Шымкентте адам өміріне қауіпті энергетикалық сусын өндірілгені анықталды
Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкенттегі департаменті энергетикалық сусын шығаратын жасырын цехтың қызметін тоқтатты.
Жедел-іздестіру іс-шаралар барысында 21 мыңнан астам құты контрафактілік сусынның дайын өнімдері, тауар белгісі бар 54 мыңнан астам бос банка, энергетикалық сусынды құюға арналған жабдық, сия бүріккіш жапсырма, орау құрылғылары, қақпақтар, құрғақ қоспалар тәркіленді.
Келтірілген шығын көлемі 37 млн теңгеден асады.
Ұлттық сараптама орталығының микробиологиялық зерттеу хаттамасына сәйкес, тәркіленген сусынның құрамында рұқсат етілген мөлшерден екі есе жоғары зең мен ашытқы бар болып шықты. Бұл өнім адам денсаулығына, әсіресе жас ағзаға зиян келтіреді.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.