Жаңа оқу жылы алдында оқушы қыздардың мектепке хиджаб кию мәселесі көтеріліп, әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осы мәселеге қатысты Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жауап берді.
«Қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию (қыздараға орамал тарту) мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес. Осыған байланысты діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын», – деп жазды ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің «Фейсбук» парақшасында.
Ата заңға сәйкес, Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз – зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді.
Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан да мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе, діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын.