Түркияда жер сілкінісінен 205 сағат өткен соң үйінді астынан әйел құтқарылды.
Түркияның Кахраманмараш провинциясында жойқын жер сілкінісінен кейін 205 сағат өткен соң үйінді астынан бір әйел құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Anadolu-ға сілтеме жасап.
35 жастағы Айшегүл Байыр Оникшубат аймағында құлаған ғимараттың қирандыларының астынан шығарылды. Оған жету үшін құтқарушылар ұзындығы бес метрлік тоннель қазуға мәжбүр болған.
Аман қалған әйелге дереу медициналық көмек көрсетілді. Зембілмен жедел жәрдем көлігіне, содан кейін шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Түрік жандармериясының (JAK) қызметкері Әли Каспак құтқарушылардың «қиранды астынан соңғы тірі адам шығарылғанша күресуге дайын» екенін баса айтты.