Басты бет » Жаңалықтар » Әлем кубогінде еліміздің шорттрекшілері күміс еншіледі

Әлем кубогінде еліміздің шорттрекшілері күміс еншіледі

 Шорт-тректен Канаданың Монреаль қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде шорттрекшілеріміз биік тұғырдан көрінді. 

Еліміздің ерлер құрамасы 5 мың метрге эстафеталық жарыста күміс жүлдеге ие болды. Құрама сапында Абзал Әжіғалиев, Нұртілек Қажығали, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша өнер көрсететін Қазақстан құрамасы финалда Италия, Канада және Оңтүстік Корея командаларымен сынға түсті.

Жарыс нәтижесінде оңтүстіккореялықтар чемпион атағын иеленді. Ал қазақстандықтар екінші, канадалық топ үшінші орынға қол жеткізді. Пенальти алған италиялықтар жарыстан шеттетілді.

Жекелей сында Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта медаль үшін таласуға мүмкіндік беретін А финалына өте алмады. Ол В финалында екінші орынға ие болды. Ал Денис Никиша жартылай финалда пенальти алып, жарыс жолынан шығып қалды.

Бұл туралы еліміздің белді шорттрекшісі Абзал Әжіғалиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырып, қуанышымен бөлісті.

«Осы маусымдағы алғашқы әлемдік жарыста күміс жүлдеге қол жеткіздік. Бұл медальді бес жыл бойы аңсап, ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Нұрберген Жұмағазиевпен бірге ерлер эстафетасына ерекше мән берген едік, бүгін сол еңбегіміз ақталды. @zhumagaziyev.kz командаға шетелдік бапкерлер бере алмаған тәжірибені беріп, шығара алмаған нәтижелерін аз уақыттың ішінде, ең алғашқы халықаралық жарыста көрсетті. Қазақтың балаларын осылай тәрбиелеп өсірген, бізді шыңдаған Мадығали ағайға алғысымыз шексіз. Өз спортымызда мықтылар бар екенін тағы дәлелдедік. Бапкерлер құрамына, командаластарыма, бізді қолдап, жанкүйер болған барлық жандарға және Ұлттық федерацияға @qaz.iceteam алғысымды білдіремін», – деп жазды Абзал.