызды бітіріп, мен ауылға келіп, жұмысқа орналастым. Студенттік өміріміздің ең қызық кезеңін бірге өткізген Расылхан екеуміз хат жазысып тұрдық. Біз бірге шаңырақ құру туралы шешімге келдік. Бұл ойымды мен анама айттым. Әрине, менің бұл шешімім олар үшін тосын жағдай болғаны анық. Қай ата-ана болмасын өз баласына тек жақсылық тілейді ғой. «Ата-ананың ақылы – қазулы қара жолмен тең» деп бабаларымыз текке айтпаған болар. Ойласа келе анам Гүлмайрам мен әкем Мұрат ақ батасын беріп, мені шығарып салды. Сөйтіп, 1989 жылы Расылханның артынан Ресейдің Чита қаласына қарасты Маккавеевада отау құрдық. Осы жылы Мұхтар Шаханов ағамыздың араласуымен Расылханның жазасы қысқартылып, ақталды. Біз елге оралдық. Бүгінде шаңырағымызда үш бүлдіршініміз өсіп келеді. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан олардың бақытты болатынына менің сенімім мол».

%d0%b5%d1%81%d0%ba%d0%b5%d1%80%d1%82
Иә, Расылхан мен Розаның ел тәуелсіздігін алуы жолындағы орнатқан ең еңселі ескерткіштері – кеңестік тоталитарлық жүйеге қаймықпай қарсы тұрып, сол «ұлтшылдық» үшін алған жазаны бірге абыроймен өткізгендерінде болса керек. Дегенмен де еліміз тәуелсіздігін алып, тәубе еткеннен кейінгі уақыттан бері Расылханды азамат ретінде мазалап жүрген жайттың бірі – желтоқсандықтар рухына арналған лайықты ескерткіштің бой көтеруі еді. Оның ойынша, желтоқсандықтар ерлігі қандай дәріптеуге де, марапатқа да болсын лайық. Бұл ретте желтоқсанның жиырма жылдығы қарсаңында құтты орнына қондырылған (Желтоқсан және Сәтбаев көшелерінің қиылысы) «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші қазақ рухына айбын беріп, жалпы бұл тақырыпқа жаңа тыныс, соны серпін әкелгендей әсер еткені бар. Ал, осы игілікті істі атқаруға Расылханның басқаруындағы, кезінде желтоқсандық жігіттердің бастамасымен құрылған «Азамат – құрылыс» компаниясының үлесін қосқаны өзінше үйлесімді. Өйткені, күні кеше Расылхандар тікелей бастан өткерген желтоқсан көтерілісінің маңызын терең сезіну арқылы осы ескерткіш көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.

Жалғасы бар…

«Желтоқсан қарлығаштары»
публицистикалық кітабынан алынды

Пікір жазу