Басты бет » Жастар үні » Ертай НҮСІПЖАНОВ: ТАНЫМАЛ БОЛУҒА ЕМЕС, ПАЙДАЛЫ БОЛУҒА НИЕТ ҚОЙ…

Ертай НҮСІПЖАНОВ: ТАНЫМАЛ БОЛУҒА ЕМЕС, ПАЙДАЛЫ БОЛУҒА НИЕТ ҚОЙ…

Қоғамның шындығын шырақ алып іздейтін, сөздің салмағын сезіне сөйлейтін журналистің еңбегі – ел айнасы. Осы мақсаттан айнымай, журналистиканың жауапкершілігін биік қоятын қалам иелерінің бірі  – белгілі журналист Ертай Нүсіпжанов. Ол үшін журналист болу – жай мамандық емес, ар мен адалдықты ту еткен өмірлік ұстаным.

Осы орайда адалдықтың ақ туын нық ұстаған журналист Ертай Нүсіпжановпен болған шағын сұхбатты ұсынамыз.

– Аға, «рухани аш» адамды қалай «тойдыруға» болады?

– Меніңше, асқа ашыққан тамақ іздейді. Ал рухани аш адам руханиятпен сусындайды. Екі жағдайда да шын ізденген адам үшін «ашаршылық заманында» отырған жоқпыз…

– Бүгінгі қоғам шындықты естуге дайын ба, әлде өтірікті әдемі етіп тыңдағанды жөн көріп жүре бере ме?

– Шындықты естуге бәріміз құмармыз. Ал айтуға дәрменсізбіз. Себебі шындықты өзінің ішкі тазалығы бар адам ғана батыл айтады…

– Ақпарат көп, алайда ақыл аз, білім бар, даналық жоқ. Мұның түбі немен бітер екен?

– Қажетсіз, қоқыс ақпараттың астында қалдық. Бір құрып, қайта бас көтерерміз. Онсыз болмайын деп тұр ғой…

– Қазір көп адам танымал болуға ұмтылады, бірақ пайдалы болуға емес. Неге?

– Танымалдылық мүдделіктен емес, айналаның құрметі мен бағасынан болса игі еді. Негізі, танымал болуға емес, пайдалы болуға ниет қойса, ол әрі қалап тұрған болса онсыз да-ақ танымал болар еді. Жалпы, танымалдылыққа ұмтылу ақылдының ісі емес деп ойлаймын.

– Бала Ертай есейген Ертайдың жетістігіне қуана қарап тұр. Кішкентай балақайға не айтасыз?

– Қуанып қарап тұрған болсам, тек шүкірлік айтамын.

– Сатқындық адамды күйретуі, ал кейде оятатын күшке де айналуы мүмкін. Сіз сатқындықты қандай қырынан қабылдайсыз? Жүрекке түскен жара әлде сабақ?

– Сақ жүрген сатқындықтың үлкен құрбанына айналмаса керек. Өз басым ештеңеге таңғқалмаймын. Өйткені осы жасыма дейін өмір талай дүниені көрсеткен.

– «Өмір сахнасында бәрі рөл ойнайды» дейді. Сіз қандай кейіпкер болуды қалар едіңіз?

– Бір ғана образды сомдайтын кейіпкер болып қалғым келеді.

– Аяқтан шалу қалыпты нәрсеге айналған қоғамда әділдік бар деп айтуға бола ма?

– Адал, таза адамды әділдік қашанда алдынан қарсы алады. Біз тек кейде әділдік пен әділетсіздікті парықтай алмай қиналып жатамыз…

– Жауабыңызға рақмет! Есен жүргейсіз Ертай аға!

Әңгімелескен Самал ЖАМЕТ,

Орал қаласы