Ұлы Абай: «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген.
Кейбір құрдастарым айтады: «Ой, сенен бай адам жоқ! Шұлыққа тығып жатырсың бәрін», – деп. Олай емес. Төрт бөлмелі үйге жақында ғана кірдім.
«Қазақстанға еңбегі сіңген артист» атағын 1982 жылы алыппын. Оның өзінде Димаш Ахметұлының арқасында.
Біздің театрдан он бір-он екі адамның атаққа ұсынылған тізімі бармай ма о кісіге. Мұқият қарап отырған Димекең:
– Мынау кім? – дейді ғой тізімді апарған адамға.
– Бұл – Жаманқұлов Тұңғышбай. «Тамашаның» артисі.
– Ә-ә… Бұл әлгі ұзыны ғой. Ал қысқасы қайда?
– Қысқасы тізімге ілікпеді. Әлі жас. Стажы келмейді…
– Қой, олай болмайды, жігіттер. Бәрін қосыңдар, – деп тізімді қайтарып беріпті.
Сөйтіп алдым атақты.
Менің байлығым – бағаланған еңбегім. Сол – дәулет.
*****
Кей туыстарым: «Сен аха-ха, охо-хомен-ақ табыс тауып рахатқа батып жүрсің ғой», – дейді. Біздің еңбегімізді тым оңай, жеңіл көреді. Әйеліме: «Ой, саған күнде тамаша шығар. Құдайбергенің – жаныңда. Күлкіден езу жиғызбайтын», – дейді. Қайдағы!
Жалпы алғанда, ел қатарлы құбатөбел тірлік біздікі. Қатардан кем қалмауды ойлаймыз біз де…
Жаман әдет, тозық дәстүр өміршең, өлермен келеді. Кей қатарласымыздың санасында «Өнердің соңы менімен бітсін» деген ұғым бекіген. Ізімізді басқан кейінгі ұрпақ тазара ма, білмеймін. Көпшілігі мәңгүрт. Тіл білмейді. Әдет-ғұрыптан жұрдай…
Жасым елуге келіп қалды. Сонда да базбір ағаларым мені әлі бала санайды. Қолбала болып жүре беруім керек сияқты. Олардың тілегімен өмір сүрсем алпысқа келгенде «молодой специалист» болатын шығармын. Жетпісте «болашағынан үміт бар» атанармыз. Ал одан кейін барсың ба, жоқсың ба!..
Мәдениеті гүлденген бай мемлекетте тұрсаң сен де байсың. Ол үшін халықтың жан дүниесі де сұлулана түсуі керек. Біз сол үшін күресіп келеміз. Шынболат Ділдебаев: «Қазы-қарта жегеніңнен не пайда, бауырларың кылтамақ боп жатқанда» дейді. Сол айтқандай, қандастарың бұралып жүргенде сенің үріп ішіп, шайқап төгіп жатқаның жараспайды. Сондықтан елім бай болса екен дейміз біз…
Сыр иесі Құдайберген Сұлтанбай,
1995 жыл
(Жазып алған Құлтөлеу Мұқаш)