Біз қазақ қыздарына қайран қаламыз әрі сүйсіне тамсанамыз! Сондықтан белгілі бір саладағы ең бірінші қызмет ете бастаған «тұңғыш әйелдер» тізімін жинадық. Сіздер де мақтанып, біле жүріңіздер!
Кәмшат Дөненбаева — тұңғыш тракторшы
Ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагері, тың игеруші, механизатор, алғашқы тракторшы қазақ әйел. 1975 жылы социалистік еңбек ері, 1976 жылы КСРО мемлекеттік сыйымен марапатталған.
Гүлсім Асфендиярова — тұңғыш дәрігер
Қазақ әйелдерінің ішінде жоғары білім алған тұңғыш дәрігер. Ташкент әйелдер гимназиясын, Санкт-Петербург әйелдер медицина институтын тәмамдаған.
Гүлфайрус Исмаилова — тұңғыш кәсіби суретші
1949 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1956 жылы Ленинградтағы Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірді. Қазақтың опера және балет театрында бас суретші болған. Брусиловскийдің «Ер Тарғын», Великановтың «Қамар сұлу», Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектакліне және “Қыз Жібек” фильміне декорация және костюмдер эскизін жасаған.
Мадина Бегалиева — тұңғыш инженер-металлург
«Техника ғылымдарының кандидаты» деген ғылыми шені болған. Балқаш мыс зауытын жобалауға қатысып, құрылыс алаңында алғашқы күндерден бастап жұмыс істеген. Ол патриархал тәртіпке қарсы күресіп, қазақ қыздарының құқығын қорғаған.
Күләш Бәйсейітова – тұңғыш опера әншісі
КСРО мемлекеттік сыйлығынң лауреаты атанған. Ол туралы естеліктердің бірінде:«Сахнаға шығуды жаны сүйетіні соншалық – егер өз рөлі бітіп қолы сәл босай қалса, көпшілік ішіне ілесіп сахнаға шығуға өзі сұранатын…»
Хиуаз Доспанова – тұңғыш әрі жалғыз ұшқыш
Фашистер Хиуаз бен жанындағы құрбыларын «Түнгі перілер» деп атаған. Осы «перілер» кенеттен әуеден пайда болады-ау деп тіпті ұйықтауға да қорқатын болған делінеді.
Аққағаз Досжанова – тұңғыш журналист
«Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Равенство женщин» журналында жұмыс істеп, «Айқап», «Қазақ», «Знамя единства», «Алаш» газеттерінде мақала жазған. Онда жастар тәрбиесі, мәдениет, қазақ әйелдерінің өмірі сынды тақырыптар көтерген. Әйелдер қозғалысында белсенділік танытқан.
Балжан Бөлтірікова – тұңғыш дипломат
БҰҰ Бас ассамблеясында XXI және XXV сессияларына Кеңес одағынан ресми делегацияны бастап барған қазақтан шыққан тұңғыш әйел сыртқы істер министрі. Ол туралы АҚШ-тың білікті саясаткері Киссинджир «Еркек дипломаттарды қалай да алдауға болады, бірақ әйел дипломаттардан қулығыңды асыру мүмкін емес. Дипломаттия білектіні бүгетін өнер», – деген.
Хұснижамал Нұралыханова – тұңғыш мұғалім
Қазандағы оқуын бітіре сала, Ордадағы әйелдер училищесінде дәріс бере бастайды. Қазақ қыздарына арнап мектеп те ашқан. Ол туралы естелікте: «Ол бізге жазу мен оқуды ғана үйретіп қойған жоқ, жұрттың алдында өзімізді қалай ұстауды, жүріп-тұруды, бой күтуді ерінбей-жалықпай үйрететін. Ән салуға, еуропаша би билеуге баулитын».
Фейсбуктан
«Тіл кеспек жоқ» арнасы