Асхат Маемиров,
театр режиссері,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
«Qanattylar» инклюзивті театрының (басшысы – А.Исқақов) 2-ші маусымы 7-8 қараша күндері белгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанованың «Қызжылаған» драмасымен (режиссері — А.Максим) ашылды.
Семей полигонының зардабы мен қасіретіне арналған тақырыпты өнер тілімен өрнектеп, озбыр заман жара салған оқиғаның тереңіне бойлатып, адам тағдырын паш еткен драматургиялық туындының бірі, әрі бірегейі — Роза Мұқанова қаламынан шыққан «Мәңгілік бала бейне» драмасын ең алғашқы рет жаңашыл режиссер Б.Атабаев 1996 жылы М.Әуезов театрында сахналаған еді.
Р.Мұқанованың дәл бұл туындысын осы жолы «Qanattylar» инклюзивті театрында режиссер А.Максимнің сахналауына негіз болған бірнеше көркемдік аспектілер бар.
Біріншіден, бірнеше жылдар бойы жерасты ядролық қаруын жарып, сынақ алаңына айналған Семей полигонының зардабы мен қасіреті, яғни табиғат экологиясы әлі де өзектілігін жойған жоқ. Екіншіден, драмаға арқау еткен біз өмір сүріп отырған қоғамдағы адамдардың «рухани болмысы», «жан экологиясы» — пьесаның негізгі өзегіне айналған.
Қойылымда айта кетерлік басты ерекшеліктердің бірі — әлемдік театр және кино кеңістігінде Ләйла секілді кейіпкерлерді, тура сондай әлеуметтік статусы бойынша ерекше жанның сомдап шығуы сирек кездесетін құбылыс.
Ләйланың бейнесін сомдаған және көрермен бір ауыздан қойылымның басты табысы деп бағалаған Мәлика Мұхтарова – туғаннан-ақ арбаға таңылған, параолимпиадалық спортта арбада отырып билеуден Әлем Чемпионы, Азия Чемпионы, он шақты дүркін республика чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Ләйла бейнесіндегі М.Мұхтарова, Қатша роліндегі Г.Шаймағанбетовамен бірге әлемде «ерекше жандар» деп аталатын өмір мен өнерге деген іңкәрлігі шексіз, тағдырдың басқа салған қиындығын жеңе білген жиырмадан астам адам ерекше артистермен бірге, А.Ахметқалиева бастаған кәнігі сахна шеберлері бір сағат бойы көрермен алдында сахнада шынайы өмір сүрді.
Көрермен бір сағат бойы сахнадағы ерекше жандармен бірге тебіренді, мұңайды, қуанды, өксіді, өмір сүрді. Спектакльге ерекше реңк берген – жас композитор Әбілмансұр Қанатұлы Құдайбергеннің музыкасы болды. Әбілмансұрдың музыкасы Ләйланың жан тебіренісін ерекше жеткізді.
Қойылым тобы көрерменге тағзым еткеннен соң. Семейден премьераға арнайы келген Ләйланың протипі Еңлік сахнаға шықты.
1989 жылы көрнекті ақын, қоғам қайраткері О.Сүлейменов құрған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының фото-көрмесінде жазушы Роза Мұқанова – Еңліктің фотосуретін көреді. Еңліктің бала бейнесі жазушының санасына сілкініс жасап, санаулы күнде қазіргі таңда қазақ әдебиетінің классикалық көркем туындысына айналған «Қызжылаған» әңгімесін жазып шығады.
Жазушы Роза Мұқанованың суреткерлік әлемі арқылы Еңлік – көркем бейне Ләйлаға айналып, нәтижесінде театр өнерінде «Мәңгілік бала бейне» драмасы, ал кино әлемінде «Ләйланың мінәжаты» фильмі халықаралық кеңістікті аралады. Саң мыңдаған көрермен мен оқырмандардың жүрегі мен санасына жол тапты.
Спектакльдің премьерасына келген Еңлік сахнаға шықты. Жанарында жас. Жүрегі алқынып, көкірегіне өксік тығыла көрерменге Ләйланың жанында тұрып өзекжарды тілегін айтты.
«Полигон кесірінен жарымжан болып қалған жандардың суреттері қойылған фотокөрмеден алғаш рет Еңліктің суретін көрдім. Бала бейнеде өспей қалған жасөспірім періште қыздың суреті маған үлкен әңгіме жаздырды. Ол спектакльге айналды, ол кинофильмге айналды, ол қуыршақ театрында ойналды. Егер Тәуелсіздік болмағанда бұндай жабық тақырыптарды мен жаза алмаған болар едім. Тәуелсіздіктің арқасында ашық жазып, жұртқа жеткізе алдық. Тәуелсіздігіміз мәңгі, ғұмырлы болсын. Мен өзім Еңлікті бүгін бірінші рет өмірде көріп тұрмын, айналайын ғұмыр жасың ұзақ болсын, періше қыз!» — деді Роза Мұқанова.
Қойылымды тамашалаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі шығармашылық топқа шынайы алғысын жеткізді. «Тебіреніске толы керемет қойылымды көрдік. Біз қасіретімізді қасиетімізбен жеңген халықпыз. Осындай керемет шығарма үшін Роза апайға алғыс айтамын. Осы туындыны орындаған «Қанаттылар» инклюзивті театрының өнерпаздарына ризашылығымды білдіремін. Біз сіздермен мақтанамыз, сіздердің шын мәнінде қанаттарыңыз бар. Осындай тазалықтарыңызбен, шынайы өнерлеріңізбен қалықтай беріңіздер», — деді министр.
Басшысы — Арнұр Исқақов, көркемдік жетекшісі – А.Максим «Qanattylar» инклюзивті театрының труппасына шығармашылық табыстар тілейміз!
«Қызжылаған» қойылымының ғұмыры ұзақ болсын!