Басты бет » Жаңалықтар » Ұлттық тағамдарды жарнамалау керек

Ұлттық тағамдарды жарнамалау керек

Марат Тоқашбаев,

Раушан Каршалова, қаламгер-журналист

 – Қоғам кері кетті, дәстүрімізді орынды пайдаланбаймыз, дінімізді түсінбейміз деп дабыл қағамыз да жатамыз. Бірақ біз өзіміз соның алдын алу үшін не істеп жүрміз, не істей алар едік деген сұраққа келгенде бірден сіздердің жазып, айтып жүрген жанайқайларыңыз, ұсыныс-ойларыңыз еске түседі. Бүгінгі күні салт-дәстүріміздің дәріптелетін, көрініс табатын жері – ұлттық мерекелеріміз бен тойларымыз екені белгілі. Міржақып Дулатұлы: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп» деген мәтелді жаза келе: «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін Ораза, Құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз…», – депті. Әңгімемізді жыл басы – «Наурыз мерекесін қалай тойласақ болады?» деген сұрақтан бастағанды жөн санап отырмын. Бұрын осылай болған деген тарихын айтып жүрміз, әлі де айта береміз. Наурызды көрмелер алаңы емес, заманымызға сай, халыққа ұнамды, жастарымызға тартымды мереке етіп неге тойламасқа?

Марат Тоқашбаев:

– Наурыз мерекесін бүгінгі қазақ халқын құрайтын байырғы ру мен тайпалар бес мың жылға жуық уақыт бойы тойлап келеді. Әз-Наурыз қатал қыс пен жадыраған жаздың, қараңғылық пен жарықтың, ізгілік пен зұлымдықтың ара-жігі тәрізді. Алты ай қыстан шаршаған қалың жұрт ұлыстың ұлы күнінен соң, шуақты күндер көбейіп, жайдары жаздың жақындайтынын сезеді. Наурыз – күн мен түннің көктемгі теңесуі болғандықтан адамдарға игі де ізгі әсер етеді. Наурыз мерекесінен кейін атамекеніне оралған құстар легі молаяды. Қылтиған көк шөп бой көрсете бастайды. Адамдардың наурызда бір-біріне «Қосылған жасың, көбейген басың құтты болсын!» деп жататыны бар. Табиғат түлеп, жаңарып, құстар мен аңдар да жұбын тауып, жарасымдылыққа кенеліп жатады. Ел арасында көп айтылатын сөздің бірі: «Бұлақ көрсең, көзін аш». Бұл жаңа өмірге аяқ басуды білдіреді. Мұның бәрі табиғаттағы өзгеріс, табиғаттағы жаңару. Табиғаттың басты перзенті адамға да тікелей қатысты. Яғни, жаңарған табиғатпен бірге адам да жаңаруы тиіс. Наурызда жасына жас қосылды, бір жасқа есейді, адамдық көзқарасы нығайды. Жаңа киім киді. Жаңа киімменен көңілі өсті. Замандастарымен, құрдастарымен әзіл-қалжың айтысып, өмірдің рахатына кенелді. Алайда ең үлкен жаңару – адамның ішкі жан-дүниесінің жаңаруы. Ішкі жан-дүниесі жаңармай, сыртына жылтыраған тәуір киім кигенмен, наурыздық жаңарудан ол адамға еш әсердің болмағаны. Жастар жақсы киімдерменен бой түзесе, наурыз кезінде ізгі істерімен ой түзеуге тиіс. Біз көбіне наурыздың сыртқы формасына мән береміз де, оның адам болмысының ішкі өзгерістеріне ықпалын еске ала бермейміз. Сондықтан Наурыз мерекесінің жастар арасында мазмұнды таралуының кілті жастардың жан-дүниесін жетілдіруге тікелей байланысты.

Өмір – ізденіс, өмір – алға қарай ұмтылу. Наурыз мерекесі адамдардың жасын бір саты жоғары көтеру арқылы олардың рухани жан-дүниесінің де келесі сатыға биіктеуін қалайды. Наурыз мерекесіне қатысты күллі шаралар осы кілт тұрғысынан ұйымдастырылуы керек.

 

Раушан Каршалова:

– Қазақ халқымен қоса, шығыс халықтарының жаңа жылы болып есептелінетін мерекемізбен араға ондаған жылдар салып қайта қауыштық. Ол қазақ топырағында ХХ ғасырда соңғы рет 1926 жылы тойланыпты. «Ескіліктің қалдығы», «діни мереке» деген тәрізді желеулермен отаршылдық кеңестік жүйе оны атап өтеуге тыйым салған. 1988 жылы арада 62 жыл өткен соң Мұхтар Шаханов, Уәлихан Қалижан сияқты ұлт зиялыларының қолдауымен өмірімізге қайта оралды.

Наурыз – шын мәнінде, халықтық сипаттағы мереке. 1988-1989 жылдары жүргізілген дайындықтарға байланысты бір ай кеш, сәуір айында тойланғаны есте. Одан кейінгі жылдарда ежелгі мерзіміне, күн мен түннің теңескен нақты датасы 22 наурызға тураланды. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң, Наурыз мемлекеттік мереке болып белгіленді, қай-қайсысымыз да асыға күтетін ұлттық мерекемізге айналды. Ескеретін жайт, Наурыз мерекесін әлі күнге мұсылманшылық мерекесі деп есептейтіндер бар, бұл қате ұғым. Наурыз мерекесі мұсылманшылықтан әлдеқайда ерте пайда болған. Оның шамамен 5 мың жылдық тарихы бар.

Кеңестік дәуірде ұмыт болған дәстүрлеріміз әсіресе осы Наурыз мерекесінде қайта жаңғырып, бүгінде ұлттық рухани құндылықтарымызды толықтыра түсті. Мәселен, биыл, 2017 жылы Наурыз мерекесінде батырлық-палуандық дәстүрлер жаңғыртылып жатты. Петропавл қаласындағы әскери институттың 4-курс курсанты Нұрсұлтан Құлжабай 40 келі тартатын семіз қойды 1610 рет көтеріп, жеңімпаз атанды. Бұл көрініске көпшілік таң-тамаша болып, ризашылық сезімге бөленді. Бұл дәстүр биылғы жылы Қазақстанның көптеген қалаларында көрініс берді.

Әр күнгі ісімізге қанағаттанып, ізденіс болмаса, тоқырау болары анық. Сондықтан, ұлттық мерекелерімізді мағыналы да мәнді етіп жаңаша өткізуге ұмтылып отырғанымыз жарасады. Наурыз мерекесіне мемлекет тарапынан да ерекше көңіл бөлінгені жөн. Мәселен, христиандық Жаңа жыл қарсаңында өткізілетін іс-шаралар осы ұлттық Жаңа жылымызда орын алса игі болар еді. Мәселен, түрлі сала мамандарына берілетін мемлекеттік гранттар, мемлекеттік сыйлықтар беріп, мұндай бәйгелер дәстүрлі түрде жүргізіліп отыратын болса, ұлттық әдет-ғұрпымыз да, өнеріміз де жандана түсер еді. Теледидардан берілетін концерттерге әртістер тек ұлттық киіммен шықса, көңілге қуаныш ұялатпай ма?! Христиандық Жаңа жылда жүргізушілердің жанында шырша тұрады. Бұл осы мерекенің символына айналғалы қашан?.. Ал Наурыздың символына гүлденген өрік бұтағын неге пайдаланбасқа? Оңтүстікте бұл кезде шынымен де өрік гүлдеп жатады. Тал егу де – наурызда орындалатын шарттардың бірі емес пе?! Христиандық Жаңа жылға дайындық қарашаның ортасынан басталып, жарнамасы жарты әлемге жар салып тұрады. Сол сияқты Наурызға да дайындықты ерте бастан бастап, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта түсуіміз қажет. Наурыз мерекесі ұлттық мұрамызға оралудың, оны жаңғыртудың бірден-бір кілті болуға тиіс.

– Наурызды бір ай тойлауға қалай қарайсыздар? Менімше, қазір жылдам хабар алу мүмкіндігіміз бар технологиялар заманында Наурызды бір күнде нақты тойлап, бір апта демалыс жариялап, алыс-жақындағы туыстармен қауышу аптасын өткізген дұрыс сияқты.

Марат Тоқашбаев:

– Наурызды мерекелеуге байланысты алуан пікір айтылады. Алайда Наурыз мерекесін бір ай бойы тойлау – қисынсыз. «Арсыздың айты – алты күн» демекші, ресми аталып өтетін Наурыз мерекесін бір айға созудың еш қажеті жоқ. Ол өзінің кірген күнінде аталып өткені дұрыс. Ал Наурыз мерекесіндегі халықтық серуенді ауа райының жағдайына байланысты кешірек, басқа мерзімге ауыстыру – бұл жергілікті билік орындарының еркінде қалуға тиіс. Яғни, мерекенің өзі бар да, мерекені атап өту бар. Ауа райының жағдайы икемді болатын жерлерде Наурыз мерекесі сол күнінде аталып өткені жарасады. Ал Наурыз мерекесі күні ақтүтек боран ұйытқуы ықтимал өңірлерде Наурыз мерекесінің серуендік салтанатын басқа уақытқа көшіруге болады.

 

Раушан Каршалова:

– Иә, Мәкеңнің пікірі қолдауға тұрарлық. Бұған қосарым, еліміздің батыс өңірлерінде 14 наурызда адамдар көрісетін дәстүр бар. Осыны ескеріп, халықтың қыстан шыққан ағайын-туысымен қауышатындай жағдай жасалса. Бала-шағасымен араласып, дәмнен ауыз тигізіп, мәре-сәре болғанға не жетсін!

– Наурыз мейрамында отбасында тек ұлттық тағамдар дайындалатын үрдіс пайда болса, ұлттық тағамдарымызды күнделікті тамақ мәзіріне алып келуіне септігін тигізер еді…

 

Марат Тоқашбаев:

– Наурыз мерекесіндегі мәзірдің бас тағамы – наурыз көже. Наурыз көжесіз Наурыз мерекесі өтпейді. Жеті қат көк пен жеті қат жердің астын біріктіретін жер бетінде өмір сүретін адамзат баласы жеті түрлі дәмнен Наурыз көже әзірлейтін болған. Наурыз көже қазақта жылына бір-ақ рет жасалынады. Наурыз көже ішуге шақырған шаңырақта басқадай тағамдар әзірлеу міндетті емес. Наурыз көже болса жетіп жатыр. Алайда үйге аса сыйлы қонақтар шақырылатын жағдайда ет асылып, қуырдақ дайындалып, басқадай ас мәзірлері жасалынып жатады. Наурыз көжемен бірге басқа да тағам түрлерін жасауға тыйым салынбайды. Бұл – әркімнің, әр шаңырақтың қалауы.

 

Раушан Каршалова:

– Дәл осы күні кез келген қазақ отбасында ғана емес, қазақтармен етене араласып жүрген басқа ұлт өкілдерінің отбасында да наурыз көже, бауырсақ, қазы-қарта пісіріліп, мәре-сәре болып жатады. Бұл – өте сүйінішті.

Қазақы еттен басқа, наурыз көже де көпшілікке танымал тағамға айналды. Оны шығыс халықтарынан басқа, осы елдерді мекен еткен славян халқының өкілдері де жақсы біледі. Сүйсіне қабыл алады. Наурыз мерекесінде шынымен де «ақ түйенің қарны жарылған күн» демекші, қай шаңырақтың дастарханы болсын жайнап тұрады. Көрген көз қуанып, дәмнен ауыз тимей-ақ тойып шығасың. Қазақтың ұлттық тағамдарының көптігіне әрі олардың құнарлылығына риза болмасқа шараң болмайды. Құрт, май, жент, ірімшік, қазі-қарта, жал-жая, т.б. Бұл тағамдар адам ағзасына өте пайдалы әрі сақталу мерзімі де жұмыс барысындағы жандарға өте тиімді. Ұлттық тағамдарымыздың қадіріне жету үшін оған насихат көп болуы керек. Теледидардан, мерзімді басылымдардан, тіптен көшедегі жарнама тақтасынан ұлттық тағамдарымызды жарнамалау өте маңызды. Мәселен, кімге де болсын зиянды әрі калориясы төмен фаст-фуд өнімдері немесе пиццаны шамадан тыс жарнамалаудың салдарынан көпшілік осы тағамдарға бет бұрып, жасөспірімдер артық салмақ қосып, денсаулықтарына залал келтіруде. Одан да қазақтың табада пісірілетін ет пен пияз қосқан таба нанын, қазы, жаядан, тілден жасалынған «қазақша бутерброд» жасап, соны неге жарнамаламасқа?!.. Қазақтың тағамы сан түрлі. Тек Наурыз күнгі мерекеде ғана емес, күнделікті тиімді насихаттың арқасында ұлттық тағамдарымызды сұраныстық деңгейге жеткізуімізге болады.

– Қалай ойлайсыз, қазақ тойының кешегісі мен бүгінгісінің арасында айырмашылықтар бар ма?  

 

Марат Тоқашбаев:

– Неге болмасын, әрине бар. Қазақ тойының эволюциясы менің көз алдымда өтті. Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдарында қыз ұзату тойы мүлде дерлік болмайтын. Өйткені, соғыстың сансыратқан қиындықтарынан халық әзер ес жиып жатқан. Келін түсіру тойлары бәлендей сән-салтанатсыз, жақын туыстардың қатысуымен жазда жайлауда киіз үйінде немесе тұрған мекенінде (тоқал там) күндіз өткізілетін. Үй иесі бір қойын сойып, еркектер жағына, әйелдер жағына бөлек-бөлек табақ тартатын. Кейде түске дейін еркектер, түстен кейін әйелдер шақырылатын. Аяқ-табақ, қасық дегендер көрші-қолаңнан жиналатын. Ерлі-зайыптылардың тойда қатар отыруы көбіне тойға колхоз басшыларының, мұғалімдердің шақырылуымен көрініс бере бастады. Тост айту сирек ұшырасатын. Оның өзін көбіне майданнан оралған, алғы шепте жүз грамның дәмін татқан ағалар «социализмнің жеңісі үшін» деп ішудің сылтауына айналдырып сөйлейтін.

Кешке үйленген жастардың құрбы-құрдастары жиналып, «вешір» жасап, өздерінше думандататын. Той дастарханында тандыр нан, таба нан, бауырсақ, құрт, бор кәмпит, қарындағы май, кейде жент болушы еді.

Біртіндеп осы «вешірлер» қазіргі қазақ тойының негізін қалады. Үлкендерге бір, жастарға бір шашылмау үшін жұрт екі жиынды біріктіріп кешке өткізетін болды. Үй іші ыстық болатындықтан, аулаға үстел тізіліп, ауа райының күтпеген өзгерістерінен қорғану үшін палаткі құрып жасайтын. Үстелдердің төр жағына құдалар, үлкен ақсақалдар, төмен жағына жастар отырғызылатын. Домбыра, гармонь, мандолина тартатын жігіттер той көрігін қыздыратын. Тойдың «кереметтігі» оған алынған арақ-шараптың мөлшерімен өлшенетін кез де бастан өтті. Қазақстанның әр тарапынан келіп, облыс орталықтарында, Алматыда оқу бітірген қыздар мен жігіттер жатақхана бөлмесінде немесе жалдап тұрған пәтерлерінде «вешір» жасап қуаныштарын бөлісіп жататын. Халықтың тұрмыстық жағдайы тәуірленіп, еңсе көтере бастаған тұста тойды мектеп асханасында, кафеде, кейін тіпті мейрамханаларда өткізетін болды. Ансамбльдер пайда болды. Дәл осытұста қазақ тойы екіге бөлінді. Келін түскен бойда өткізілетін дәстүрлі той (беташар тойы) мен үлкен той бөлек-бөлек өткізілетін болды. Келін түсірілген беташар тойға әдетте қыздың ере келген бірнеше айдан соң өтетін үлкен тойға қыздың ата-анасы, яғни құдалар жағы шақырылатын болды. Дәл осы жерде келін түскен бойда айтылатын беташар рәсімі беташар тойдан үлкен тойға сахналық көрініс ретінде көшірілді. Бір келінге түскен кезінде бір рет, үлкен тойда екінші рет беташар айтатын қате рәсім етек жайды. Бұл табиғатында дұрыс емес. Түскен кезінде бір рет беташар айтылса, екінші рет беташар айтудың қажеті жоқ. Мұндай ағаттықтарға көбіне беташар айтып, қосымша пайда табуды ойлаған асабалар себеп болатын. Оның үстіне, асабалық өзінше бір мамандыққа айналды.

Әрі таңданарлық жағдай, өмірлік тәжірибесінде бірнеше той ғана жүргізіп үлгерген жігіт өзін ұлттық әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің асқан білгірі санап кетеді. Ешкімге құлақ аспайды, өзінше бір «дәстүрлер» ойлап табуға бейім тұрады. Дұрысында, асабаларға дәстүр «ойлап табудың» қажеті жоқ, бар салт-дәстүрімізді орынмен, ретімен, уақытына қарай ыңғайлап пайдалана білгені орынды. Ең бастысы, олар дәстүрлеріміздің қырағы сақшысы болуы керек.

Біртіндеп мың адамдық, екі мың адамдық тойханалар салынып жатты. Той индустриясы біртіндеп осылай қанат жая бастады.