АҚСАРБАС – тілеу тілеп, ақ ниетпен құдайыға сойылатын мал. Ерекше қуанғанда, қатты шошығанда немесе әлденеден тосын қатерге тап болғанда жаратқанның жебеуі үшін арнайы атап шалынады. Ерте заманнан келе жатқан бұл ғұрып табиғат құбылысына, тылсым күшке иланудан пайда болған. Ақсарбасқа түсі бірыңғай ақ не боз, басы сарғыш не қасқа мал аталады. Ақ түс қазақ сенімі бойынша пәктіктің, адалдықтың, әділдіктің нысаны.
Ақсарбас атау көкқасқа атау – көне заманғы наным—сенімге негізделген құрбандық шалу ғұрпы. Ақсарбас үш түрлі: бозқасқа, көкқасқа және қызылқасқа мал шалынатындығы туралы ауызекі және жазбаша деректерде айтылады. Мұндағы бозқасқа дегені қой, көкқасқа жылқы, қызылқасқа түс сиырға қатысты. Қазақтар аруақтарға арнап құрбандық шалып, құдайы бергенде өте сирек кездесетін ақ сары бас немесе боз қасқа түстісін союға айырықша мән береді. Өйткені, боз қасқа атау Тәңіріге тілекті тез жеткізеді-мыс. Боз, көк түстер қазақ халқы сыйынған тәңірінің, Көктің символына теңелетін қасиет түске саналады. Бұл жерде құрбандық шалудың қалыптасқан тәртібі байқалады: айталық, құрбандыққа шалынатын қойдың түсі ақ, басы мен мойыны сары болуын жақсы ырымға балайды. Әрі, мал жастау, яғни екі тісті, түсі ақ, тұла бойы түгел қардай аппақ, маңдайы ақжолақ болып келуін жақсылықтың нышанына балап, құрбандық қабыл болады деп ырымдайды (толығырақ қ. Ақ боз aт шалу). Адамның қауіп-қатерге ұшырағанда, ауырғанда, жаны қысылғанда Алла атымен «ақсарбас» деп үш рет айтуы керек. Аман қалған кісі осыдан кейін ел-жұртты шақырып, құдайы береді. Алыс сапарға кеткен адамның амандығы үшін арналған малды да метафоралық образбен ақсарбас атадым дейді. Осындайда «А, Құдай оң жолыңа баста, пәледен сақта, жолыңа ақсарбас айттым!» деп Тәңірге тәу етеді. Халықтың дәстүрлі нанымында адамның жолына айтылған ақсарбас ол ауылдан ұзақта, жырақта, қауіп-қатердің шебінде жүрген кезде «айтылған иесіне тілекші болып, оның амандық-саулығын тілеп жүреді». Жаңа босанған әйелге ақсарбас қой сойып, ақтілеу айтып, қалжа жегізеді. Себебі аяғы ауыр кездегі тер шықпаса, ана мен баланы қырық түрлі қырсық шалады, қалжа жемеген әйелдің баласы ынжық болады деп ырымдайды. Қызға құда түсіп келіп, екі жақ келісімге келіп, «құдандалы» болғанда, қыздың әкесі құдаларына батасын оқытып, ақ қой сойған. Қазақта «ақ қойдың қаны, ақ бата оқығаны» деген сөз осыны меңзейді. Күйеу жігіт тарапы жаңатүскен келіннің «өлі-тірісіне» ақтоқты апарады. Оның мағынасы дәстүрлі наным-сенімдегі өркендеу идеясынан бастау алады. Қазақтарда қойдың ақ сары басын құрбандыққа шалу – құдайы айтудың жақсылық, қуанышпен аяқталуын тілеу. Беделді адам қайтыс болғанда құрбандыққа қойдан ақсарбас шалынса, қатардағы құрбандыққа қоңыр тоқты мен қара шұнақ лақ сойылғаны белгілі.