Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында 20 тамызға дейін жалғасатын «Kids EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесі ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңкені қала әкімдігінің қолдауымен «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ұйымдастырды.
Іс-шара алаңында бірнеше тақырыптағы бағыттар бар: балаларға арналған тауарлар (кеңсе тауарлары, кітаптар мен оқулықтар, мектеп формасы, киім, ойыншықтар, хоббилік керек-жарақтар, гаджеттер, спорт құрал-жабдықтары, жиһаз, сәбилер мен аналарға арналған тауарлар, витаминдер мен диеталық қоспалар), білім (мектептер, тәрбиешілер, курстар, жоғары оқу орындары, балалар мамандары, елшіліктер жанындағы шетелдік бағдарламалар), ойын-сауық (шығармашылық шеберлік сыныптары, ойын аймақтары, аниматорлар), қызметтер (күтушілер, тасымалдау).
«QazExpoCongress» ресми өкілі Гүлжан Сергибаева балалар тауарлары жәрмеңкесі EXPO көрме орталығының алаңында үш күн өтетінін айтты.
«Осы күндері мұнда жаңа оқу жылына дайындық аясында тауарлар сатылатын болады. Мұнда мектеп формасы, балалар киімі, кеңсе тауарлары, рюкзактар және басқа да мектепке қажетті керек-жарақтар бар. Өз өнімдерін 60-тан астам компания ұсынды, олардың ішінде баспагерлер, мектеп формасын, кеңсе, спорттық киім, сөмкелер шығаратын компаниялар. Өз тауарларын ұсынатын компаниялардың арасында қазақстандық өндірушілер бар. Көрменің бірінші күні әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қажетті мектеп керек-жарақтарын жинау бойынша 13 компанияның қатысуымен қайырымдылық акциясы өтті. Жаңа оқу жылының басына орайластырылған жәрмеңке екінші жыл өтіп жатыр. Бүгінгі оқушылардың ата-аналары бір орында мектепке қажет нәрсенің бәрін сатып алуы үшін», – деді Гүлжан Сергибаева.
Жәрмеңке қонақтары үшін балалардың шығармашылық студиялары мәдени-ойын-сауық бағдарламасы көрсетті, одан кейін спорттық жарыстар мен fashion балалар формасының көрсетілімі өтті.