Басты бет » Жастар үні » 18 жасында кәсіп ашқан Бейбарыс

18 жасында кәсіп ашқан Бейбарыс

Жас келсе, іске! Бүгінде жастығына қарамай, бас болып кәсіп ашып, еңбек етіп жүрген еңбекқор жастар аз емес. Олар қиыншылыққа мойымай, үлкен жұмыстарды атқарып келеді. Жастарымыздың білімді де білікті, еңбексүйгіш, адал әрі жауапты болуы – еліміздің дамуы үшін қашанда маңызды. Сондай еңбексүйгіш жалынды жастың бірі – Бейбарыс Тұрсынбай.

21 жасар Бейбарыс – Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов университетінің студенті. Сондай-ақ оқуымен бірге бірнеше кәсіпті дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер. Оның қазір бірнеше автожуу орындары, автодетальдау орталықтары мен кофеханасы бар. Жалынды жас қазірдің өзінде 25-ке жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Менің кәсіпке деген қызығушылығым бала кезден бастау алды. Мектеп жасында Алматыдан қол сағаттар алдыртып саттым. Одан түскен пайдаға түрлі курстар оқып, сату жүйесін одан әрі түсіне бастадым. Жан-жақты білімнен соң алдыма үлкен мақсат қойдым. Мектеп бітірген соң Мұхтар Әуезов университетіне оқуға түстім. Қазір заңгер мамандығында оқып жүрмін. Студенттік өмірімді барынша пайдалы өткізу мақсатында 18 жасымда қаражат жинап, алғашқы үлкен кәсібімді ашуды ойластырдым. Ата-анама бұл жайлы айтқанда, еш қарсылық көрсеткен жоқ, керісінше қашанда тілекші екендерін айтты. Осылай алғашқы кәсібімді аштым. Автожуу орны кіріс әкеле бастаған соң келесі нүктесін ашуды жоспарладым. Ірі бизнеске деген қызығушылығым оянды. Күнделікті сабақтан бос уақытты жоспарлап, пайдасыз нәрселерден қашатын күйге жеттім. Ақырындап істеген әрекеттерімнің нәтижесінде қазір кәсібім бес нүктеге жетті, – дейді Бейбарыс.

Оқуы мен кәсіпкерлігінен тыс, бос уақытында ол тауға шығып, спортпен айналысқанды ұнатады. Өзі секілді жастарға қашанда тәуекелге барудан қорықпау керектігін айтады. «Тәуекел түбі желқайық, өтерсің де кетерсің, уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің» деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, қашанда кез келген нәрсеге кіріспес бұрын батылдық керек. Осылайша ойын білдірген кейіпкеріміз:

– Кәсіп ашу қаржыдан бұрын дұрыс стратегияны талап етеді. Қаржының көлемі ашылған кәсіптің саласына байланысты деп ойлаймын. Десе де, кәсіпті несие алып бастауға қарсымын. Себебі бастапқы ашқан кәсіп қашанда жемісті бола бермейді. Сондықтан салынған қаржы өзін ақтайды деп күтпеген жөн. Кәсіптің қай түрі болмасын базалық білімің болуы шарт. Бастаймын деген кәсібіңді алдын ала зерттеп, толық білгеннен кейін ғана қолға алған дұрыс. Одан бөлек, бастаймын деп жоспарлап жүрген кәсіпте кішкене болсын тәжірибе жинақтап, ішкі атмосферасынан хабардар болу маңызды. Оңай жерде нан жоқ екенін, ешқандай сиқырлы таяқша болмайтынын түсіну керек. «Алма піс, аузыма түс» демей, отырған орнынан тұрып, қиыншылығына төзгенде ғана кәсіп жемісін береді, – дейді.

Жас кәсіпкердің болашаққа құрған жоспары көп. Осы жылдың соңына қарай қазақы нақыштағы мейрамхана құрылысын бастамақ ниетте. Осылайша, еліміздің дамуына өз үлесін қосуды мақсат етіп отыр.

Қазір кәсіп ашқысы келетін жастар қатары көп. Дегенмен ісін жүйелі түрде жүргізіп, дамытып жатқандар бар. Аз уақытта кәсібін дөңгелеткен Бейбарыс солардың бірі.

Фариза Ахмет,

Шымкент қаласы

«JASTAR JANARY»