Басты бет » Жаңалықтар » Оқу-ағарту министрі «ҰСТАЗЫМ МЕНІҢ, ҰСТАЗЫМ!» челенджін бастады

Оқу-ағарту министрі «ҰСТАЗЫМ МЕНІҢ, ҰСТАЗЫМ!» челенджін бастады

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлеуметтік желіде келе жатқан Ұстаздар күніне орай «ҰСТАЗЫМ МЕНІҢ, ҰСТАЗЫМ!» челенджін бастап, жазба жариялады.
Ғани Бейсембаев: «ҰСТАЗЫМ МЕНІҢ, ҰСТАЗЫМ!» челенджі
Құрметті әріптестер, менің қадірлі ұстаздарым!
Биыл ресми түрде бекітілген төл мерекеміз – Мұғалімдер күні қарсаңында өзімнің аяулы ұстаздарым жайлы естеліктеріммен бөліскім келеді. Ең алдымен Хәкім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» қағидасын бойыма әбден сіңірген, өмірлік ұстаздарым — ата-анама алғыс айтқым келеді. Кезінде біз бір қабатты, сабан кірпіштен қаланған, шағын мектепте тәлім алдық. Сол аядай ғана білім ұясын оқушыға деген махаббатымен зәулім әрі жарық еткен ұстаздарымды әрдайым құрметпен еске аламын. Әсіресе алғаш «Әліппемен» таныстырып, сауатымызды ашқан Қызылбаева Дәмеш апайыма мың тағзым етемін. Бүгінде ол кісі тоқсанның төріне шыққан ардақты әже. Дәмеш апайдан кейін 4-7 сыныпта бізді өз алақанына алған Сыздықова Күлтай апайымыз да жадымызда. Әуелде қатал көрінгенмен, қамқоршы болған ұстазымыздың жақсылықтарын бала көңіл қайтіп ұмытсын?! Одан кейінгі қызық та ең қиын кезең, бозбала мен бойжеткен сәтімізде тәлімі мен тәрбиесін көрген сынып жетекшіміз Сейілова Ұлтай апайымызды ұмыту тіпті де мүмкін емес. Ұлтай апайдың сол кездегі бейнесі «Қыз Жібек» фильміндегі Жібекке ұқсайтын. Қазақ әдебиетінен дәріс беретін ұстаз әдеби шығармалардың мәнін ашып, талдау жасағанда бүкіл сынып ұйып тыңдайтынбыз. Қиялымызға ерік беріп, өзімізді оқиғаның ішінде жүрген кейіпкердей сезінуші едік. Сол арман алдыға жетелеп, менің де осы ұлағатты жолды таңдауыма ұстаздарымның тәлімі түрткі болғаны сөзссіз. Педагог ретінде қалыптасу жолымда тәлімгерлік еткен жандарды да ешқашан ұмытпаймын. Дәлелхан Мусин, Раушан Букаева, Антонина Бондарева, Қанипа Бітібаева, Шәмшә Беркімбаева ұстаздарым бұл өмірден озса да, олардың есімі мәңгі жадымда…
Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында тынымсыз еңбектеніп, ағартушылық қызметті абыроймен атқарып жүрген және зейнет демалысындағы педагогтер қауымына шынайы ризашылығымды білдіре отыра, әрқайсыларыңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Шәкірттеріңіздің құрметіне бөлене беріңіздер, мерейлеріңіз үстем болсын!
Кәсіби мерекемізге орай, барша қазақстандықтарға және Нұртөре Жүсіп, Askhat Aimagambetov, Тамара Дүйсенова, Aida Balayeva, Sayasat Nurbek, Giniyat Azhar әріптестеріме «Ұстазым менің, ұстазым!» атты челленж жолдаймын. Аяулы ұстаздарыңыз жайлы жылы лебіздеріңізді білдіріп, қызықты естеліктеріңізбен бөлісуге шақырамын.