Басты бет » Жаңалықтар » «QAITADAN» фильмі STEPPE AWARDS сыйлығының жеңімпазы атанды

«QAITADAN» фильмі STEPPE AWARDS сыйлығының жеңімпазы атанды

Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген «QAITADAN» фильмі жетістіктерін жалғастырып, Қазақстанның креативті индустриялары саласындағы басты марапат – STEPPE AWARDS сыйлығының иегері атанды. Картина «Кинематограф» номинациясында жеңіске жетті.

Фото: kazakhcinema.kz
«QAITADAN» – режиссер Думан Еркімбектің толықметражды дебюттік туындысы. Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Dala Cinema» компаниясы түсірген болатын. Жоба 2023 жылғы кино жобаларының питчингісінде жеңімпаз атанып, мемлекеттік қолдаумен түсірілген және прокатта 1 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған алғашқы отандық фильм ретінде тарихқа енді.

Фильмде қалада өскен Рауан есімді жігіттің ауылға тап болып, жұмбақ уақыттың ілмегіне түсіп қалуы баяндалады. Сол жағдайдан шығуға тырысқан ол өз өмірін түбегейлі өзгертетін үлкен апаттың куәгері болады. Кино ұрпақтар сабақтастығы, жауапкершілік, қауіпсіздік және өзара көмек тақырыптарын көтереді.

Басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Шұғыла Ешенова, Айбек Әзімбек және Ермек Шынболатов сомдаған. Түсірілім жұмыстары Алматы облысында өтті. Фильмде компьютерлік графикамен қатар шынайы арнайы эффектілер де пайдаланылған. Қоюшы-суретші – Бекен Нарбай. Продюсерлер – Жалын Тлеубергенов пен Талғат Сырманов.

STEPPE AWARDS – Қазақстандағы креативті индустриялар саласындағы жетістіктерді атап өтетін марапат. 2025 жылы сыйлықтар 16 номинация бойынша табысталды: Олар кинематограф пен театрдан бастап креативті IT, урбанистика, Digital art және арнайы Steppe Women аталымына дейін.

Биылғы марапаттың тақырыбы – «Ренессанс». «The Art of Becoming» ұранын негізге алған ұйымдастырушылар ізденіс, қозғалыс пен түрлену рухын бейнелеген жобаларды атап өтті.