Басты бет » Жаңалықтар » 8 мыңға жуық қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды

8 мыңға жуық қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды

2022 жылы 8 мыңға жуық қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып, мемлекеттік қолдау шараларын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 

 

Коллаж: Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

2022 жылы «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын (бұдан әрі – Ұлттық жоба) іске асыру шеңберінде Қазақстанның еңбек тапшылығы бар өңірлерінен 7 923 адам өз еркімен қоныс аударды, оның ішінде 1 320 қандас және 6 603 қоныс аударушы бар. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.

Ұлттық жоба шеңберінде қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:

1) көшуге арналған субсидия – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде;

2) отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;

3) қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;

4) жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу.

Өткен жылы қоныс аударғандардың ішінде 3 652 адам еңбекке жарамды, олардың 2 811-і тұрақты жұмысқа орналастырылған. Біржолғы субсидиялар 7 622 қатысушыға төленді, ал 5 633 азаматқа тұрғын үй шығыстары субсидияланады.

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір жұмыскер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

Еңбек тапшылығы бар өңірлерге қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланған қазақстандықтар олардың өміріндегі оң өзгерістерді атап өтті. Солардың бірі Нұрболат Мәдиев. Ол Қызылордан Қостанай облысына көшті.

«2019 жылы мен болашақ әйеліммен бірге Әулиекөл ауданына көшіп келдім. Қазір аудандық ауруханада массажист болып жұмыс істеймін. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастым. Мен барлық қолдау шараларын алдым, барлығына ризамын, Мұндай бағдарламалар көп болса жақсы болар еді», — дейді қоныс аударушы.

Нұрболат Мәдиев жұбайымен осында көшіп келгеннен кейін үйленді. Оның жұбайы аудандық ауруханаға гинеколог болып жұмысқа орналасты. Жас отбасы қазір екінші сәбиді күтуде.

«Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасы 8 652 адамды құрайды, оның 1,9 мыңы қандастар үшін, ал 6,7 мыңы – қоныс аударушылар үшін көзделген. Қазіргі уақытта Министрлік 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдады, ол іске асыру үшін жұмыс орындары құрылатын және қолданыстағы бизнес-жобалар кеңейтілетін солтүстік және орталық өңірлерге ішкі қоныс аудару тетігін қайта қарайды.

Бұдан басқа, тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтарға жаңа тұрғылықты жері бойынша 4 млн теңгеге дейінгі мөлшерде тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Іске асырылып жатқан шаралар халықты қоныстандырудың өңірішілік диспропорциясы проблемаларын шешуші рөлін атқарады», – деп атап өтті ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының м.а. Ілияс Испанов.