Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Орталық Азия елдері театрларының VІІІ Халықаралық фестивалінде «БАС ЖҮЛДЕ» мен «ЕҢ ҮЗДІК ӘЙЕЛ АДАМ БЕЙНЕСІ» марапаттарына ие болып, ТҮРКИЯДАҒЫ театр фестивалінен де олжалы оралды.
Қазақтың ұлы жазушысы Мухтар Әуезовтың 125 жылдығына орай 1-7 караша аралығында Орталық Азия, түркітілдес мемлекеттер мен Қазақстанның кәсіби театр ұжымдары қатысатын VIII Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі болып өтті. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет Комитеті құрылтайшысы болған аталмыш фестиваль жоғары деңгейінде атап өтілді.
Ауқымды додада Қырғызстан, Татарстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан мемлекеттері мен Қазақстанның бірқатар театрлары бой көрсетті. Оның ішінде Қырғыз мемлекеттік «Учур» Жастар театры, Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық драма театры, Т.Минуллин атындағы Татар драма театры, Өзбекстан Мемлекеттік драма театры, Әзірбайжан Мемлекеттік «Йуг» және М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры, Ақмола Облыстық орыс драма театры, Қ.Қожамьяров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық музыкалық комедия театрлары өзара бақ сынасты. Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Әзірбайжан Мемлекеттік Мәдениет және Өнер университетнің профессоры Исрафил Исрафилов, Өзбекстандық профессор Диляфруз Қадырова, Ресей мемлекеттік сахна өнері институтының орыс театры кафедрасының профессоры Марина Дмитревская және Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері Мухамадулло Таваров қатысушы театрлардың сахналаған спектакльдеріне қазылық етті.
Бүтіндей жеті күнге созылған бұл ауқымды Халықаралық театр фестивалінің нәтижесі қарашаның 7-ші жұлдызының кешінде анықталды. Азияның түкпір-түкпірінен келген кіл мықтылар қатысқан бұл фестивальде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Е.Нұрсұлтан режиссерлік еткен «Шағала» спектаклімен БАС ЖҮЛДЕ марапатына және театрдың әртісі Гүлбахрам Байбосынова Нина Заречная рөлі үшін «ЕҢ ҮЗДІК ӘЙЕЛ АДАМ БЕЙНЕСІ» номинациясына ие болды.
«Шағала» — әлемге әйгілі Антон Чеховтың ең үздік туындыларының бірі. Театр сахнасында шығармаға сәйкес әр кейіпкердің арасындағы романтикалық және көркем қақтығыстарды бейнелейді. Пенде болған соң біреуі қара басын ойласа, біреуі махаббаттпан басы айналып әлек. Кейіпкерлердің әрқайсысының өзіне ғана тән трагедиясы мен мұң-мұқтажы кімді де болмасын бей жай қалдырмағаны анық…
Сонымен бірге, қараша айының 12-17 жұлдызында Түркия мемлекеті, Бурса қаласында өткен XXVI Халықаралық балалар мен жасөспірімдер театрларының фестивалінде қазақ классикасы «Қарагөз» (реж.: Ф.Молдағали) спектаклімен бақ сынады. Тағы бір басты жаңалықтарымыздың бірі, 2023 жылы мамыр айында Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласында өтетін А.Чехов атындағы Халықаралық театр фестиваліне репертуардағы «Құлагер» (реж.:Ф.Молдағали) спектаклі шақырту алды. Әлем театрлары өнер көрсететін бұл фестивальде Ғ.Мүсірепов театрымен қатар Аргентина, Чили, Бразилия, ЮАР, Индия, Қытай, Қырғызстан, Россия, Белоруссия, Вьетнам елдері де бақ сынасады. Еліміздегі және шетелдік театр фестивальдерінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өнер көрсетіп жүрген театрдың жеңісті күндері көп болғай!
Театрдың баспасөз бөлімі