Басты бет » Жаңалықтар » «Үш арыс» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

«Үш арыс» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Бүгін Астана қаласында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қаламгерлер аллеясындағы Алаш Орда көшбасшыларына арналған «Үш арыс» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Бұл рәсім Алаштың біртуар азаматтарына құрмет ретінде үнсіздік минутасымен жалғасын тапты. 

«Бүгінгі еске алу күнінде айтарымыз, қаншама ашаршылық құрбандары атанып, 1500 адам қайтыс болып, 600 адамымыз елден ауған. Қолымыз жеткен тәуелсіздігіміздің негізін қалаушы Алаш арыстарын еске алу күнінде бұл кісілерге бас иеміз. Бүгінгі біздің міндетіміз – сол кісілерді еске алып, мәңгі жадымызда сақтау. Марқұмдарымыздың жатқан жері жайлы, топырақтары торқа болсын! Алаш арыстарының жеткен арманы бүгінгі тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігіміз мәңгі болсын!» – деді Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Әлімбайұлы.

Сонымен қатар ескерткіш алдында тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсамет ұлт зиялыларын еске алып, жастардың бойына отаншылдық рух ұяталу мақсатында Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңінен үзінді оқыды.

Шара соңында Жазушылар одағының мүшелері Жұлдызай Ысқақ, Мақпал Мұса, Арман Шеризат Алаш арыстарына арнау өлеңдерін  оқыды.    

 

   Іңкәр АЛТАЕВА,

                                                                    Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің

2-курс студенті