Басты бет » Жаңалықтар » TikTok интерфейсі қазақ тіліне аударылды

TikTok интерфейсі қазақ тіліне аударылды

Жақында “TikTok” компаниясы әлеуметтік желідегі қосымшасының қазақ тіліне аударылғаны туралы ақпаратымен бөлісті. Бұл шынында да қуанышты жаңалық деп жазды әлеуметтік желіде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Қазіргі уақытта елімізде қазақ тілді қолданушылар санының өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Танымал қосымшаның мемлекеттік тілге көшуі қолданушылар үшін ыңғайлы болып қана қоймай, ана тіліміздің әлемдік деңгейде сұранысқа ие екенін мойындатып отыр.
– Өткен жылы Digital Bridge форумы аясында “TikTok” компаниясының басшылығымен кездесіп, екі жақты ынтымақтастық мәселесін талқылаған болатынбыз. Осының негізінде Astana Hub пен TikTok арасында арнайы Меморандум бекітіліп, оның нәтижесінде қазақстандық стартаптар үшін эксклюзивті білім беру бағдарламасы — TikTok StartUp Academy жобасы іске қосылды. Жоба аясында қазақстандық стартаптар үшін оқыту курстары өткізіліп жатыр, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
****
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де осы жаңалықты жазды.

«Достар, қуанышты хабар!
TikTok интерфейсі қазақ тіліне аударылды.

Android және iOS құрылғыларына арналған қосымшаның кейінгі жаңартылуында қазақ тілін таңдау опциясы пайда болды. Миллиардтаған қолданушысы бар әлемдегі ең танымал платформаның қазақшалануы жаңа мүмкіндіктерге жол ашары анық.

Жалпы біздің елде TikTok қолданушылары арасында қазақ тіліндегі контентке сұраныс артып отыр. Мәселен, мәдени және тарихи құндылықтарды, мәдениетаралық диалогты насихаттауда «Ел бірлігі» ТikTok house жобасының мәні мен маңызы зор болды.
Сондықтан өткен жолы TikTok компаниясының вице-президенті Тео Бэртрам мырзамен кездесуде TikTok интерфейсіне қазақ тілін енгізу және қазақша контентті бірлесе дамыту мәселелері жөнінде пікірлесіп, уағдаласқан едік.
Таяуда елімізде TikTok компаниясының қазақстандық офисі ашылғаны да белгілі. Мұның бәрі осы платформаның еліміздегі белсенді қолданушыларына игі әсерін тигізері сөзсіз.
Біз өз тарапымыздан қазақ тілді контенттерді дамытуға, жаңа сапаға көтеруге байланысты жұмыстарды жалғастыра береміз», – деп жазды Дархан Қыдырәлі.