Басты бет » Бозбала мен бойжеткен » Мектеп президенті – Данияр

Мектеп президенті – Данияр

Егеменді еліміздің ертеңі – жастар. Бүгінгі таңда мемлекетімізде білімді, талапты және бәсекеге қабілетті жастар аз емес. Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы №1 Смирново орта мектебінің 11-сынып оқушысы Данияр Кудьяровты сондай талапты азамат деп айтуға болады.

Данияр – өзі оқитын білім ордасының президенті, Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің біздің өңіріміз бойынша өкілі, аталмыш мемлекеттік мекеменің республикалық кеңесінің мүшесі. Жастардың кешенді дамуы үшін арналған «Елбасы медалі» бағдарламасының қола медалінің иегері болуымен қоса, басқа да көптеген жетістіктерге қол жеткізген шәкірттердің бірі.

Әлі мектеп қабырғасында білім алып жүрген Данияр Русланұлының бойында көшбасшылық қасиеті жоғары. Оған қоса, арманы асқақ жеткіншектің саясат және халықаралық қатынастарды меңгеруге деген ынта-ықыласы да басым. Ол жастайынан президент болуды армандаған екен. Талабы таудай оқушының айтуынша, оның арманы жартылай орындалды деп санауға әбден болады. Себебі Данияр Кудьяров 8-сыныпта оқыған кезде өзі тәлім-тәрбие алатын мектептің президенті атанады. Сондай-ақ келешегінен зор үміт күттіретін шәкірттің басқа да жетістіктері айтарлықтай. Ол 16 жасында Аққайың аудандық Жастар мәслихатының депутаты болды. Сонымен қатар Данияр Русланұлы – мектептегі «Адал ұрпақ» клубының, «На равных» татуластыру қызметінің, облыстық «Лидер» белсенді оқушылар клубының, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі және оқу үздігі. Зерек шәкірт – «Болашаққа билет» облыстық байқауының, «Мамандықтар әлемін ашамыз» республикалық форумының өңірлік кезең жеңімпазы, «Зерде» республикалық зерттеу жобалары және шығармашылық жұмыстар байқауы облыстық кезеңінің қола мен «Қауіпсіз доңғалақ» жол қозғалысы жас инспекторлардың ел деңгейіндегі додасының күміс медаль иегері. Жасөспірімнің облыстық «Лидер» клубының мүшесі ретінде Ресей Федерациясының Қорған қаласында өткен халықаралық ұлтаралық мәдениеттер форумына да қатысқанын айта кету керек. Қазіргі кезде аталған форумда құрылған әлеуметтік жобалар елімізде және көршілес мемлекетте жүзеге асырылуда.

Данияр Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өңіріміз бойынша өкілі ретінде комитеттің балалар өкілдіктерінің басын біріктірген «Тәуелсіз елдің ұрпағы» республикалық слетіне, еліміздегі мектеп парламенті президенттерінің отырысына және басқа да осындай деңгейдегі шараларға қатысып, баяндама жасады.

Сонымен бірге ол омбудсмен ретінде Аққайың аудандық татуластыру қызметімен, аудандағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлармен, мәслихатпен, «AMANAT» партиясының филиалымен, ауылдық округтердің әкімдіктерімен, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясымен және еліміздегі ЮНИСЕФ өкілдігінің еріктілерімен бірлесіп, конференциялар, дөңгелек үстелдер, акциялар және өзге де түрлі шаралардың өтуіне белсене атсалысып келеді. Облысымыздағы жалпы орта білім беретін және мамандандырылған мектептердегі балалар құқығын қорғаушылардың жұмысын үйлестірумен айналысатын жас азаматтың айтуынша, аталмыш шаралар ауданда құқықбұзушылықтың азаюына, қиын өмірлік жағдайдағы балалардың тұрмыстық жағдайының жақсаруына зор ықпалын тигізді.

– Бізде мектеп оқушыларының өтініші бойынша жазғы уақытта жас толқынның демалысын тиімді өткізу үшін білім ордасы орналасқан ықшамауданда балаларға арналған ойын алаңдары және жаңа технология бойынша футбол алаңы салынды. Смирново ауылын көгалдандыру үшін еңбек бригадалары да құрылды. Сондай-ақ біз ерікті ретінде әлеуметтік қызмет көрсету орталығында көрсетілетін қызмет түрлерін алуға келетін адамдарға көмек көрсетеміз, – дейді Данияр Кудьяров.

Тағы да қоса кететін жайт, өзі әлі мектеп оқушысы болса да, үлкен жетістіктерді бағындырып үлгерген бозбала келер ұрпақтың мүдделері үшін мемлекеттік саясатты дамытуға арналған жобалар және шаралар жоспарларын құрастырумен де айналысады. Мұның барлығы еліміздегі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ұсынылады екен. Мысалы, қазір ол жоғары сынып оқушыларға кәсіби бағдар беру және мемлекеттік қызметтің беделін көтеру мақсатында жазғы демалыс кезінде мемлекеттік мекемелерде шәкірттерге арналған тағылымдамаларды өткізу жобасын әзірлеуде.

«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің де белсенді мүшесі Данияр Кудьяров Қазақстан халқы Ассамблеясы және бұл ұйымның тыныс-тіршілігіне өз үлесін қосуда. Өйткені бұл қоғамдық институт қызметінің арқасында біздің мемлекетімізде барлық ұлттар және ұлыстар тату-тәтті өмір сүруде. Ассамблея қоғамдық келісім және толеранттылықтың үлгісі ретінде бүкіл әлемнің назарын аударып отыр.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін шәкірт қоғамға өзінің пайдасын тигізудің өзін бір ғанибет деп есептейді. Бұл орайда келешекте ол жас ұрпақтың саяси сауаттылығын арттыруға, ауылдарда жастар саясатын дамытуға және елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға басты назар аударатынын да айтты. Мектеп бітіргеннен кейін Данияр саясаттану немесе халықаралық қатынастар мамандығын меңгеруді армандайды.

 Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы
Петропавл қаласы