Басты бет » Жаңалықтар » СУРЕТТІҢ СЫРЫ: МАҚПАЛМЕН КЕЗДЕСКЕНДЕ…

СУРЕТТІҢ СЫРЫ: МАҚПАЛМЕН КЕЗДЕСКЕНДЕ…

Өткенге бір сәт ойша оралу адамзат баласына ерекше сезім сыйлайтыны ақиқат. Ескі фотосуреттердің уақыт өте келе сонша құнды болуының мәні де осында жатқан секілді. Әр отбасында жылдар бойы жинақталған фотоальбомдар, уақыт сарғайтқан суреттер бар болар деп ойлаймын. Олар әрбір шаңырақтың шежіресі, тарихы, өткен күндердің жарқын елесі, қымбат дүниесі десек, қателеспейміз. Сондай сарғайған суретті теректілік «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің жетекшісі, өте талантты биші Жанар Тайшыбаеваның жеке архивінен көзім шалып қалды. Тінін тарқатсақ…

-Бұл сурет 1990 жылы түсірілген. Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,  қазақтың ерке қызы, сүйікті әншісі Мақпал Жүнісова  Казталов ауданына өнер сапарымен келгендегі сәт еді. Есімі елге мәшһүр әншіні туысқандарымыз қонақ қылып күтті. Сол туыстарымыздың күйеу баласы Мақпал Мұхамедиярқызымен қызметтес болып, бірге келді. Ол кезде 9-сыныпта оқимын. Мектеп жанынан құрылған ансамбльдің бишісі болып жүрген кезім. Мына суретте мені мойнымнан құшақтап алған Мақпал апай «Мен сияқты елге танымал жұлдыз бол!» деп батасын беріп, әңгімесін айтқаны әлі есімде. Мен енді Қазақстанға танымал жұлдыз болмағанмен, «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінде жұмыс істеймін, — деген Жанар Жеңісқызы осылайша суреттің сырымен бөлісті.

Бекзат өнер саналатын би көрерменге адамның ішкі жан дүниесі мен мінез-құлқын да дәлме-дәл жеткізетіні рас. Тіпті, тіл жеткізе алмайтын дүниелерді бимен айшықтауға болады, әсте.  Бір сөзбен айтқанда,  би – сезім мен нәзіктікті жеткізуші өнер.  Осынау саф өнерді серік еткен теректілік «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің жеткен жетістіктері һәм жетекшісі Жанар Тайшыбаеваның да еңбегі ерен екенін айта кеткен жөн.

Самал ЖАМЕТ,

Теректі ауданы