Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ, тарихшы, этнолог
Бүгін — католиктердің әулиесі Валентин күні.
Бұл – біздің салт-санамызға, дәстүрімізге, ділімізге, дінімізге, санамызға жат мереке.
Өкініштісі, осы Валентин күнін тойлап жүргендер баршылық.
Есімізді жиғанша бұл шеттің қаңсығы жастар арасына кеңінен тарап кетті. Оған ешкім шектеу де қоймады.
Махаббат деген бір күнмен өлшенер сезім емес.
Ұлы Абай: «Махаббат тілі – тілсіз тіл. Көзбен көр де, ішпен біл», — дейді.
Егер Әулие Валентинді мадақтау күнінен құтылайық, махаббат мерекесі болсын десек, оны көктемде тойланған дұрыс. Махаббаттың өзі көктемге ұқсас ғой.
Жаңа сезімнің бүр жаруы. Сезім екі жасты өзгертеді. Меніңше, махаббат көктем мерекесі наурызға тән қасиет.
Халқымыздың ұлы мерекесі – Ұлыстың Ұлы күнінің алдында салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызға бет бұрып, әдет-ғұрыптарымызды насихаттайтын бағдарламалар жасап, іс-шаралар өткізейік. «Бастаңғы», «Селтеткiзер», «Ұйқыашар» салттарын жаңғыртайық.
Көпшілігіміз оны неге жаңғыртамыз, ескінің көзі деп жүрміз де, өзіміз сол шеттен келген, оларда қалыптасқан нәрсеге ұмтыламыз?
Сол Валентин мерекесі шетелде ғасырлар бойы тойланып келеді. Олардың мерекесі ескірмейді, жақсы да, өзіміздікі ескірген, жаман ба?
Әр ұлттық өзінің бірегейлігі, ерекшелігі болады, сонысымен ол ұлт болып қалыптасады, сол ерекшелігіміз бізді басқа ұлттардан өзгеше етіп тұрады.
Ендеше, неліктен біз өзіміздікінен безіп, өзгеге құмармыз?
****
P.S. Біздер, тәуелсіздігі мен ой еркіндігі үшін күрескен талай жігіттер мен қыздардың ұрпағымыз ғой. Ата-бабаларымыз ешқандай Валентин күнісіз-ақ танысып, отау құрып, бала тәрбиелеген. Ендігі күні жастарға, соның ішінде қазақ жастарына ғашықтар күні керек деп шулауымыз масқара ғой! Ешқандай «Валентин күні», ешқандай махаббат күні керек емес, осы пайдасыз еліктеушілік әдетті тасталық!
«Орта түзер ойыңды, ойың түзер бойыңды» деп дана Абай бекер айтпаса керек. Ертеңгі күннің болашағын қалыптастыруды өзіңізден бастаңыз.