Басты бет » Жастар үні » Ерікті болу – елге жанашыр болу

Ерікті болу – елге жанашыр болу

Ерікті дегеніміз – жалғыз өзі немесе топ құрып, жұмыс жасайтын жандар. Олардың негізгі айналысатын жұмыстары – мұқтаж жандарға дер кезінде көмек қолын созу, табиғаттың көркейіп өсуіне, еліміздің дамуына үлес қосу.

Волонтер дегенді ықылым заманда тегіннен тегін, айтқанға көнетін, айдауға жүретін адам деп ұққан. Ол қате пікір.

«Қоғамға мен қажетпін, қоғам маған қажет» деп әрекетіне ақша сұрамай қарекет қылатын жандардың бастауында Жан Анри Дюнан тұр. Ол 1859 жылы науқастарға тегін көмектесуге дайын жандарды жинап ұйым құрған, мұқтаж жандарға жәрдемдескен. Демек, волонтерлықтың іргетасы осы кезде қаланған. Ал бізде волонтерлық деген түсініктің көпке дейін түсініксіз болғаны да айдан анық. Бірақ осы іске ұқсайтын әрекет әуелден бар. Ол – асар. Ағайынның, туыстың, ауылдастың жалғыз қолы жетпейтін жұмыс болса жабылып келіп, тындырып тастайды. Ол үшін ешкім ақы сұрап, еңбегін даулап жатпайды. Үй салу, қора салу, арық қазу барлығы осы іс-әрекетке кіреді. Яғни, қазақта бұл түсінік ертеде қалыптасқан.

Волонтер болу ортамен тез тіл табысып, тәжірибе жинақтауға көмек береді. Бізде осы волонтер болған соң қоғамға кішкене болсын көмек көрсетіп, қаламыздың тазалығын сақтауға, университет жастарын жинақтаудамыз. Ондағы мақсатымыз – өзіміз тұрып жатқан қаламыздың тазалығын сақтап, жасыл желекке орануына бір кісідей атсалысу. Жұртқа жәрдем жасау, көпке көмектесу жас талғамайды. Волонтер тек жастардың жұмысы дегендер өте қатты қателеседі деуге толық негіз бар. Осының дәлелі – Мария Котер. Колифорния штатында тұратын 105 жасар әжей «әлемдегі ең егде волонтер» дейді білетіндер. Ол кісі өзімен қатарлас жандарға ас дайындап, күнделікті тамақтану режимін сақтауға көмектеседі. Волонтерлық бұл жастардың бойына азаматтық позицияны, патриоттық сезімді оятатын бірден бір бағыт. Волонтер болу арқылы қоғамға бейімделіп, өз отанына жанашырлық көрсетудің бір жолы.

Жақынына жәрдемдесу, жатқа болысуды айтсақ, Әйтеке бидің:

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,

Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін.

Егер бай болып, елге пайдаң тимесе,

Батыр болып, жауға найзаң тимесе,

Елден бөлек үйің күйсін» дегені бар.

Қазақта қағида осылай. Адам болып тұрып мұқтаж жанға көмек қолын созбасаң, адамнан сытылып кете алмайсың, дегеніңе жете алмайсың. Қазақта адамгершілікке арналған үш сауап бар дейді. Шөлге құдық қазған бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап. Бұл сауаптардың санатына елге көмектесу, яки волонтерлықты қосу заман талабы. Сондықтан әрбір азамат елге көмек көрсетсе артық етпейді.

Аружан Шардарбек,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің 2-курс студенті